Жаңалықтар

Тамара Дүйсенова Қарағандыдағы білім және медицина қызметкерлерімен кездесті

Тамара Дүйсенова Қарағандыдағы білім және медицина қызметкерлерімен кездесті
Фото: primeminister.kz 09.11.2024 21:47 379

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Президент қойған міндеттер аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге кеңестер өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-премьердің назарына «Шаңырақ» бөбекжайында ата-аналарға балаларын дамыту және тәрбиелеуге көмектесетін «SabiDamu» платформасы ұсынылды. Оның негізгі міндеттері – ерте даму скринингі және өзін-өзі диагностикалау.

Біз жаңа платформа құрып жатырмыз. Бұл жоба балалары қандай да бір себептермен балабақшаларға бармайтын ата-аналарға арналған. Оларға баланы үйде қалай дамыту керектігі айтылады. Ата-аналар кез-келген проблеманы анықтау үшін тест тапсырады. Оларды түзетуге логопедтер, дефектологтар, психологтар көмектеседі, — деді «Өрлеу» компаниясының басшысы Фарида Ақшолақова. 

Платформада қазақ және орыс тілдерінде баланы дамытуға арналған мультфильмдер, түрлі тапсырма бар. Мектепке дайындық процесі онлайн форматта автоматтандырылады.

Жекеменшік және мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің басшыларымен өткен кеңесте ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба таныстырылды. Оның басты қағидасы – ақша баламен қоса еріп жүреді. Бұл инновациялық жүйе қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ балабақшалар арасындағы бәсекелестікті ынталандыруға бағытталған. Пилоттық жобаға қатысушы – Тараз қаласындағы №9 балабақша меңгерушісі Жанар Оспанова жүйені енгізу тәжірибесі туралы баяндады.

Ваучерлік әдісті енгізу мектепке дейінгі ұйымның қаржылық жағдайына әсер еткен жоқ. Керісінше, балабақшаға тағы 100-ден астам бала келді. Бұл әдіс бойынша ата-аналар балабақшаны өздері таңдайды. Осылайша, мекемелер арасындағы бәсекелестік пен жағдайды жақсартуға деген ынта арта түседі, – деп атап өтті Жанар Оспанова.

Кеңесте Тамара Дүйсенова білім беру жүйесіндегі сабақтастық мәселесін көтеріп,  балалар мектепке өткенде стреске ұшырамай, оқу үдерісіне тез бейімделуі үшін мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш сыныптардың білім беру бағдарламаларын біріздендіру қажеттігін атап өтті. Маңызды рөл атқаратын дүние — баланың жеке даму картасы, оны ерте жастан бастап жүргізіп, кейін бастауыш мектепке тапсыру қажет.

Мектеп директорларымен өткен жиында білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. «Қазақстан халқына» қоры мен білім беруді тұрақты дамыту қоры бірлесіп жүзеге асырып жатқан тірек мектептер жобасы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Қарағанды облысында 10 мектеп қамтылып, тағы бір білім мекемесін қосу жоспарлануда. Жобаның мақсаты – ауыл балаларына қаладағыдай білім алуға мүмкіндік жасау.

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде «Бесаспап» бизнес-инкубаторы пилоттық жобасы таныстырылды. Студенттер өндірістік оқыту шеберлерімен бірге халыққа қызметтің төрт түрін: сантехника, ағаш ұстасы, жиһаз жасау және электр қызметтерін көрсетеді. Ілкімді бастама «Жас маман» жобасын коммерциаландыруға ықпал етеді. 

Колледжде инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше мән беріледі. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін қолөнер орталығы құрылып, олар мұнда шеберліктерін шыңдай алады. Вице-премьер бұл бағыттағы жұмысты оң бағалады. 

Колледж директорларының қатысуымен өткен кеңесте еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беруді түрлендіру қажеттігі талқыланды. 

Тамара Дүйсенова облыста дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесінің қалай жүзеге асырылып жатқанын да тексерді. Аталған жүйе дәрінің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді, бұл контрафактілі өнімдер мен жеткізу тізбегіндегі  құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.

Вице-премьер Қарағанды фармацевтикалық кешенін аралап көрді. Бүгінгі күні мұнда 16 атаулы дәрілік зат өндіріледі. Кәсіпорын республикадағы пилоттық жобаға қатысқан. Дәрілердің таңбалануы мұнда екі жыл бойы тәжірибеден өтті. Заңды өндірушілер үшін бұл үлкен артықшылық, деп атап өтті «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон.

Тамара Дүйсенова сондай-ақ ірі дәріхана қоймаларын аралап,  емхана дәріханадағы жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрді.

Мемлекет басшысы білім беру мен медициналық көмек сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Қарағанды облысында аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жемісті. Біз тағы қай бағыттарда жұмыс істеу керектігін талқыладық. Денсаулық сақтау саласында телемедицинаны дамыту — маңызды бағыттардың бірі. Бұл тек Қарағанды облысында ғана емес, бүкіл ел бойынша дамитын болады, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға