Жаңалықтар

Тағы да тең есеп...

Қазақстанның Ұлттар лигасындағы сәтсіздігі жалғасуда...
Тағы да тең есеп...
15.10.2018 17:01 3418

Латвия – Қазақстан – 1:1 (1:1)

Голдарды салған: 0:1 Зайнутдинов, 15, 1:1 Карашаускс, 40

Латвия: Ванинс, Завальниекс, Ягодинскис, Дубра, Максименко, Исаевс (Фертовс, 27), Ругинс (Цыганикс, 67), Лукьянов, Карашаускс (Гутковскис, 73), Ракель, Шабала.

Қазақстан: Эрич, Бейсебеков, Постников, Малый, Шомко, Қуат, Жуков, Исламхан (Федин, 75), Зайнутдинов (Сейдахмет, 65), Муртазаев (Тұрысбек, 81), Щеткин.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов алдыңғы ойындармен салыстырғанда бір ғана өзгеріс енгізген екен. Оған себеп – соңғы матчта Серікжан Мұжықовтың қызыл қағаз алып, алаңнан қуылуы. Әйтпесе, бұл футболшы міндетті түрде жасыл алаңнан орын алар еді. Бапкер оның орнына командаласы жас хавбек Бахтиер Зайнутдиновке сенім артуды жөне деп тапқан екен. Сонымен қатар, Андорраға қарсы ойында жақсы өнерімен көзге түскен Еркебұлан Тұңғышбаев жарақатына байланысты Ригаға келмесе, Сейдахметтің ойын тәжірибесінің жеткіліксіздігі болгар маманының біраз ойлануына сеп болғандай. Қос Еркебұланның жайы белгілі болған соң, ол қаптал Георгий Жуковқа тапсырылды. Қалғандары – өз орындарын иеленген. Логвиненконың аздап жарақатына байланысты орталық қорғаныс Малыйға жүктелген. Ал Латвия құрамасының бас бапкері Миксу Паателайнен шабуылдауға икемді ойыншыларына сенім артыпты. Шабуыл шебінде Шабала мен Ракель (олардың бірі қорғаныс кезінде аздап төменірек түсіп жүрді) ойнаса, қос қапталдан Лукьянов пен Карашаускс өнер көрсетті. Ал осыған дейінгі ойындарда жасыл алаңнан орын алып жүрген Фертов ойынды қосалқы құрамнан тамашалады. Оның рөлі Исаев пен Ругинске берілді. Ең басты сұрақ, оң қапталдағы қорғаныстың беріктігіне жауап беретін Габовты кім алмастырады екен? Роберт Завальниекстің жолы болған сыңайлы. Бұл да бапкердің бір ойлағаны барын білдірсе керек.

Ойын тартысты басталды. Екінші минутта Исламхан алыс дистанциядан қақпаны нысанаға алып көрген, Дубра жауып үлгерді. Стоилов шәкірттері кездесу басынан-ақ, қарсыластың ізін аңдып, допқа таласты қарқынды жүргізе бастады. Ал латыштардың корнерден келген шабуылынан қауіп күтуге болар еді, бірақ алаң иелері оны ойдағыдай ұйымдастыра алмады. Шабаланың қақпа алдына берген добы Эричтің қолғабынан табылды. Одан кейін Муртазаев бір соққысымен көзге түсті. Ойынның 15-минутында Шомко өз қапталынан алға суырылып шығып, қақпа алдына пас жеткізді. Дмитрийдің бұл пасын Зайнутдинов құлап барып, қақпаға бағыттап үлгерді. Есеп ашылды! Андрис Ванинс бірден-ақ, төрешіге назын айта жөнелді, оның ойынша Бахтиердың қолы допқа тиіп кеткен. Бірақ, қазы өз шешімін өзгерткен жоқ. «Даугава» стадионындағы таблода 0:1 есебі тіркелді. Қонақтар бұл нәтижені де қанағат көрмей, алға ұмтылумен болды. Қуат айып сызығынан соққы жұмсаған, жолай доп Ягодинскиске тиіп кетіп, бағытын өзгертті. Қақпашы Ванинс секіріп барып, допты кері қайтарды. Қорғаушы Завальниекс көмекке келіп жүріп, қауіптің беті қайтты. Одан соң, Максименко Зайнутдиновтың бір соққысын жауып үлгерді. Ойынның жарты сағаттығы өткенде, Латвия ойыншылары жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен алға қарай ұмтыла бастады. Карашаускс сол қапталдан шабуыл бастап, қақпа алдындағы Ракельді тапқан. Денис допты кеудесімен тоқтатып, қақпаға соққы жасады. Бірақ, шабуылшының спорттық снаряды діттеген жерден биік ұшты. «Ақжайықтың» сапында тер төгетін Карашаускс бұл ойында белсенділігімен көзге түсті. Алғашында Артур Қазақстан қорғаушыларын қапы қалдырып, айып алаңына еніп барған. Алайда, Эрич оның алдын орап кетті. Бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда Карашаускстің белсенділігі ақыры өз нәтижесін берді. Стандарттан келген доп Дубраның басына тиіп, қақпа алдына жеткен, оны өз кезегінде Малый берік ұстай алмады. Ал Артур Бейсебеков пен Постниковтың арасынан суырылып шығып, Ненадқа ешқандай мүмкіндік қалдырмай, қақпаны қарс айырардай соққы жасады. Есеп 1:1!

Осымен, қос команда үзіліске аттанды. Қазақстан аяқдопшылары қарсыласқа қарағанда жақсырақ ойнаған, бірақ стандарт кезіндегі бір қателік есептің теңесуіне алып келді. Екінші ойын бөлігі де алғашқысындай сценариймен өрбіді. Қонақтар ширақ бастап, есепте алға шығу үшін алға ұмтылды. Жуков шабуылды оң қапталдан өрбітіп, Муртазаевқа доп жеткізген. Романның соққысының жолына Ягодинскис бөгет болды. Ал бұрыштамадан келген допқа бірінші жеткен Постников қақпашының ашық тұрған сол қапталын көздей алмады. Одан кейін Муртазаевтың допты ырқына көндіруге техникасы жетіспеді. Әйтпесе, ол Ванинске ешқандай мүмкіндік қалдырмас еді. Латыштардың қақпашысы тағы қателісіп, Зайнутдинов пен Жуков ұйымдастырған шабуылда ертерек қақпасын тастап кеткен. Десе де, алаң иелерінің бағына қарай, есепке өзгеріс енген жоқ. Латыштар Қазақстанның алғашқы қарқынына төтеп беріп, қарымта шабуылға көше бастады. Бұл ретте, Щеткин, Жуков пен Исламханның статистика үшін жасаған соққыларын түртіп кетуге болады. Ракель оң қапталдан допты біздің айып алаңға дейін жеткізіп, Карашаусксты паспен қамтасыз етті. Артур орта дистанциядан соққы жасаған, Шомко дер кезінде жауып үлгерді. Ал Эрич латыш хавбегінің добын қаршып үлгерді. Бір жарым минуттан соң, Шабала да бағын сынап көру үшін, соққы жұмсады. Бірақ, Андрейдің онысынан түк шықпады. Оған жауап ретінде Шомко да маңдайшадан биік ұрды. 70-минут таяғанда Дмитрийдің пасына бірінші жеткен Бейсебеков қақпашымен бірге-бір шыққан. Қорғаушы киперден допты асыра салудың орнына, тура соққы жасауды ойлаған сыңайлы. Бірақ, бұл жолы Ванинс алдыра қоймады. Екінші таймның орта белінен өткенде қос бапкер де шабуыл шебін күшейтуге кірісті. Латыштардан Цыганик алаңға кірсе, қонақтардан Бахтиердің орнына Сейдахмет пайда болды. Еркебұлан оң қапталға өтіп, Жуковты орта алаңға ойыстырды. Біршама уақыттан соң, Стоилов амалсыз Исламханның орнына Фединді шығарды. Федин сол қапталдың ойынына қан жүргізіп, Муртазаевты екінші форвард рөліне жіберді. Ендігі қалған уақытта Қазақстан құрамасы 4-4-2 схемасымен ойнайтын болады.

Латыш бапкері тыңнан форвард қосып, жеңіске жетуге жол іздеді. Гутковскистің алаңға кіру қандай жаңалық әкелер екен? Ол доп аяғына тие сала, Қуатты қапы қалдырып, Эричтің оң бұрышын көздеген. Ненад қателікке бой алдыра қойған жоқ. Қонақтар оған жауап ретінде корнерден сәттілік іздеп көрді. Фединнің көтерген добы Тұрысбектің басын тапқан, бірақ Бауыржан қақпаны тура көздей алмай, сан соқты. Ойын соңы тартысқа толы болды. Командалар бір-бірінен жеңілгісі келмеді, оның үстіне екеуін де тең есеп қанағаттандырмайды. Тағы бір тартысты эпизодта Малый мен Ракель допқа таласқан. Соңғысының аяғы тартылып, оған Сергей алғашқы көмек қолын созды. Ойыншылар арасындағы қақтығыстар бұнымен де тоқтаған жоқ, капитан Шомко Шабаламен сөзге келіп, екеуінің арасында от шыға бастады. Дмитрийдің қаншалықты қызу қанды ойыншы екенін жақсы білеміз. Төрешілер мен басқа футболшылар араласа жүріп, бұл сәт те артта қалды. Соңғы минутта Қазақстан жеңісті жұлып әкетуге жақын қалған: Сейдахмет оң қапталдан өтіп келіп, Фединге пас берді, Максим соққы жұмсаған. Ал Ванинс қандай да бір таңғажайыптықпен допты аяғымен қайтарып үлгерді, доп қайта Фединге жетті. Максим жерлете соқты, тағы да кипер өз орнында! Қақпашы Фетовтың басына тиіп, бағытын өзгерткен допты да қаршып үлгерді, әйтпегенде автоголдың куәсі болар едік. Сол сияқты Эричтің де шеберлігін сынаған кез туды. Төреші қосқан қосымша уақытта Гутокоскис қақпашымен жеке қалар мүмкіндік болған еді. Алайда Ненад оның алдын орап, қауіптің бетін қайтарып тастады. Харальд Лехнер қосқан уақыттың 6-минуты өтіп жатқанда Қуат тамаша соққы жасады. Исламбектің соққысына Ягодинскис тосқауыл болды. Айтпақшы, Қуат бұл ойында сары қағаз алғанына байланысты, келесі Андоррамен өтетін матчты жіберетін болады. Уақыт таяғанда Тұрысбек те допқа жанасып, қақпаны көздеп көрген. «Тобылдың» шабуылшысына дәлдік жетіскен жоқ. Нәтижесінде 1:1 есебі тіркелді. Бұл ойын қос команданы да ойын кестесіндегі жағдайын мәз қылған жоқ. Себебі, Андорраны қабылдаған Грузия 3-0 есебімен басым түсіп, 9 ұпайды еншіледі. Оларды енді ешкім қуып жете қоймас. Ұлттар лигасы турнирінен күткеніміз көп еді. Станимир Стойлов шәкірттері барлық ойында тамаша өнер көрсетсе де, нәтижесі көңіл қуантарлық емес. Еуро-2020 бәсекесіне дайындала бергеніміз жөн шығар. Ұлттар лигасындағы қалған үш ойында қанша ұпай еншілесек те, алғашқы орыннан үмітіміз үзілді. Владимир Вайсс футболшылары енді ешкімге тізгінді бере қоймас.

Латвия ұлттық құрамасының бас бапкері Миксу Паателайнен тартысты кездесуде бір ұпайға қол жеткізгендеріне қуанышты екенін айтты.

– Бүгін жақсы ойын болды. Ойыншыларымның гол жіберіп алған соң, өздерін жоғалтпай, есепті теңестіруге деген құлшыныстары оянып, діттегендеріне жеткендері үшін қуаныштымын. Біз қарсыластардың тез әрі техникасы жоғары ойыншыларына қарсы ұйымшыл ойын көрсеттік. Ойыншыларым бұдан да жоғары деңгейде ойнай алатынына көзім жетеді. Кей эпизодтарда өте сақ болу керектігін олар саналарына құйды деп есептеймін. Қарсыластың айып алаңында шешімді тез шығарып, сәттірек ойнағанда жеңіске жетуге болар еді. Алда бізді Қазақстаннан да техникасы жоғары Грузия құрамасы күтіп отыр. Олармен де бүгінгідей ұымдасқан ойын көрсетіп, жақсы қарсылас танытсақ деймін.

Ойыншыларым қарсыластың голды қолмен соққанын айтып жатыр. Бірақ, маңыздысы ол емес – біздің қорғаушылар оны жіберіп алғанында. Егер сақ ойнағанда ешқандай гол орын алмас еді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов әлі де команданың ойынына разы емес.

– Бүгін жақсы ойын болды. Алаңда нағыз шайқас орын алды. Десе де, бізде мүмкіндіктер басым болғанын мойындау керек. Шабуылды түйіндеумен әлі де көп жұмыс жасау керек. Ойыншылардың амбициясы жоғары деңгейде болды. Ойыншыларды бірден алмастырғым келген жоқ. Ал тыңнан қосылған футболшыларға келсек, олар гол сала алған жоқ, сондықтан ойынға қарқын қосты деп айта алмаймын. Бүгін Андоррамен салыстырғанда көп шабуылдар орын алды.

Біздегі мықты деген «Қайрат» пен «Астана» сияқты командаларда негізгі құрамды легионерлер бермейді. Жас ойыншыларға сенім артатын боламыз. Оларға біршама уақыт керек. Бүгінгі қарсыласымыз Андоррамен салыстырғанда рейтингісі жоғары құрама екені көрініп тұр. Мен құрама тұтқасын ұстағанда жас ойыншыларға көбірек сенім артатынымды айтқан едім. Сол себептен де Федин, Соколенко, Вороговскийді шақыртып, олармен жұмыс жасап жатырмын. Әрине, олар өздерін көрсету үшін уақыт керек. Екі ойында құраманы жасарту мүмкін емес екені түсінікті. Андоррамен ойында жанкүйерлер қолдауына сенемін. Олар футболшылардың барын салып ойнап жүргендерін түсінеді деп ойлаймын. Жақсы матч күтіп тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға