Жаңалықтар

Талдықорғанда полиция басшысы зорлаған әйел де сотталып кетті

Талдықорғанда полиция басшысы зорлаған әйел де сотталып кетті
Фото: gov.kz 28.02.2025 12:47 752

Талдықорғанда зорлау ісіне байланысты алаяқтық жасаған соттың бұрынғы хатшысы мен жәбірленуші 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдың қараша айында полиция бастығы Марат Күштібаев 27 жастағы қызды өз кабинетінде зорлады деген айыппен 11 жылға сотталған болатын. Алайда бұл істі тергеу барысында жаңа қылмыстық эпизодтар анықталып, қосымша тергеу жүргізілді.

Orda.kz таратқан ақпаратынша, оқиғадан кейін Күштібаевтың әйелі оның жазасын жеңілдетуге тырысқан. Ол сот хатшысына 40 миллион теңге беріп, жәбірленушіні айғақтарды өзгертуге көндіруге әрекеттенген. Егер бұл іске асса, қылмыстық бап қайта қаралып, жаза мерзімі қысқаруы мүмкін еді.

Жәбірленуші тек жазадан босатуға кепілдік берілген жағдайда ғана айғақтарды өзгертуге келіскен. Ол сотқа екі апта қалғанда ақшаны толық алған.

Алайда сот барысында жәбірленуші айғақтарды өзгертпеген, ал алынған қаражат Күштібаевтың әйеліне қайтарылмаған. Сот үкімі шыққаннан кейін Күштібаевтың әйелі ақшасын қайтаруды талап етті, бірақ сот хатшысы оны жәбірленушіге беріп қойғанын айтқан. Осыдан кейін алаяқтық фактісі бойынша полицияға арыз жазылды.

Бір жылға созылған тергеу нәтижесінде соттың бұрынғы хатшысы, жәбірленуші және оның бірге тұратын адамы алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға