Жаңалықтар

Талдықорғандағы достықтың киелі шаңырағына – 10 жыл

Талдықорғандағы достықтың киелі шаңырағына – 10 жыл
09.11.2018 12:03 6073

Алматы облысындағы достықтың киелі шаңырағы – Достық үйі алғаш рет келушілерге есігін 2008 жылдың қараша айында айқара ашып, 2015 жылдың қазанында Алматы облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ болып қайта құрылды. 

Сол сәттен қоғамдағы көтерер жүгі, атқаратын жұмыс ауқымының әлеуметтік-саяси маңыздылығы артты.  

«Достық үйі – Қоғамдық келісім» орталығының директоры - Тәңірберген Қасымберкебаев

Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік біртекті ұлттық саясатты жүзеге асыру басты мақсаты болып табылатын «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» Елбасының, Ассамблея тапсырмалары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін бірталай шараларды ұйымдастырып атқарады.

Мекеме алғаш ашылған кезде негізінен бұқаралық мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырумен айналысып келсе, қазіргі қызметі Ассамблеяның мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы негізгі стратегиялық бағдарламаларына түсінік беру, насихаттау және қоғамдық келісімді сақтау бойынша идеологиялық жұмыс орталығы қызметін атқаруға бағытталып отыр. 

Бүгінде Талдықорған қаласының көрікті орындарының бірі – Қаратал шағын ауданында орналасқан Достық үйінің кең де зәулім ғимаратының бірінші қабаты толықтай әкімшілік жұмыстарды жүргізуге арналған. Мұнда «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» құрылымында жұмыс жасайтын «Әкімшілік-басқару», «Этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторингілеу», «Қоғамдық-көпшілік шараларды және ҚХА-ның құрылымдарымен жұмысты ұйымдастыру», «Рухани жаңғыру», «Ғимаратқа қызмет көрсету бөлімдері» мен этномәдени  бірлестіктердің  өкілдеріне арналған кеңселер, заманауи техникамен жабдықталған дыбыс жазу студиясы, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығы, мемлекеттік және этностық тілдерді дамыту кабинеті, мультимедиялық орталық  орналасқан. 

Екінші қабатта облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық келісім кеңесі, медиация кабинеті, гримге және дайындыққа арналған шағын бөлмелер бар. Сонымен қатар екі жүз адамдық акт залы мен төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс зал бар.

Үшінші қабатта түрлі этностардың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттайтын этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер орналасқан. Олар әр этностың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын көрсететін бұйымдармен жабдықталған және уақыт талабына сай жаңартылып отырады. Сондай-ақ ғимараттың ең төменгі  қабаты үш хореографиялық залмен, қойылым костюмдеріне арналған бөлмелермен жабдықталған.   

Қазіргі кезде «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» жиырма алты облыстық этно­мә­дени бірлестік, олардың жанынан құрылған алты шығармашылық ұжым, алты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Облыстық этномәдени бірлестіктер мен олардың аудан, қалалардағы бөлімшелері Достық үйінде республикалық, облыстық, қалалық, аудан деңгейінде өтетін әртүрлі форматтағы әлеуметтік-мәдени шара­ларға белсенді түрде қатысады.

«Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» қызметінің тағы бір басты бағыты – жастар мәселесі. Жастардың бойына отаншылдықты дарыту, рухани-ағартушылық бағыттағы жобалар мен ұлттық салт-дәстүр, мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды қастерлеу арқылы  өңірдегі тұрақтылық пен достықты сақтау.     

Қазақстан халқының бірлігін нығайту, аймақтық ассамблеямен мәдени байланысты дамыту мақсатында бірнеше жобалар ұйымдастырылды. Атап өтетін болсақ: «Бейбітшілік пен келісім жол картасы», «Жібек жолы бойындағы сұхбат», «Рухы бекем, киелі мекен – Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясы, «Қазақтану» жобасының «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» мәдени-көпшілік шара аясында «Қымызмұрындық» фестивалі, «Туған жер», «Бірлік» халықаралық жастар лагері және «100 жаңа есім: табысты болу жолы» жазғы мектебі.

Достық үйлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында «Ынтымақ шеруі», шекара аймағындағы ынтымақтастық бойынша «Достықта жоқ шекара» жобасы аясында Қазан қаласында «Қазанға ізгі ниетпен» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып өткізілді.

Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіне арналған «Ауылым – алтын қазынам» V облыстық форумы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы «Өзіңді көрсет» стартап пен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыруда жалпықазақстандық «Астана бейбітшілік бесігі» атты ашық диктант өтті.

Этномәдени бірлестіктер этносаралық бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар мен Астананың 20 жылдығы аясында Достық үйінде облыстық «Күміс тамыр» қытай этномәдени бірлестігі «Абыройы асқақ Астана!» форумын өткізді. Облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігі «Астана – мемлекеттік тілдің тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Талдықорған аумақтық «Видергебурт» неміс қоғамы Таубұлақ экокемпингінде «Мақтанышым – Астана» тақырыбында жазғы маусым лагерін, облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі «Аналар күні» қайырымдылық акциясын, «Сафар» тәжік қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым – елдігімнің айғағы!» облыстық форумын ойдағыдай өткізді.

«Авив» еврей этномәдени орталығы Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым – асыл қазынам» облыстық өзбек этномәдени орталығы «Астана – достық шаңырағы», Көксу ауданында «Арман қала Астана, жан жүрегім!» форумдарын жоғары дейгейде ұйымдастырды.

«Нахичевань» әзірбайжан және болгар этномәдени бірлестіктері «Гүлдей бер, Астана» фестивалін, халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Талаптыға нұр жауар», Қазақстандық отбасы күніне арналған «Ортақ шаңырақ аясында» фестивальдер мен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Өнерім – өмірім», Тұңғыш Президент күніне арналған «Елім деп соққан жүрегі», Қазақстан халқының тілдері күніне өзге этнос өкілдері арасында «Көркем ой. Көркем тіл. Көркем сөз» байқауларын өткізу игі дәстүрге айналды.

Өзге этностардың қазақ тілін меңгеруіне әдістемелік көмек көрсететін мемлекеттік тілді дамыту бағытында ұйымдастырылып тұратын жұмыстардың да этносаралық қарым-қатынасты дамытуда өз үлесі баршылық.

Мәселен, 2008 жылдан бері жұмыс істейтін тілдерді оқыту орталығында жыл сайын қырықтан астам өзге этнос өкілдері қазақ тілін оқып, меңгеріп шықса, қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінен құралған «Парасат» тіл жанашырлары клубымен бірлескен рухани-ағартушылық жобалар тұрақты түрде жүзеге асырылып тұрады. 

Соңғы жылдары өңірімізде  тұратын этностардың, мәселен, поляк, қытай,  орыс, корей, татар, болгарлардың тарихи отаны болып есептелетін мемлекеттердің елшілерімен кездесу тұрақты түрде ұйымдастырылуда.  

Сонымен қатар, Достық үйі мен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бірлесе атқарған жұмыстары республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде  кеңінен әрі уақытылы насихатталып келеді. Атап айтса, облыстық «Жетісу» телеарнасынан Ассамблея қызметіне арналған «Ұлылық ұясы» хабары апта сайын шығып тұрады.

Мекеме тарапынан атқарылған жұмыстарды насихаттау мақсатында ай сайын Ақпараттық бюллетень шығарылып тұрады,  оған қоса, болашақта шағын апталық басылым дайындау жоспарланған.

Достық үйінің жұмыс ауқымы да, маңыздылығы да жыл сайын кеңейе түсуде, мұнда облысымыздың белгілі ғалымдары мен шығармашылық тұлғаларын шақыра отырып, әртүрлі ғылыми-тәжірибелік конференция, экспедиция, семинар, байқау, кездесу, форум, фестивальдар өткізу дәстүрге айналған. 

Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» баяндамасы мен мақаласында көрсетілген ұлт бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, Қазақстан халқы Ассамблеясының XХVІ сессиясында қойылған жаңа міндеттерді  облысымызда жүзеге асыру бойынша «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» үлесі мен міндеті өз деңгейінде атқарылуда.

Жыл сайын жылдық жоспар бойынша және жоспардан тыс үш мыңға жуық  әртүрлі форматта іс-шаралар өткізіледі.

Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қорған, жол көрсетер баған десек, осы тұрғыда  өңірдегі әрбір этнос, әр этномәдени орталықтар  өз мәдениеті мен  тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік ала отырып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға белсенді қатысу арқылы Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағының астына тығыз топтаса түсуде.

Нұргүл ШАТЕКОВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға