Жаңалықтар

Талғардағы Шерзаттың өліміне «Хутор бандиттерінің» қатысы бар ма?

Талғардағы Шерзаттың өліміне «Хутор бандиттерінің» қатысы бар ма?
Фото: Әлеуметтік желі 11.10.2024 12:21 5287

Қазан айы басталғалы Алматы облысына қарасты Талғар қаласы тұрғындарының тынышы бұзылды. Бір топ жігіттің қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың өлімі барша қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Әлеуметтік желіде жасөспірімнің қылмыс әлеміне қатысы бар бұзақылармен байланысқаны туралы қауесет желдей есті. Полиция өкілдері аталған дерекке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 

Оқиға қалай басталды

4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы жасөспірім қаза тапты. Оның есімі – Шерзат Болат. Шерзат ата-анасына дүкендегі жұмыстарға көмектесіп жүрген. Сол сәтте белгісіз ер адам дүкенге баса көктеп кіріп, сыра алып, оның ақысын төлемей кеткен. Кейіннен дүкенде жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Сыра алған адам өз «достарын» шақырып, 13 адамнан құралған топ қолдарына қару мен пышақ алып, 16 жастағы Шерзатты аяусыз тепкілеп, ұрып-соққан. Салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.

Қылмыстың артында кім тұр?

Қанды оқиға болған күннен бастап Талғар тұрғындары балалары үшін қатты алаңдап отыр. Қаланың жергілікті тұрғындары Талғарда бұрыннан криминалды оқиғалар жиі болатынын және мұның артында «Хутор бандиттері» атты қылмыстық топтың тұрғанын айтады. Әлеуметтік желідегі жазбаларға қылмыстық  топ қала тұрғындарының зәресін ұшырып, бұған дейін де жантүршігерлік қылмыстың болғанын жазып жатыр. Желі қолданушылары 16 жастағы жігітті жауыздықпен өлтіргендердің суреттерін жариялап, олардың бұрын да істі болғаны мәлім болды. Тағы бір дерек, бұрын істі болғандар үнемі жазадан құтылып кетіп отырған.

«Хутор бандиттері»

Талғар қаласын «ұстап» отырған «Хутор бандиттері» қылмыстық тобын үш адамның басқаратыны туралы деректер айтылады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар – Хасан, Аслан және Ержан Қасымбаевтар. Алғашқысының аты-жөні жиі аталғанына қарамастан ғаламторда Хасан Қасымбаев туралы мардымды дерек жоқ. Ал Ержан Қасымбаевтың түрмеде отырғаны белгілі болды. Оның кеден қызметкерін өлтіргені сотта дәлелденген. Қылмыс болғаннан кейін араға 5 жыл уақыт салып, 14 жылға сотталған. Еске салаық, 2012 жылы 7 маусымға қараған түні Алматы кедендік бақылау департаментінің қызметкері Медет Жамашев жауыздықпен өлтірілді. Белгісіз біреулер оның үйін аңдып жүріп, басын темір арматурамен ұрған. Қала прокуратурасының басшысы Виктор Тихонов істі қолға алғанша, бес жыл бойы қылмыс дерегі ашылмаған. 2017 жылдың жазында ол бес күдіктінің ізіне түсті: төртеуін бірден ұстады, ал біреуін халықаралық іздеуге берді.

Ал аты аталған үшінші адам Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкім аппаратының басшысы екені белгілі болды. Оның бұл іске қатысы бар-жоғы анықталмаған.

Полиция не дейді?

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров «Хутор бандиттері» атты қылмыстық топтың жоқ екенін айтады.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың не екені туралы нақты түсінік беретін бап бар. Ол үшін ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше рет қылмыс жасаған болуы қажет. Бірақ мұнда бір ғана оқиға. Әлеуметтік желілерден “Хуторскийлер” туралы ақпаратты да көрдік. Егер сіз Талғар ауданында тұрсаңыз, кеңес заманында осылай аталған “Хуторская” ауданы туралы естіген шығарсыз. Қазір қателеспесем, “Бірлік” деп аталады. Барлық тұрғындарды осы қылмыстық топтың мүшесі болды деп айта алмаймыз. Бізде мұндай қарақшылар мен топтар жоқ, – деді Серік Шалхаров.

Айта кетейік, елімізде қылмыс әлемінің серкелері туралы деректер жиі айтылады. Соның бірі жақында Ресей түрмесінде қаза тапқан – Леха Семипалатинский лақап атымен танымал Айтқали Маймұшев. Ол 1958 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1997 жылдан бастап Мәскеуде қылмыс әлемінде өз әмірін жүргізе бастаған. Леха Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі қылмыстық әрекеттерді, соның ішінде есірткі саудасы мен спирттік ішімдіктер контрабандасын бақылаған. Ол сондай-ақ Ресей, Украина, Молдова және Өзбекстандағы қылмыстық топтармен іскерлік байланыста болды.

Леха қылмыстық топтардағы қақтығыстарды шешумен және "ұрылар" идеяларын насихаттай отырып, мұнай, көмір және агроөнеркәсіпке қатысты әртүрлі бизнес-жобаларға да қатысты әрекет еткені айтылады.

Соңғы жылдары ол бірқатар елдегі заңсыздыққа қатысты айыпталып, аяғына тұсау салынды. Осылайша 2023 жылы Маймұшев Ресейде қылмыстық иерархияда жоғары лауазымға ие болғаны және есірткі сақтағаны үшін тоғыз жылға сотталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға