Жаңалықтар

Танымал испан жазушысы Қазақстанға келеді

Астанада бестселлер «Pasión India» кітабының авторымен кездесу өтеді
Танымал испан жазушысы Қазақстанға келеді
Фото: ruh.kz 12.12.2022 15:41 2034

14 желтоқсан күні Астана қаласында Қазақстан мен Испания арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толуына орай, танымал испан жазушысының қатысуымен әдеби кеш өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Хавьер Моро – бестселлерге айналған «Pasión India» кітабының авторы. Бұл туынды 22 тілге аударылып, әлем оқырмандары арасында үлкен сұранысқа ие болған. Қаламгер отыздан аса еңбек жазып, әдебиет саласында «Premio Planeta», «Christopher Award» сияқты жүлделерді иеленген.

Испания – Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және онымен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған Еуропадағы алғашқы елдердің бірі. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне испан халқының көзқарасы ерекше. Оған дәлел ретінде қазақ әдебиетін, қазақ поэзиясын испан жұртшылығына танытқан белгілі жазушы Хусто Хорхе Падронды атап өтуге болады. Хусто Хорхе қазақ ақындары хақында жазған мақалаларында қазақ поэзиясы туралы ой қозғауы,  әдебиетімізді испан жұртына жеткізуі екі ел арасында әдеби байланысты қалыптастырды. Қазақ әдебиеті жаңа қатынастар мен көзқарастарға жол ашып, 2015 жылы Хусто Хорхенің «Тозақ шеңберлері» («Los circculos del infirno») атты кітабы ақын Танакөз Толқынқызының аудармасымен испан және қазақ тілдерінде басылып шықты. Ал 2017 жылы «Қазақ ақындарының антологиясы» атты көлемді еңбек алғаш рет испан тіліне аударылып, кітаптың тұсаукесері Мадрид қаласында өтті.

Сонымен қатар әдеби кездесуде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы ның төрағасы Дәулеткерей Кәпұлының «Балбал зары» (ис. «El llanto del balbal») атты испан тіліне аударылған кітабының тұсаукесері өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға