Жаңалықтар

Талайды тамсандырған әнші Майра

Әнші Майра Уәлиқызы
25.10.2016 09:49 11725

Көмекейіне бұлбұл құс ұя салған талантты әнші Майра Уәлиқызы Кереку өңірінің тумасы. Үш бірдей тілде ән салатын ерекше дарын иесі қазақ-кеңес музыка тарихын зерттеген Затаевичті таңқалдырған әнші. Жақында Павлодар қаласындағы Майра Уәлиқызы атындағы ән шығармашылық мұражай үйiне барып, әнші апамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы деректермен таныстық.

Талайды тамсандырған әнші Майра 

Өз заманында «Майра, Майра, қызыл тілім сайра» деп ән шырқаған Ертістің ерке сұлуы өнерімен талайларды тамсандырды.    

 Талайды тамсандырған әнші Майра

Майра Уәлиқызы атындағы ән шығармашылық мұражай үйi 2001 жылдың 30 қаңтар айында ашылған. Тарихи деректерге сүйенсек, көне архитектуралық келбетін сақтап қалған ағаш үй 1900 жылы салынған белгiлi көпес Абдул-Фаттах Рамазовтың үйі.

Талайды тамсандырған әнші Майра

Майра Уәлиқызы атындағы ән шығармашылық мұражай үйiнің басшысы Әлиева Гүлжайнат:

Майра Уәлиқызы Шамсутдинова 1890 жылы дүниеге келген. Атақты әншi сазгер өзiнiң сахналық өмiрiн ерте бастайды. Тоғыз жасынан сырнай тартып үйренсе, он үш жасынан әншiлiк өнерге ден қойған. Майраның дарыны, даралығы, әншiлiк өнері, сазгерлiгi, орындау қабiлеті мен кәсiби дәрежесi жоғары болды. Оның сирек кездесетiн қоңыр дауысты, диапазон жағынан «контральто» болған.

Талайды тамсандырған әнші Майра

Майра музейі екi көрме залынан тұрады, бiрiншi залдағы экспозиция Майраның өмiрi мен шығармашылығынан сыр шертеді. Мұнда ілулі тұрған жазуы бар мемориалды тақта – мұражайдағы құнды құражаттардың бiрi ретінде саналады.

Музейдегі экспонаттар қатарын фото суреттер мен тарихи құжаттар, сондай-ақ Майраның өзi қолданған заттары толықтырып тұр. Музей қызметкерлерінің айтуынша, келушілерді осы тарихи жәдігерлер көбірек қызықтырады. Мәселен, Майра киген қызыл-жiбек камзол-шапан өз заманында Майраның киім таңдаудағы жоғары талғамы мен еуропалық стильге деген құлшынысын айшықтап тұрғандай.

Талайды тамсандырған әнші Майра

Талайды тамсандырған әнші Майра

Музей басшысының айтуынша, келесi залда түрлі мәдени шаралар мен әдеби кештер ұйымдастырылады. Сонда-ақ бұл залда әнші Майраның елiне келген атақты өнерпаздар мен меймандардың суреттері естелік ретінде ілінген.

Талайды тамсандырған әнші Майра

Әнші Майра Уәлиқызының өмірі мен шығармашылығы туралы Ахмет Жұбановтың «Асқан әнші, үздік композитор» атты мақаласы бертін Павлодарда жарық көрген «Әнші Майра» жинағына енген екен. Осы кітапта келесідей деректер кездеседі:

«Майра Кереку қаласында туды. Әкесі – Уәли сол Керекудің тұрғыны, шала-қазақ, шешесі Қатира қазақ болған. Уәли жасынан кемтарлықты көп көрген адам. Уәли ноғай-бөрік істеп сатады. Сондықтан оны кейбіреулер «бөрікші Уәли» деп те атап кеткен. Қатира болса үй шаруасындағы әйел болды, қолы тигенде Уәлиге қол ұшын беріп қояды. Ата-анасы Майраны ноғай молдаға беріп, сауатын аштырады. Майра жас кезінен әнді, өлеңді жақсы көреді. Қала тұрғыны болғаннан ба, жоқ өзінің жастай бүйрегі бұрғаннан ба, Майра гармонға құмар болады. Ол кездерде қазақ арасына, әсіресе қала халқында татардың «тальянка» аталатын шағын қоңыраулы гармондары жайыла бастаған. Майраның әкесі оған осы айтылған гармонның кішкене түрін сатып алып береді. Осылайша талшыбықтай иілген сұлу Майра сызылған гармон дауысына өзінің әсем де, әсерлі үнін қосқанда Уәлидің үйіне тек бөрік іздеушілер ғана емес, рухани жанға азық іздеушілердің де ауыздарының суы шұбырап келіп тұратын болады. Жасы 13-14 келгенде Майра Керекуге түгел белгілі әнші-гармоншы атанады. Ойын-той, шілдехана, қынаменде болса Майрасыз өтпейді».

Талайды тамсандырған әнші Майра

Майра мен Затаевичтің кездесуі

«Омбыдан Семейге қарай Ертісті жо­ғары өрлеп келе жатқан «Ленинград» атты жолаушылар таситын пароход Павлодардың пристанынан шықпай жатып, төмендегі 3-класс каютасының терезесіне әсем, қоңыр, жұмсақ тембрлі контральто дауыс естілді. Оның сүйемелдеуінде мен күтпеген гармоньмен қосылып, қазақ әндерін орындады. Бір минут өтпей-ақ мен де төменге түстім. Айнала қамап тұрған халықтың ортасында жасы 30-дан аса түскен, арық­ша келген, көрікті, жағы сәл сопақтау, екі ұрты азғана ішіне кірген, бетінің ұшы қызыл, қара торы әйел отырды. Құлағында – шығыс әдетіндегідей ұзын сырға, омырауында – бірнеше қатар моншақтан тізген алқа. Үстіндегі жібек көйлегі, иығына бос салған шәлі аса жарасып тұр. Осының бәрінде де бажырайған, «айғайлап» ерсі көрініп тұрған еш нәрсе жоқ, қайта әншінің талғамының жақсы екендігі байқалады. Бұдан келіп мен оның кәсіпқой әнші екенін сездім. Мен оның әнін тыңдадым. Ән орындауда оның жоспарға бірінші қоятыны: біршама өктемдік, бұйыру, кең құлаш, от мінез. Қазақтың мен көріп жүрген бұйығы қыздарынан мұндайды кездестірмеп едім».

Бұл – Затаевичтің 1926 жылдың жазында әншімен кездесуі туралы жазған естелігі. Өзін «Мағира» деп таныстырған әнші Семейге дейінгі жолдағы екі күнде қазақ әнін жинаушыға өзінің «Майра», «Бақша» сынды бес-алты әнімен қоса, халық және халық композиторларының әндерін айтып берген. Затаевич оның аузынан 13 ән жазып алған.

 Талайды тамсандырған әнші Майра

Ахмет Жұбанов «Асқан әнші, үздік композитор» атты Майра туралы мақаласында: «Майраның творчествосы советтік Қазақстанның музыка мәдениетінде үлкен орын алады. Композитор А. Зильбер өзінің «Қайта туған Қазақстан» атты симфониясының бір бөлімін түгелдей «Майра» әнінің негізіне құрды. Бұл ән көп композиторлардың өңдеуінде әншілердің репертуарынан кең орын алды. Жазушы, ақын, ғалым Әбділда Тәжібаев «Майра» атты драмалық пьеса жазып, Қазақтың Мұхтар Әуеов атындағы Академиялық драма театрында ол пьеса қойылып, халықтың махаббатына бөленді. Өмірі күрес, өнер өрбітумен өткен Майраның образы көркем шындық негізінде сахнадан жарқырап көрінді», - дейді.

Талайды тамсандырған әнші Майра 

«Өнер жолы – ауыр жол» дегендей Майраның тағдыры ауыр болғанын әншінің өмірі мен шығармашылығын зерделеген зерттеу еңбектерден аңғарамыз. Академик Ахмет Жұбанов қазақтың халықтық мәдениетін зерттеген жазушы Сапарғали Бегалиннің жазбасына сілтеме жасай отырып: «Өткен өмірдің соққылары қоя ма, денеде жинала жүре, ақыры сыртқа да білінеді. Майра туберкулез болып ауырады. Өзінің туған қаласы Керекуге қайтады. Ауру күннен күнге үдей түседі. Соның салдарынан келесі жылы Москвада өткен СССР халықтарының концертіне қатыса алмайды. Әдейі шақырту жіберген А. Затаевич Майраның ондай халге түскеніне қатты қынжылады. Майра осы аурудан бас көтермейді, ардақты әнші, қазақ совет сахнасының болашақ көркінің бірі қайтыс болады», - деп жазады.

Талайды тамсандырған әнші Майра 

Тарихи деректерде Майра Уәлиқызы 1929 жылы көз жұмды делінген.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға