Жаңалықтар

«TALQYLAU» сарапшылары: бір реттік жеті жылдық мерзім – демократияландырудың жаңа элементі

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бір реттік президенттік мерзім туралы бастама суперпрезиденттік модельден түпкілікті кету бойынша бұған дейінгі қадамдардың қисынды жалғасы екенін атап өтті
«TALQYLAU» сарапшылары: бір реттік жеті жылдық мерзім – демократияландырудың жаңа элементі
Фото: AMANAT 12.09.2022 21:21 795

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Сараптамалық талқылау тақырыбы: «Жолдау 2022: саяси реформалардың жалғасы», деп хабарлайды El.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бір реттік президенттік мерзім туралы бастама суперпрезиденттік модельден түпкілікті кету бойынша бұған дейінгі қадамдардың қисынды жалғасы екенін атап өтті.

«Президенттік өкілеттіктің мерзімін 7 жылда бір каденцияға дейін қысқарту Әділетті Қазақстанның саяси кепілі болады. Осынау батыл да бірегей қадам еліміздің алдағы уақыттағы саяси бағытына қатысты сұрақтардың жауабын табуға мүмкіндік береді. Конституцияға тиісті өзгерістерді кейінге қалдырмай, осы жылдың өзінде-ақ енгізу қажет деп санаймын», – деді Асхат Оралов.

Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Ерлан Саиров қоғамның Жолдауды белсенді талқылауы ұлттық тұтастықтың нығаюына ықпал етеді деп санайды. 

«Бұрынғы жүйені жою үшін президенттікті бір мерзімге шектеу қажет. Бүгінгі саяси реформалардың негізгі мәні – осы. Жеті жылдық мерзімге келетін болсақ, бұл ойға алған міндеттерді іске асыру үшін жеткілікті кезең. Сонымен қатар, биліктің монополиялануына жол бермейді. Барлық саланың дамуында тұрақтылық пайда болады», – деп атап өтті Ерлан Саиров.

Өз кезегінде, қоғам қайраткері Ғалым БайтоқПрезидент кезектен тыс сайлау жариялау арқылы батыл қадам жасап отырғанын атап өтті.

«Жеті жыл – қалыпты жұмыс мерзімі. Егер қазіргі Президент осы жылы бірден жеті жылдық мерзімге бет алатын болса, онда оның өкілеттігі қайткен күннің өзінде 2029 жылы аяқталады. Яғни, қазіргі нормаға сәйкес 2024 жылы сайлауға түссе де солай болар еді. Яғни, оның өкілеттік мерзімі іс жүзінде бір жылға да ұзармайды. Сонымен қатар, президенттердің өкілеттік мерзімі 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады», – деді ол.

«Президенттің орнықты әділ мемлекет құру жөніндегі нақты саяси мақсаты бар. Бұл мақсатреформаларды, соның ішінде танымалдылығы жоқреформаларды қажет етеді. Оны іске асыру үшін мандат пен уақыт қажет. 7 жылдық мерзім – белгіленген реформаларды жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім деп есептеймін», – деп атап өтті саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Данат Жұмин.

«TALQYLAU» отырысында Мәжілістегі «AMANAT»фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева Жолдаудағы елдің экономикалық дамуына қатысты аспектілерге назар аударды.

«Кез келген өзгерістің негізі – мықты экономика. Жолдауда ауқымды әлеуметтік-экономикалық блок ұсынылды. Бұл – реформалардың жаңа толқыны емес, бұған дейін белгіленген бағыттың қисынды жалғасы. Мемлекеттің экономикадағы рөлін азайту, оны монополиясыздандыру, ресурстарды әділ бөлу қадамдары алдағы уақытта елеулі экономикалық ілгерілеулер туралы айтуға мүмкіндік береді. Әділ қоғамның іргесі қаланады», – деп атап өтті депутат.

Өз кезегінде, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов сот-құқық саласын реформалауға қатысты өз ойын білдірді.

«Судья тек сот төрелігімен айналысуы керек. Ол кадр мәселесіне араласпауы тиіс. Араласатын болса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері пайда болады. Президент революциялық шешім ұсынды. Енді Жоғары Сот Кеңесі іріктеумен, оқытумен, аттестаттаумен және тағы басқамен айналысады.Ал судьялар өз жұмысын істейді. Тиісінше, оларатқаратын жұмыстың тиімділігі артады», – деді ол.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсының» президенті Бану Нұрғазиеваның пікірінше, осы күнгі өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік басқару жүйесін қайта жүктеу.

«Біз тек түсіндіріп қана қоймай, бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамдық мониторинг үдерістеріне өзіміз де араласып, қоғамды дажұмылдыруымыз керек. Жап-жақсы реформаны қолға алуға болады. Бірақ оны жүзеге асыру барысы ерекше назар аударуды қажет етеді», – деді Бану Нұрғазиева.

«TALQYLAU» алаңның модераторы «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, танымалтележүргізуші Мақсат Толықбай болды.

Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөніде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға