Жаңалықтар

Табысы төмен азаматтарды салықтан босату керек – экономист

Жақында 28 мың азаматтың несиесі кешірілетіні жөнінде ақпарат шықты
Табысы төмен азаматтарды салықтан босату керек – экономист
Фото: strategy2050.kz 15.11.2022 13:26 2695

Кедейшілікті жою – қоғамның ең үлкен және маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, қазіргідей жаһанды жайлаған пандемия салдары мен соңғы уақыттағы әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы оның маңызын тіптен арттырып отыр. Содан да болар, биылғы наурыз айында Қазақстан үкіметі қазақстандықтардың табысын арттыруға қатысты арнайы бағдарлама қабылдады. Аталған жоба бойынша, он өзекті мәселеге басымдық берілген. Бағдарламаға сәйкес, ел үкіметі 2025 жылға дейін азаматтардың табысын кезең-кезеңімен арттыратын болады. Дегенмен, бүгінде жоғарыда атап өткеніміздей, геосаяси жағдайларға байланысты қымбатшылық жайлап барады. Бұл өз кезегінде, кейдей халық санының артуына әкеліп соғады дейді мамандар. Олардың айтуынша, осылай жалғаса берсе, кедей халық саны көбейе бермек. Мәселен, Дүниежүзілік банктің соңғы бағалауы бойынша, Қазақстандағы кедей халықтың үлесі 15,5%-ды құраған.

Осы орайда қазақстандықтардың табысын арттыру үшін ел үкіметі не істеу керек, орташа жалақы мөлшері халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайының көрсеткіші бола ала ма, әлемде орташа жалақы қалай есептеледі, тұтынушылық себет дегеніміз не, оның азаматтардың тұрмысына қандай қатысы бар, сонымен қоса несиені кешіру дұрыс па деген секілді сауалдар төңірегінде белгілі экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасуды жөн санадық. Назарларыңызға ұсынамыз, мәртебелі оқырман.

- Мақсат мырза, алғашқы сұрағымды орташа жалақы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші бола ала ма деген сұрақтан бастағым келіп отыр. Қыркүйектегі мәлімет бойынша, еліміздегі орташа жалақы – 322 мың теңге. Соңғы бір жылда бұл 24 пайызға артқан. Айтыңызшы, біздегі орташа жалақы қалай есептеледі? Орташа жалақының мөлшеріне қарап ел тұрғындарының жағдайына баға бере аламыз ба?

- Иә, дұрыс айтасыз, соңғы мәліметтер бойынша, орташа жалақы – 322 мың теңгені құрап отыр. Енді оның қалай есептелетініне тоқталсақ, мысалы, шартты түрде он адам туралы айтатын болсақ, олардың әрқайсысының жалақысы әртүрлі болуы мүмкін, біреуі - екі миллион теңге, екіншісі – бес жүз-алты жүз мың теңге, ал енді бірі - елу мың теңге алуы мүмкін. Міне, осылардың бәрін қосады да, онға бөле салады. Бірақ бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші бола алмайды.

Жалпы біздің шенділердің жіберіп отырған қателігі – осы орташа жалақыны халыққа қаратып айтуында. Олар оны бір әлеуметтік, яғни халықтың тұрмыс жағдайының өсіп жатқандығының көрсеткіші ретінде көрсеткісі келеді. Алайда мұның азаматтардың экономикалық жағдайына ешқандай да қатысы жоқ екенін ұқпайды. Өйткені жоғарыда атап өткенімдей, жалақылардың бір-бірінен тым алыс болуы – шынайы статистиканы көрсетпейді. Бірақ бұл – үкімет үшін есептеудің жақсы тәсілі. Олар есептеудің осы тәсілін әр өңірдің орташа жалақы мөлшерін есептеуге қолданса, тіптен жақсы. Мысалы, өңірлер бойынша жалақы мөлшерін есептеп, яғни қай өңірде орташа жалақы көлемі төмен екенін анықтау үшін тиімді құрал. Демек, бұл сол өңірмен жұмыс істеу керек дегенді білдіреді. Өйткені орташа арифметикалық жалақы төмен болса, сол аймақтағы табыс мөлшері де төмен деген сөз. Бізде мысалы, орташа жалақы Қазақстан бойынша 322 мың болса, Алматы, Астана қалаларында, еліміздің батыс өңірінде бұл сан 400 мыңға жуықтайды, тіпті асып та кетуі мүмкін. Ал Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарға қарасаңыз, жалақы мөлшері өте аз. Сондықтан да жалпы орташа жалақы мөлшері шенділер үшін қажет деп айтар едім. Өйткені олар қай өңірде табыс мөлшері аз екенін байқап, сосын сол өңірге көбірек көңіл бөлу үшін керек.

Мысалы, өткен жылдары Жамбыл өңірінде дүнгендермен қақтығыс болғанын бәріміз білеміз. Оның себебін ұлтаралық қақтығыс деп көрсеткен болатын. Алайда оның тағы бір себебі ретінде жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмен болуын, әлеуметтік теңсіздіктің болуын айтар едім. Міне, сондықтан да бұл осындай өңірлерді анықтау үшін ғана керек. Қай өңірде орташа жалақы аз, сол өңірдің халқы аз табыс табады деген сөз. Сол себепті де халыққа қарата айтылатын жалақының көрінісі емес.

- Сонда қандай есептеу тәсілі халықтың шынайы жағдайын көрсетуі мүмкін?

- Орташа медиандық жалақы деген бар, енді оның қалай есептелетініне тоқталайық. Бұл жерде халықтың белгілі бір бөлігінің жалақы мөлшеріп алып, сол арқылы есептейді. Мысалы, Қазақстанның еңбекке қабілетті азаматтарының 70 пайызы 100 мың мен 200 мыңның арасында жалақы алады дейік. Сонда миллион табатындар да, 100 мыңнан төмен табыс табатындар да бұл есепке кірмейді. Қазіргі таңда елімізде еңбекке қабілетті халық саны 10 миллионға жуықтады. Енді соның 6 жарым миллионы 100 мың мен 200 мың арасында табыс табуы мүмкін. Міне, осы азаматтарға ғана мән беріліп, солардың орташа жалақы мөлшерін есептейтін болса, онда орташа жалақы көлемі шындыққа сәл де болса жақындайды. Қазір Қазақстандағы орташа медиандық жалақы – 180 мыңның маңайында. Міне, осы тәсілі арқылы анықтауға болады.

Бұдан бөлек орташа модальды жалақы деген де бар, бұл халық арасында көп кездесетін жалақыларды жинап, солардың орташа жалақысын шығарады. Бірақ бұл да 100 пайыз халықты қамтымайды, дегенмен кішкене болсын шынайылыққа жақын сома бола алады. Мінекей, осындай есептеудің жолдары бар.

Тағы бір айта кететін жайт, бізде қазір ең төменгі жалақы мөлшері 60 мыңнан 70 мыңға өсті. Оны биылғы 1 қыркүйектегі жолдауында мемлекет басшысы айтты. Енді өткен аптада арнайы комиссия құрылатыны жөнінде ақпарат шықты, яғни осы ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесін енгізу бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл комиссия енді құрылып жатыр, енді оның қалай есептейтінін алдағы уақытта көретін боламыз. Демек, осы уақытқа дейін ең төменгі жалақыны есептеудің ескі тәсілі қолданып келді деген сөз. Оны жаңаша есептеу де халықтың табысын арттыруға әсер етуі мүмкін.

- Дүниежүзілік банктің соңғы деректері бойынша, елдегі кедей халықтың үлесі 15 пайызды құрап отыр. Ал кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің негізінде анықталатыны белгілі. Демек, біздегі ең төменгі күнкөріс шегі де төмен деген сөз бе?

- Жалпы ең төменгі күнкөріс шегінің көлемін Ұлттық экономика министрлігі мен Тағамтану академиясы бірлесіп жасайтын тұтынушылық себетке байланысты белгіленеді. Қазіргі таңда біздегі тұтынушылық себетте 43 тауар бар. Тұтынушылық тауардың тізімі соңғы рет 2006 жылы бекітілген болатын. Содан бері оның қатары көбейген де жоқ, азайған да жоқ. Міне, осыған қарап отырып, ең төменгі күнкөріс шегі анықталады. Қазір ең төменгі күнкөріс шегі – 37 мың теңге, яғни бір адам үшін бір айға жететін сома. Тағамтану академиясы бекіткен схемада көрсетілгендей әр азамат үш мезгіл тамағын алып іше алады. Ал шет елдердегі тұтынушылық себеттегі тауарлар саны бізікінен әлдеқайда көп. Мысалы, көрші Ресейдің тұтынушылық себетінде 150 тауар болса, Еуропа елдерінде 250 тауардан басталып, 700 тауарға дейін барады.

Біздегі 43 тауардың көп бөлігі азық-түліктен және адам өміріне қажетті бірқатар заттан тұрады. Ал мысалы, Ұлыбританияда тұтынушылық себеттің ішінде шампан да бар, яғни әр азамат жаңа жыл кезінде шампан атуы керек деп есептейді олар. Оған қоса ондағы себеттің ішіне бүкіл тұрмыстық техника, тұрмысқа қажетті басқа да нәрселер, жеке гигиенаға қатысты дүниелер, дәрі-дәрмектер, шаштаразға бару, жол шығыны, канцелярлық тауарлардың да ақысы кіреді. 

Сонымен бірге олардың ең төменгі жалақыны есептеу тәсілі де өзгеше. Олар орташа медиандық жалақының 50 пайызын ала салады. Мысалы, бізде орташа медиандық жалақы 160 мың теңге болса, оның тең жарымы 80 мың теңге болады. Ал келер жылы жаңа есептеулер шыққан кезде, 180-200 мыңға баруы мүмкін. Сонда ең төменгі жалақы оның 50 пайызы болса, 100 мыңға дейін жетеді. Ал ең төменгі күнкөріс шегі оның 43 пайызы болса, 70 мыңға жақындайды. Сонда бұл шынайы көрсеткіш болар еді.

Біздегі кедейшілік деңгейін есептеген кезде жоғарыда атап өткеніміздей, ең төменгі күнкөріс шегінен төмен табыс табатын азаматтарды кедейлер санатына жатқызады. Біріккен Ұлттар Ұйымының бекітуі бойынша, күніне 505 доллардан аз табыс табатын азаматтар кедейлер болып саналуы керек. Демек, 80 мыңнан төмен табыс табатын азаматтар кедей санатына енгізілуі керек деген сөз.

- Бәріміз білетіндей, Қазақстанда табысты арттыру бағдарламасы қабылданған болатын. Қазір қалай жүзеге асып жатыр? Бағдарлама аясында халықтың табысы артады деп ойлайсыз ба?

- Жалпы менің пікірімше, елдегі ең төменгі жалақының өзі 100 мың теңге болуы керек. Ең төменгі жалақыны 60 мыңнан 70 мыңға өсіретін кезде президент өзінің Жолдауында бұл 1 200 мың азаматқа әсер ететінін айтқан еді. Демек, осынша адам 60 мыңның деңгейінде табыс табады деген сөз. Ал енді олардың айлығын 100 мыңға өсірсе, одан да көп адамның табысының көбеюіне әсер ететін еді, яғни халықтың табысы бірден артып кетер еді.

Сонымен қоса меніңше, азаматтардың табысын арттыру үшін коммуналдық төлемдерден белгілі бір уақытқа босату, сондай-ақ табыс салығынан босату секілді шараларды қолға алуға болады. Қазіргі кезде табыс салығы ұсталады. Мәселен, 100 мың табыс табатын адам болса, оның он пайызын табыс салығы ретінде ұстап қалады. Егер мемлекет 100 мың табыс табатын азаматтар жеке табыс салығынан босатылады десе, онда сәл де болса табысының артуына септігін тигізер еді. Ал енді «жоқ, салық міндетті түрде төлену керек» дейтін болса, онда табыс салығына 1 пайызын ғана ұстасын. Сонда жеке табыс салығы ретінде мың теңге төлейді де, қалған тоғыз мың теңге азаматтың қалтасында қалатын еді.

Осы кезде мемлекеттің халықтың табысын арттыру саясаты сәтті жүзеге асқан болар еді. Әрине, көпшілік 100 мың теңгені де қазір ақша емес екенін айтады. Ал егер қазіргі табысы 50 мың теңге азаматтың айлығы бірден 100 мыңға өссе, онда сол адамға бірден сезілер еді. Сондықтан мемлекет халықтың табысын арттырамыз десе, осындай шараларды қабылдауы тиіс деп ойлаймын.

- Соңғы сұрақ, азаматтардың несиесін кешіруге қатысты пікіріңізді білсем. Мәселен, жақында 28 мың азаматтың несиесі кешірілетіні жөнінде ақпарат шықты. Әлеуметтік желілерге назар аударсақ, оған көп адамның қарсы екенін байқауға болады. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

- Сіз айтып отырған 28 мың азаматтың несиесін кешіру жайлы ақпарат –  қаржылық қадағалау агенттіктерінің, осыған жауапты адамдардың жасаған қателігі. Былай қарасаңыз, 28 мың адам деген ауыз толтырып айтарлықтай. Бірақ кешірелетін сомаға қарайтын болсақ, ол 600 миллион теңге, бұл қаражат қаржы ұйымдары үшін түк емес. Сонда орташа есеппен әр адамның 20 мың теңгесі кешіріледі. Енді осының бәрін ауыз толтырып айту да дұрыс емес.  Меніңше, бұл «халықтың несиесін кешіріп жатырмыз» деп дабыра қып айтатындай ақпарат емес.

Екіншіден, бұл несиені мемлекет жауып беріп жатқан жоқ, яғни мемлекеттің бюджет есебінен емес. Соны түсінуіміз керек. Мұны микроқаржы ұйымдары өз есебінен жауып жатыр. Сондай-ақ халықты жарылқап, несиесін кешіріп жатыр деп те айту қиын. Өйткені олар азаматтардың бәрінің несиесін кешіріп тастаса, өздері банкрот болады. Сондықтан олардың өз себептері де жоқ емес.  Мысалы, қазір аляақтардың түрі де көп. Біреудің жеке куәлігі арқылы да несиені рәсімдеп жібереді. Ал азаматтар өздерінің несие алмағанын айтып, шырылдап жүреді, өздері алмаған соң да олар алмаған несіиесін төлегісі келмейді. Міне, осындай проблемалық несиелер бар. Менің ойымша, осындай адамдар іріктелді. Ұйымдар осы несиеге берілген ақшаның қайтпайтынын нақты біліп отыр. Оны олар өздерінің балансында ұстап отырса, онда ұйымдардың инвестициялық әлеуеттері түсіп кетеді. Сондықтан да осындай қадамға барып, осындай шешім қабылдап отыр.

Мәселен, биыл жазда да банктер 90-жылдардағы кәсіпкерлердің несиесін кешірді. Олар ол несиенің қайтпайтын жүз пайыз біліп отыр, өйткені оны төлейтін адам жоқ. Олардың кейбірі шетел асып кеткен, я болмаса, біреу біреудің атына рәсімдеп тастаған. Жалпы мұндай ақпаратты халықты жарылқап жатқандай қылып айту барып тұрған қателік дер едім.

Жақында президент Алматы облысына барған сапарында жақында несиеге қатысты бір ұсыныс жасайтынын айтты. Бірақ ол әлі ешқандай ұсыныс жасаған жоқ. Менің ойымша, ол несие кешіру туралы ұсыныс жасамайды. Меніңше, банкроттық туралы заң қабылдауы мүмкін. Егер осындай заңды қабылдаса, онда президент ең дұрыс қадам жасаған болар еді. Ал егер бұрынғыдай азаматтардың несиесін кешіріп берем десе, онда ол таза сайлау алдындағы әрекет болмақ.

Сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға