Такси қызметі тағы да қымбаттайды

Қазақстанда такси қызметінің бағасы екі есеге дейін қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа салық ережесі енгізілген жағдайда, бұл саланың болашағы күмән тудырады деп сарапшылар дабыл қағуда. Қазіргі таңда кәсіпкерлер 4 пайыздық салық төлеп келсе, жаңа талап бойынша бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін өсуі ықтимал. Мұндай жүктемеге төтеп беру мүмкін емес екенін айтқан тасымалдау саласының өкілдері, еліміздегі 300-ге жуық таксопарк жабылу қаупінде тұрғанын алға тартады.
Мысалы, көлікті бір күнге жалға алу құны қазір 12 мың теңге болса, салықтың артуына байланысты бұл баға 22 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Өз кезегінде, такси жүргізушілері бұл шығынды өтеу үшін тасымал құнын арттыруға мәжбүр болады, нәтижесінде көлеңкелі бизнеске бет бұрушылар саны өсуі ықтимал.
Бағаның шарықтауы, ең алдымен, қарапайым халыққа ауыр тиеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 100 мыңнан астам азамат такси және курьерлік қызметте жұмыс істейді. Егер бұл саладағы салықтық өзгерістер іске асса, көптеген жүргізушілер мен тасымалдау компаниялары жұмысын тоқтатуы мүмкін, ал бұл ел экономикасына да, тұрғындардың күнделікті өміріне де елеулі әсер етпек.
