Таиландта жансақтау бөліміне түскен отандасымыздың жағдайы белгілі болды
Таиландтың Пхукет қаласында демалып жүрген қазақстандық турист жағалауға шектеу белгісі қойылған аумақтан асып, биік толқындар алысқа алып кеткен. Отандасымыз қазір ауыр жағдайда комада жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Отандасымыз ескертуіне және тыйым салуына қарамастан ол теңізге түсіп, көп су жұтып қойды. Соңғы күндері Пхукетте қатты толқындар көтеріліп, жағалауға қызыл жалаулар шығарылған болатын.
Қазақстандық туристің денесін судан шығарғаннан кейін құтқарушылар оған жасанды тыныс жасап, дәрігерлерге тапсырды. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем алуда.
Оны Таиландтан Қазақстанға санавиация ұшағымен тасымалдау үшін қазақстандық дәрігерлер консилиумының қорытындысы қажет. Ол тай дәрігерлерінің медициналық шешімі негізінде жасалмақ.
Қазіргі таңда консул бұл мәселемен айналысып жатыр. Құтқарылған жігіттің ата-анасы Пхукетке ұшып келіп, дипломаттармен бірге дәрігерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Осы ретте Таиландта демалып жатқан ҚР азаматтарын жергілікті билік органдарының ережелері мен талаптарын сақтауға шақырамыз және метеорологиялық шектеулер кезінде теңізге түспеуді ескертеді. Өкінішке орай, бұл соңғы аптада Таиландта отандастарымызбен орын алған екінші оқиға болып отыр.