Жаңалықтар

Талантын аялай алатын парасатты жан

Талантын аялай алатын парасатты жан
Фото: © El.kz 29.11.2021 14:46 3097

 

Киноактриса, өнер жұлдызы Фарида Шәріпованың туғанына – 85 жыл толуына орай, назарларыңызға Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев сынды ағаларымыздың актриса туралы оның өнердегі болмысы мен бекзадалығы жайлы естеліктерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

 

Фа - фак - фарида!

 

Фаридаға деген өзіндік махаббат сезім, адамдық ішкі көңілін Ыдырыс: «Фа-Фак-Фарида!» деп сездіруші еді. Бұл Ыдырысқа ғана тән дара мінез еді. Жөнсіз әзілге салынбай айтатынын кесіп айтатын. Онысын біреулер ұната ма, жоқ па онда шаруасы жоқ ерекше қасиетпен жаралған жан еді ғой! Әлі есімде, сонау 1957-жыл. Семей. «Ботагөз» фильмінің түсіріліп жатқан кезі. Ыдырыс – Амантай, мен – Кенжетай. Поезде бір купедеміз, екі тәуліктік жол. Ыдекең: «Сен оқуыңды бітірген соң біздің театрға кел!» дейді. Өзінің де Мәскеуден жаңадан оқу бітіріп келген кезі. Қайтадан қайырылып келіп айтатыны театрдың жайы. Ақыры айтқаны болып, театрға келдім. Өмірінің соңына дейін бірге, өнерде әріптес болдық. Көптеген киноларға бірге түстік. Фарида екеуіміз консерваторияның актерлік бөлімінде Аскеңдей ( Асқар Тоқпановтан) ұстаздан тәлім алып, бірге бітірдік. Қаншама спектакльдер мен көркем фильмдерде бірге түсіп, бірге өстік, атақ-абыройға да бірге бөлендік. Өнерде, әсіресе сахналық шығармашылықта әріптесің дарынды болса өзіңнің де өсу дәуіріңнің сәтті болатынына көзім толық жетті. Біздің Фарида алғыр актриса. Қандай рөл алса да өзіндік стильмен, трактовкасымен, іш-астарымен тап-тұйнақтай етіп даярлауға бар күш-жігерін салады, намысты қолдан бермеуге тырысады. Бұл таланттың әрекеті деп білем. Салдыр-салақтық, жұмысқа кешігу, партнерді менсінбеу, тыңдамау, дандайсу деген сияқты жат әрекеттер Фаридада мүлдем жоқ. Әрине, актерлік тәкаппарлық пен биіктік қасиетің міндетті түрде болуы қажет деп те білем. Ол өз мамандығыңды шексіз сүйгендіктен, өнерді шын сыйлағандықтан туса керек.

 

«Арал хикаясы» атты фильмде Ыдырыс, Фарида үшеуіміз бірге түстік. Ол күндері Аралдың абыройы асып-тасып, дүрілдеп-гүрілдеп тұрған шағы. Біздің де ауыздықпен алысқан асау аттай ұрып тұрған дер кезіміз. Көңіл шат, заман тыныш, өнерге деген құштарлықтың нағыз құмартып, тепсе темір үзетін шағымыз ғой. Фарида мен Ыдырыстың да махаббат дастандарының сол күндерден басталғанына мен куәмін. Вокзал. Алматыға қайтар шақ. Поезд екі-үш сағат кешігіп келді. Сол екі-үш сағат екеуінің келешек тағдырларын да шешіп тынды. Олар Алматыға отбасы болып оралды. Содан кейін жұптары

 

Асанәлі ӘШІМОВ

 

Бекзадалық болмысында

 

Ол қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына алғаш келгенде жиырмаға толмаған еді. Фаридамен М.Әуезов театрына қатар келдік, содан бері, міне, өнерде қырық жылдай бірге жұмыстас болып келеміз. Тағдыр, бұйрық шығар, Фарида менің осы театрдағы тырнақалды шығармам Т.Ахтановтың «Боран» романы бойынша қойған спектаклімде бас кейіпкерлердің бірі Жаңыл бейнесін орындады. Фариданың басы бос кезі. Әдемі, талантты. Жігіт біткен Фаридаға ғашық. Ол болса Ыдырысты таңдады. Ыдырыс жігіттің сұлтаны, мінез десең мінез, түр десең түр бар; талант десең талант. Мінезі ауыр, нағыз ер мінезді азамат. Бір есептен, «Борандағы» бас кейіпкер Қоспанға ұқсайды. Мінез жағынан Фарида Жаңылға келеді. Жаңыл рөліне Шолпан апа да бекітілді. Ол кез, 60-жылдар театрда Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалардың дүркіреп тұрған кезі. Өнердің жолы нәзік те күрделі. Уақыт озады, буын алмасады. Кейде, әсіресе, театрда буын алмасу процесі қиындау өтетін жағдайлар да кездеседі. «Боранның» премьерасында Жаңыл рөліне Фариданы шығардым. Сәтті ойнады. Бірақ, премьерадан соң менің жағдайым «қиындады». Онда 22 жастамын. Мәмбетов театрдың бас режиссері. Көркемдік кеңестің жиынында Шолпан апа маған қатты шүйлікті. «Бұл кім өзі?» деп жассынғаны бар жарықтықтың. «Маған не претензияң бар?- деді. Мен айттым: «Сіз қаланың әйелі, ақсүйекті ойнайсыз, бұл спектакльге, Жаңылдай кейіпкерге ол келмейді» дедім. Көп ұзамай Мәскеуге жоғарғы режиссерлік курсқа кетуге тура келді де, оны бітірген соң да Әуезов театрына қайта оралуым қиын болды... Содан Семей театрына кеттім. Бұл спектакльдің және премьерада Фариданың шығуының менің шығармашылық тағдырыма осындай бір әсерлері болған еді. Ал, Т.Ахтановтың адам жанының ішкі жарығын ашатын «Боран» романы туралы әдеби сында да бірталай пікірталас болғанын білемін. Сол кездегі сын сүлейі Асекең, Асқар Сүлейменовтің «Боранды», ондағы Қоспанның бейнесін талдаған әдемі бір мақаласын осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана «Болмыспен бетпе-бет» атты жинағынан оқыдым, алғаш рет жарияланыпты. Шығарманы әдемі танып-талдайды. Қоспанға жары Жаңыл лайық. Жаны таза, жүрегі ізгі, еңбектің, мейірімнің адамы, иманы жоғары қарапайым әйел. Фарида кейіпкерінің жан дүниесін терең аша білді. Қазақ сахнасында героникалық, романтикалық бейнелер кәп жасалды. Актер мен көрермен арасы алшақтау болды. Ал, актриса Шәріпованың келуімен сахнаға адами, қарапайым кейіпкерлер келді. Ол өз табиғатында өте кішіпейіл, артық ауыс мінезі, сөзі жоқ адам. Болмысында керемет бір ұстамдылық, бекзадалық бар. Онысы сахнада бірден көзге ұрмай, бірте-бірте ашылады. Фарида театрға алғашқы келген кезінен бастап-ақ екінші құрамда тұрып шығармашылығымен алғашқы қатарға шықты. Қазақтың «сарғайған жетер мұратқа» дегеніндей, Фарида бүгінгідей шыңына табандылықпен, талмай іздену, толассыз, тынымсыз еңбекпен, жан еңбегімен шыққан тұлға. М.Әуезов театрының соңғы жылдардағы жұмысы, Т.Нұрмағамбетовтің «Ескі үйдегі екі кездесу» пьесасы бойынша қойған спектаклімде Фарида эпизодтық рөл, Ана бейнесін орындады. Үш-ақ ауыз сөз айтады. Сонда сахна сыртындағы толқуын, жауапкершілігін көрсеңіз. Сахнаға тап бір жаңа шығатын адам сияқты. Мұндай толқу жастарымыздың бойынан әрқашан табыла бермейтіні бар. Ал, Фарида “Қарағым, кішкене жоғарырақ ұсташы, болашағың сөнбесін” деген алты-ақ ауыз сөз айтады. Ал, оның салмағы, берер бүкіл атмосферасы қандай десеңізші! Мұндай актрисамен жұмыс істеу режиссерлерге бақыт. Фариданың мінезі туралы көп айтуға болады. Ол ешкімге кеудемсоқтық жасаған емес. Бір ауыз пікірінің өзінде үлкен салмақ жатады. Бірақ, өзім осы күнге дейін оның біреуге бір қатты айтқан кезін, сөзін естімеппін. Талай көркемдік кеңестерде, спектакльдерді қабылдауларда пікірлеріне ден қойсаңыз - шығарманы, режиссерлік трактовканы, актерлік ойын өрнектерін сыншыдай, театртанушыдай талдайды. Мен Асқардың, Сүлейменовтің керемет талдауларына тәнті болатынмын. Онда ерекше бір табиғи талант бар еді. Ал, Фарида өз ішкі дүниетанымынан шығып, үлкен талдаулар жасағандағы ойлары өз алдына, ескерту жасағанның өзінде соншалықты бір мәдениетпен, тереңнен тартып сөйлейді.

 

Актриса Шәріпованың тағы бір ерекше қасиеті – ол сахнада ғажайып партнер, серіктес. Осылайша ол спектакльдің жалпы атмосферасын жасайды. Бұл орайда оны ұжымдық жеке орындаушы деуге болады. Жүйрік аттар бірге шапқанда бірден суырылып шықпай, біртіндеп алға түсіп, ең соңында өзі жеке дара келетіндері болады ғой. Фариданың сахна ойыны да осындай. Ол өмірбақи өз терін өзі алып жүреді, өз көзіне құйылған ашы терді өзі сүртіп жүрген актриса. Фариданың маңдайының жарқырағаны – Мәмбетовтей суреткерге кездескені. Мәмбетовтің бақыты – қазақ театрына сол кезде Фарида, Асанәлі, Сабит, Әнуарлардың келуі. Кеңірек аядан алғанда, Фариданың және құрдастарының шығармашылығы театр өнерінің гүлдену кезеңіне; кешегі Асқар Сүлейменов, Сәкен Жүнісов, Қал-аға Мұхамеджанов, сондай-ақ Шыңғыс Айтматов, Қалихан Ысқақтардың қазақ драматургиясының көсегесін көгерткен кезеңіне тап келуі. Фариданың үлкен өнердегі тілеуі жақсы. Өйткені, оған Алла-Тағала талант берген және сол талантын аялай алатын парасат берген. Ыдырыстай хас талантқа жар, өнерде дос бола білген, бүгінде ғұмыры театрымен Шыңғысы болып отырған жеңешеме ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілеймін.

 

Есмұқан ОБАЕВ

 

Маусым, 2006 ж.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға