Жаңалықтар

Талдыкөлден эвакуацияланған тұрғындар ауылға қайтты

Талдыкөлден эвакуацияланған тұрғындар ауылға қайтты
Фото: Видеодан кадр 08.06.2024 16:53 557

Махамбет ауданы, Бейбарыс селолық округіне қарасты Талдыкөл ауылында тасқын қаупі сейіліп, ахуал тұрақтануына байланысты, облыс орталығына эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне қайтарылды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Талдыкөлге кірме автожолдың су шайған бір шақырым бөлігі уақытша қалпына келтіріп, жол қатынасы ашылды.

Атырау облысы бойынша эвакуациялау жұмыстарына жауапты координатор Дулат Хамзиннің айтуынша, тұрғындарды ауылға қайтаруға үш арнайы автобус жұмылдырылды.

Талдыкөлде орын алған төтенше жағдайға байланысты, тұрғындар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жатақханасына, АРЕС колледжіне эвакуацияланған болатын. Туыстарының үйіне орналасқандардан бөлек, қазіргі уақытта талдыкөлдік 147 тұрғын Атыраудағы эвакопункттен үйіне қайтарылды, - деді спикер.

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтың айтуынша, Талдыкөл ауылында ахуал тұрақтанғанымен, қауіп сейілген жоқ.

Су деңгейі түсіп келеді. Дегенмен, ауылға кірме жолдың екі жағында үлкен су әлі тұр. Сондықтан, балаларды суға, бөгет бойына жібермей, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын, - деді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиев.

Қазіргі уақытта, Талдыкөл ауылында тәулік бойы кезекшілік жалғасуда. Қауіпсіздік шараларына ТЖД, полиция, жергілікті атқарушы орган, ауыл тұрындары жұмылдырылуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға