Жаңалықтар

Танымал әнші Нұржамал Үсенбаева жас көрінудің құпиясымен бөлісті

Опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаевамен сұхбат
Танымал әнші Нұржамал Үсенбаева жас көрінудің құпиясымен бөлісті
Фото: Нұржамал Үсенбаеваның жеке мұрағатынан 20.02.2023 20:00 4471

Нұржамал Үсенбаева Қазақстанның халық әртісі әрі опера әншісі. Ол шырқаған әндерінің барлығын халық сүйіп тыңдайды. Бүгін біз сол әсем дауыс иесі, көптеген халықаралық байқаудың лауреаты Нұржамал Пернебекқызымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Нұржамал ханым, сіз үшін музыка, ән деген не?

– Музыка – менің өмірім. Мен үшін бұл өмірде музыкадан асқан құндылық жоқ. Себебі ол жүректің үнін жеткізіп қана қоймай, ғажайыпқа толы сезімдерді бастан кешіруге мүмкіндік береді. Адамның жанына жылулық сыйлап, көңіліне тыныштық ұялатады. Сондықтан да ән айту арқылы мұндай ерекше сезімді тыңдармандарыма жеткізгім келеді.

Опера және балет театрынан кеткеніңізге де біраз уақыт өтті. Сахнада өнер көрсетіп, қойылымға қатысқан сәттеріңізді сағынатын боларсыз.

– Әрине, опера және балет театрында 35 жыл жүріп, түрлі қойылымда кейіпкерлерді сомдап шыққаннан кейін кейде сағыныш сезімі оянып жататын кездер де болады. Өйткені мен үшін сахнада ойнаған әрбір рөлім ыстық әрі қымбат еді. Десе де мен театрдан кеткеніммен сахнадан кеткен жоқпын. Қазіргі таңда елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда әнші ретінде қызмет етіп жүрмін. Әрі қарай да тыңдармандардың сүйікті әндерін шырқап, көңілін табамын деген ойдамын.

- Ән қоржыныңызда қай композитордың әндері басым?

- Мен отандық та, шетелдік де композиторлардың әндерін айтып жүремін. Ең бастысы ол ән жүрегіме қонып, тыңдарманды баурап алатын ән болу керек. Мәселен, шетелдік авторлардың ішінде Волфганг Моцарт, Франц Шуберт, Сергей Рахманинов, Петр Чайковский сынды белгілі композиторлардың шығармаларын орындаймын. Ал қазақстандық композиторлар Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Еркеғали Рахмадиев, Төлеген Мұхамеджанов сынды қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалар мәңгі өшпейтін туындылар жазған. Менің ән қоржынымда осы композиторлардың барлығының әндері бар.

- Осылардың ішінде жаныңызға жақын, әрі ең жиі орындайтын әніңіз бар ма?

- Мен Арыс қаласында туып-өстім. Кішкентай кезімнен анаммен бірге Шәмші ағамыздың «Арыс жағасында» әнін бірге айтып, радио, телеарналардан шырқала қалса сүйсініп тыңдаушы едім. Сондықтан мен үшін бұл әннің орны ерекше. Әрбір өткізген кештерімде «Арыс жағасында» әнін міндетті түрде орындап шығамын. Бұл әнді шырқаудан мен де, тыңдарман да жалыққан емес. Себебі бұл өміршең, халықтың жүрегіне жақын әндердің бірі.

- Әншінің басты байлығы оның дауысы ғой. Сіз дауысыңызды қаншалықты жиі жаттықтырып тұрасыз?

- Дұрыс айтасыз, әншіге оның дауысы аса қымбат. Сондықтан да оған арнайы түрлі жаттығу жасап тұрамын. Себебі әншілік кәсіби деңгейіңді сақтау үшін ерінбей, күнделікті жұмыс істеу керек. Өнер саласы әрдайым осындай үлкен еңбекті талап етеді. Әлгі «Бір пайыз талант, тоқсан тағыз пайыз еңбек» деген тәмсіл өте дұрыс айтылған. Кез келген салада жетістікке жету үшін ерінбей еңбектену керек. Әншілік те дәл сондай. Үнемі жаттығу жасап, нағыз бабыңда жүруің керек.

- Егер опера әншісі болмағыныңызда қандай саланың маманы болар едіңіз?

- Музыка менің өмірім болса, өнер менің тағдырым деп білемін. Қандай жағдай болса да мен бәрібір өнер саласын алысқа кетпес едім. Себебі әншілік тек менің кәсібім ғана емес, сүйікті ісім. Музыкамен кішкентай кезімнен айналысып келемін. Ата-анам да, бауырларым да өнер саласына өте жақын. Сондықтан да мен әншіліктен алыстап кете алмайтын едім.

- Отбасым да өнер саласынан алыс емес деп қалдыңыз. Ата-анаңыз, отбасыңыз  жайлы айтып беріңізші.

- Өзім көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Әкем тарихшы кісі. Орта мектептің директоры ретінде шәкірт тәрбиелеп, ағартушылық жолында 40 жылдай қызмет еткен. Анам кітапханада жұмыс істеген. Анамның дауысы өте әдемі болған. Менің бойымдағы әншілік өнер анамнан берілсе керек.

Үйде 8 ағайындымыз. Бала кезден бері ата-анамыз бізді жан-жақты қылып өсірді. Музыка курсына, поэзия оқу сабақтарына қатысатын едік. Ата-анамыз бізді солай өнерге жақын қылып тәрбиеледі.

- Өмір жолыңыз да сәтті болып, Төлеген Мұхамеджановтай қазақтың біртуар перзентіне жар болдыңыз. Ол кісінің бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

- Мен Төлегеннің талантынан бөлек, жеке басының өзін өте жоғары бағалаймын. Ол кісі – талантты композитор, елімізге белгілі мәдениет және қоғам қайраткері. Оның бойындағы нағыз ер азаматқа тән көптеген қасиеттер бар. Екеуміз де өнер иесі болғандықтан, бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Кез келген сәтте Төлегенге сенім білдіріп, арқа сүйей аламын. Менің елдің алдында әдемі жүруімнің, шығармашылықпен еркін айналысуымның барлығы да Төлегеннің арқасы. Сол үшін де жолдасыма деген алғысым шексіз!

- Балаларыңыздың арасында сіздердің жолды қуып өнер саласында жүргендері бар ма?

Қызымыз Қарлығаш Мұхамеджанова бүгінде елімізге актриса болып танылып жүр. Ол кішкентай кезінен өнерге өте жақын болды. Бірнеше отандық киноларға да түсіп үлгерді. Жақында ғана Тайландқа түсірілімге барып келді. Алдағы уақытта қызымыз түскен фильм жарық көретін болады. 

- Көптеген өнер иесі сахнаға шығар алдында қобалжу сезімі болатынын айтады. Сіздің де бойыңызда сондай сезім бола ма?

- Мен сахнаға шықпас бұрын әбден тыңғылықты дайындалып аламын. Өз-өзіме сенімді болған сәтте ғана қобалжымай өнер көрсетемін. Әнімді жатқа білгеннен кейін сахнаның атмосферасын сезініп, тек сол музыканы ойлаумен боламын. Сахнаға шыққаннан кейін тыңдармандардың қолдауы, қошеметі маған күш-қуат береді.

Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Өз басым кез келген адамның бойындағы қарапайымдылық қасиетін аса жоғары бағалаймын. Қандай биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетсең де бастапқы қалпыңнан таймауың керек. Үнемі өзгелерге сыйластық танытып, қолыңнан келгенше көмек көрсете білуің қажет деп есептеймін.

Ал екінші бір ұстанымым – таңдаған кәсібіңе адал болып, мойныңа артылған жауапкершілікті сезініп, талмай еңбектену. Өйткені еңбексіз қалағаныңа қол жеткізу мүмкін емес. 

- Қазіргі таңда жастардың опера өнеріне деген қызығушылығы қандай? Сізден дәріс алғысы келетіндер де бар шығар?

- Бүгінде жастардың өнер саласына деген құштарлығы өте жоғары. Әсіресе опера туралы біліп, ән айтуға қызығушылық танытатын жастар баршылық. Оның үстіне қазіргідей дамыған заманда білім аламын, ән шырқауды үйренемін дейтін талантты жастарға мүмкіндік өте көп. Мен әрдайым кеңес сұраған жастарға бар білгеніммен бөлісіп, ақылымды айтып, қолдау білдіріп жүремін.

- Ән айтудан бөлек, бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз?

- Бос уақытымда табиғатты тамашалап, далада серуендеген ұнайды. Үйде болсам, кітап оқып, отбасыммен бірге фильм қараймын. Ал жаз мезгілінде теңізге барып жүзгенді жақсы көремін.

- Алға қойған жоспарларыңыз, жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз...

- Жалпы өнер адамы арман, жоспар, мақсатсыз жүрмейді ғой. Алдағы уақытта туған күнімде өзімнің жеке концертімді өткізсем бе деген ойым бар. Оған Ресей, Татарстан, Чехия, Өзбекстан, Еуропа сынды түрлі мемлекеттен әріптестерім жиналып, өнер көрсететін болады. Қазіргі таңда сол концертке дайындық үстіндеміз. Жыл сайын туған күнімді сахнада тыңдармандарыммен бірге қарсы алуды әдетке айналдырып келемін.

- Сұлулықтың символы кім десе, ойланбастан сізді көрсеткен болар едім. Жас көрінудің құпиясы неде?

- Ілтипат білдіргеніңізге рахмет! Менің ойымша, сүйікті отбасы, өзі жақсы көретін жұмысы бар адам – ең бақытты адам. Себебі жан дүниесі тыныштық тауып, өзіне, өміріне көңілі толған адамның сыртқы бейнесі де жарқырап тұрады. Сондықтан жас көрінудің құпиясы бақытта дер едім. Барша адамға бақыт тілеймін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға