Тұңғыш тарихшы Қадырғали Жалайырдың туғанына 485 жыл
Талдықорғанда Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай ортағасырлық тарихшы, шежіреші, ғұлама ғалым, атақты биі Қадырғали Жалайырдың 485 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиында алдымен тарихшы ғалымның ғұмыр дерегі мен қалдырған еңбектеріне қатысты фильм ұсынылды. Қазақтың тұңғыш тарихшысы, қоғам қайраткері, қолбасшы, елші-кеңесші, философ, тарихи публицистиканың негізін қалаушы қаламгер ретінде Қадырғали бабамыздың бет-бейнесі жан-жақты қырынан ашып көрсетілді. Ғалымдар Әлкей Марғұлан, Шоқан Уәлиханов, жазушы Мұхтар Мағауиннің тарихшы туралы терең зерттеулерінен келтірілген деректер фильм мазмұнын аша түсті.
Конференцияны Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов кіріспе сөзімен ашып, өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына тоқталып өтті.
Мұнан соң Д. Қонаев университетінің ректоры, Халықаралық Қадырғали би Жалайыр қоғамдық қорының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шақарапұлы Жалайыр баядама жасап, Қадырғали бидің түркі әлеміндегі ұлы тарихшы екендігіне қатысты ой-толғамдарын жеткізсе, философия ғылымының докторы, профессор Аманжол Қасабек Қадырғали Жалайырдың дүниетанымы тұрғысында сөз қозғап, оның еңбегінің түпкі мақсаты ретінде «тұрақты қоғам іздеу» идеясына кеңінен тоқталды. Сол сияқты өлкетанушы, тарихшы Андрей Березин, Құлтай Нұрқалбайұлы да тарихшы бабамызға және ол өмір сүрген кезеңге, тарихи оқиғаларға қатысты тың деректер келтіре отырып, әңгімеледі.
El.kz анықтамасы:
Жалайыр Қосымұлы Қадырғали (1555-1607) – орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы, атақты биі.
Тарихи шығармаларда оны «Қайырғали Жалаири» деп көрсетеді. Бұл тарихи тұлғаның аты-жөнінің соңына оның қай мекеннен екені білдіру үшін туған жерін көрсететін бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша алынған. Бірақ мұнда ғұламаның туған жері емес, тайпасының аты көрсетілген. Оның шыққан тегі ? Ұлы жүздің тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан. Оның «Жалайри» аталуы осыдан. Тарихи шығармаларда оның есімін Қыдырғали, Қыдырәли, Қадырғали деп құбылтып атай береді. Туған жері? Қазақстан жеріндегі Сырдария бойы. Қадырғалидың ата-бабалары Қарахандар әулеті билігінен бері үздіксіз хан сарайында қызмет етіп, ханның ақылшы-кеңесшісі, қол бастар батырлары болған. Оның өз атасы Темшік Шығай ханның батыры болса, әкесі Қосым бек лауазымын иеленген. Жастай білім алып, бірнеше тіл меңгерген Қадырғалидың өзі де хан сарайында қызмет атқарып, хан балаларын тәрбиелеу ісімен айналысқан. Шығай ханның баласы «Ұзын оқты» атанған Ондан сұлтан жау қолынан өлген соң, оның 13 жасар баласы Ораз-Мұхаммедті алып, өзіне қараған елмен Сібірдің Көшім ханының қол астына көшіп кетеді. Онда Қадырғалидың білімділігіне, ақыл-парасатына риза болған Көшім хан оны Төбе би етіп сайлайды, өзінің ақылгөй кеңесшісі етеді. Бірақ ол онда ұзақ бола алмайды, кейін Сібір кінәзі Сейдектің ықпалымен, онымен бірігіп, Көшім ханға қарсы шығады. Сөйтіп ол енді Ораз-Мұхаммедпен бірігіп, Сейдектің мәртебесін көтереді. Осында жүргенде оларды Сібір воеводасы Д.Чулков алдап тұтқынға түсіреді. Қадырғалиды Ораз-Мұхаммедпен бірге Мәскеуге жөнелтеді. Кейін шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке Ока бойындағы Қасым хандығынан иелігіне жер бөліп береді. 1600 жылы орыстың жаңа патшасы Борис Годунов оны Қасым хандығының ханы етіп қояды. Қадырғали оның төрт биінің бірі болып тағайындалады. Ол осында ғылыммен шындап айналысады. Ана тілімен бірге араб, парсы тілдерін де жақсы меңгеріп, Шығыстың әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең зерттейді. Соның нәтижесінде ол Орта Азияның сол кездегі атақты ғұламаларының деңгейіне көтеріледі. Кейін «Жылнамалар жинағы» деген атпен әлемге әйгілі болған өзінің атақты еңбегін жазады. «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөздерге қанық көптеген кітап оқыған адаммын» дейді ол өзі жайында.
«Жылнамалар жинағы» – орта ғасырдағы қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығармалардың бірі. Мұнда қазақ хандығының Х ғасырдың басынан бергі ішкі-сыртқы жағдайлары, қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы, оның халықаралық жағдайлары, хандардың және олардың төңірегіндегі түрлі әлеуметтік топтардың саяси ахуалдары жөнінде аса құнды мәліметтер берілген. Еңбек үш бөлімнен тұрады: 1. Борис Годунов билігін бейнелеу. 2. Рашид ад-Диннің «Джами ат-Таварих» атты еңбегінің қысқаша аудармасы. 3.Орыс ханның Оразмұхаммед сұлтанға дейінгі қысқаша аудармасы. Бұларға қосымша алтынордалық ірі қайраткер Едіге батыр жайында дастаны берілген. Жалпы еңбек қай сұлтанның, қай ханның қай жерде шаһит болғанын, жерленгенін көрсетуімен де құнды. Қадырғалидың бұл шежіресі ертедегі қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи еңбек екені аян. Ғұлама ғалым Ш.Уәлиханов бұл кітаптың аңыздан гөрі ақиқаты басымырақ деп бағалаған. Оразмұхаммед пен Қадырғали бастаған қазақтардың Ресейде болу оқиғасын көрнекті жазушы М.Мағауин «Аласапыран» атты романында кең және көркем баяндаған. Сонымен қатар академик Әлкей Марғұлан 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Күміс сандық құпиясы» атты мақаласында Қадырғалиға аса жоғары баға берген. Соңғы кездері аталған еңбекті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры М.Қойгелдиев арнайы зерттеп жүр. «Жылнамалар жинағының» жалғыз көшірме данасын Қазан университеті кітапханасына татар ғалымы И.Халфин тапсырған. Сол көшірмені шығыс қолжазбалар жинағына бастырған профессор И.Березин былай деп алғы сөз жазыпты: «Біз шығармаға қандай ат берілгенін білмейміз, бірақ кітаптың негізгі бөлігі Рашид ад-Диннің әйгілі туындысының қысқаша аудармасынан тұрғандықтан, біз оның атын да қолжазбамызға бере аламыз». Сөйтіп ол Қадырғали еңбегін оның нағыз аты анықталатын көшірмесі табылғанша «Джами ат-Таварих» - «Жылнамалар жинағы» деп атауды ұсынған.
Тарих ғылымының докторы, профессор М.Қойгелдиев 1994 жылы жарық көрген «Қазақ тарихы» журналында «Өкінішке орай, қолжазбаның кейінірек Петербордан табылған екінші көшірмесінде де еңбектің автор берген аты жоқ болып шықты да, ол сол «Джами ат-Таварих» - «Жылнамалар жинағы» атанған күйінде қала берді. Бұл жағдай тарихшы ғалымдар арасында Қадырғали еңбегінің дербес деректік мәнін тура бағалауға едәуір кедергі жасады, басқаша айтқанда, оны Рашид ад-Дин жұмысының түрікше нұсқасы ретінде ғана қарауға негіз болды» дейді.
Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том А.Сейдімбек, «Елтұтқа» кітабы «Тарихи тұлғалар» кітабы
Әзірлеген Айша КЕРЕЙ