Жаңалықтар

Талдықорғанда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысын бастады

Талдықорғанда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысын бастады
Фото: Жетісу облыстық әкімдігі 28.01.2024 13:42 801

Биылғы қаңтар айынан Талдықорған қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісу облыстық баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтың негізгі мақсаты – зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық  саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру.

Мұндай орталық қалада бұрын да болған, бірақ оның жұмысын жүргізіп, дамыту үшін қоғамдық ұйымдар арасында конкурс ойнатылатын. Енді орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме форматында қайта ашылып отыр, қазір оның қуаты 2 есеге артып, 220 орынға лайықталған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, бір ғана облыс орталығында 25 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша КММ құру туралы шешім қабылданды.

«Еңбек ресурстары және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ басшысы Әсет Оразбекұлының сөзіне қарағанда, орталық келушілердің сұранысы мен қызығушылығына қарай 12 қызмет түрін тегін көрсетіп, 38 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.

Қаржылық және компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, қазақ тілі, тоқу және тігін курстарын ұйымдастырдық, спорт залы бар, йога, вокал, шахмат-дойбы, үстел теннисі бойынша сабақтар өтеді. Қазір орталыққа ыңғайлы уақытта 210-нан астам адам келеді. Қазір бассейнге бару мәселесі шешілуде. Алдағы уақытта ашық аспан астында іс-шаралар, саяхаттар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 16 орындық автобус сатып алынды, - деді А.Оразбекұлы.

Жаңа орталыққа арнайы келген 72 жастағы Гүлзада Бердешева өз әсерімен бөлісіп:

Бізге мұнда бәрі ұнайды. Мен шахматқа, дойбыға, үстел теннисіне қызығамын. Бұл жерде дәл үйдегідей жылылық пен жайлылық бар. Осындай тамаша мекеменің ашылуына атсалысқандардың барлығына рахмет! - деді ол.

Орталықтың тұрақты келушілердің бірі Светлана Цыплакова да дән риза. «Мен тіл курстарына барғанды ұнатамын. Әсіресе, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Арнайқызын ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында мемлекеттік тілді түсініп қана қоймай, жайлап сөйлей бастадық. Маған бұл жерде тоқу, тігін, йога сияқты қызығушылығыма сай келетін үйірмелер ұнайды», - деді С. Цыплакова.

Атап өтсек, орталықты дамытуға 2024 жылға 300 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні орталық 16 орынды шағын автобус, тренажерлар, гантельдер, жүгіру жолы, жаттығуға арналған құралдар, қабырға тіректері, гимнастикалық доптар, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ ойнауға арналған құрал-жабдықтар, тігін машиналары, тоқыма жиынтықтары, массаж креслолары, жылжымалы проекторларға арналған экрандар, стерео жүйе, проекторлар, маркер тақталары және т.б. қажеттіліктер сатып алынған. Құрылыстың жалпы ауданы 1349,8 м2.

Бірінші қабатта оқу сабақтарын өткізуге арналған орындар, медбике бұрышы, массаждық орындық, ал екінші қабатта спорт залы, вокалдық жаттығу бөлмесі, шахмат, дойбы, теннис ойнауға арналған үстелдер, тігін бұрышы және т.б. бар.

Барлық қызметтер тегін көрсетілетін орталыққа Талдықорғанның зейнетке шыққан кез келген тұрғыны келе алады. Келушілер жеке басын куәландыратын құжат пен зейнеткердің жеке куәлігін көрсетуі керек. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ Талдықорған қаласы, Желтоқсан көшесі, 259 үй мекенжайында орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға