Жаңалықтар

Тақ таласы

Тақ таласы
23.08.2014 10:47 3684

581 жылы құрылған Түняздың Суй əулеті (581-618 жж.) Түріктің Мұқанұлы Таспар (Тобо) қағаны қайтыс болғасын басталған тақ таласын сезіп, Түрік қағанатын ыдыратуға, əлсіретуге тырысады. Бұл туралы Уаң Жылайдің баяны тартымды-ақ. Ол: “Сүй əулетінің түріктерді ыдырату тактикасы бұл тактиканы жобалаушы Жаңсүн Шыңның мына сөзінен айқын көрінеді: “Темкіт (яғни батыс жақтағы Тардұш қаған) əскери күш жағында мығым болғанымен мəртебе жағынан Шатудан (Шатодан) төмен тұрады. Көріністе оған қарасты болғанымен, іштей онымен қайшылықты. Оның сол мойынсал болмай жүрген тарапын неғұрлым өршіте түссек, араларында ішкі соғыс басталады. Мұнан тыс, Шатудың інісі Чориға алаяқ қу, əйтсе де күші əлсіз. Адамға жағымдылығынан, елі оны жақсы көреді, Шату күндейді. Сонан мазасы май ішкендей. Араларында ара-тұра қайшылықтар да белең беріп жүр. Іс жүзінде оның қауіптен күдігі күшті. Ал, Аба - тым екібеткей. Осылардың ішінде ол Шатудан көбірек жасқанады. Оның ырқынан шықпайды. Қай жақтың күші басым болса, сол жаққа жығылады. Əсіре тұрлаусыз. Қазір алыстағысымен байланыс орнатып, таяудағысына соққы беру, күштісін ыдыратып, олардың əлсізімен бірігу, Темкітке елші жіберіп, Абамен ұшарласу əбден қажет сияқты. Сонда Шату жасағын кері қайтаруға мəжбүр болады да, оң тарапымыздағы жерлер шапқыншылықтан аман болады. Мұнан тыс Чориғаны қайлармен, септермен бірігуге иландыру арқылы Шатудың күшінің бір бөлігін өзінің сол тарапындағы жерлерін қорғауға алып кетуге мəжбүрлеу лағзым. Сөйтіп бұларды өз ішінде аңдыстырып, берекелерін бұза берсек, 10 шақты жылдан кейін патшалығымыз бір орайда оларға қарсы аттанып, бір жолда-ақ оларды түбегейлі құрта алады” Суй Уынди (Яң Жян) Жаңсун Шыңның жобасын толық құптап, 583 жылы Сүй қолы сегіз жолға бөлініп, түріктерге шабуылға өтеді”.

Міне осылай басталған іштей арандату мен сырттай қарулы соққы түріктердің онсыз да əрең тұрған есін əбден шығарады. Б. з. 587-590 жылдары үш билеуші (Чулоху, Дулан, Дату) қатар шығып, тақталасы тіпті өрбиді де, бір тұтас Түрік қағанаты аяғы (590 жылы) Батыс жəне Шығыс түрік қағанаттарына ыдырауға бет бұрады. Осы сыртқы жəне ішкі екі себептің нəтижесінде, 602-603 жылдары, Түрік қағанаты ресми түрде екіге бөлініп кетеді. 604 жылы Батыс Түрік қағанатының қағаны болып Таман (Низүк Күлүг қаған), ал Шығыс Түрік қағанатының қағаны болып Жанғар шығады.“Батыс Түрік қағанатындағы (603-704 жж. ) ру-тайпалардың өзара диалекттік айырмасы болғанымен, олар бірыңғай түрік тілінде сөйледі. Осы кезде бұлардың арасында Орқон жазуы кең таралды”.

 Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға