Жаңалықтар

Талдықорғанда «Eco Hackathon: Жастар көзқарасымен» экологиялық акциясы өтті

Талдықорғанда «Eco Hackathon: Жастар көзқарасымен» экологиялық акциясы өтті
Фото: Жамбыл облыстық әкімдігі 09.04.2025 16:45 441

Талдықорған қаласындағы Жеңіс саябағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында алғаш рет ашық аспан астында «Eco Hackathon: Жастар көзқарасымен» атты экологиялық акция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша, хакатонның басты мақсаты – жастардың назарын өңірдегі экологиялық мәселелерге аудару және оларды шешуге жұмылдыру. Сонымен қатар, 20 жасқа өз идеяларын ұсынуға және нақты экологиялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік берілді. Акция аясында экология тақырыбында панельдік пікірталас алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар 4 топқа бөлініп, өз жобаларын ұсынды.

Бүгінгі «Eco Hackathon» шарасы барысында қатысушылар экологияны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру және экосаулықты сақтау бойынша түрлі идеялар мен шешімдер ұсынды. Үздік жобалар алдағы уақытта өңірде жүзеге асыру үшін қарастырылатын болады. Eco Hackathon – бұл жай кездесу ғана болып қалмай, жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын және Жетісудың жасыл болашағына үлес қосатын маңызды бастама, - деді Қазақстан студенттерінің альянсы Жетісу облыстық филиалының белсендісі Ұлпан Кәріманова.

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері барлық жоспарланған іс-шаралар белсенді түрде өткізілуде. Сенбіліктер мен экологиялық акцияларға жалпы саны 17 мыңнан астам адам қатысты. 295 техника бірлігі жұмылдырылып, 1 209 тонна қоқыс шығарылды. 132 парк пен сквер тазартылып, 17 мыңнан астам қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға