Тұңғыш тарихи анимациялық фильм көрерменге жол тартты
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Туындыны алғашқы болып Астана қаласының балалар үйі мен аз қамтылған отбасылардың балалары тамашалады.
«Қазақстандық жастарға патриоттық тәрбие беру мен олардың азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету қазіргі таңда аса актуальді мәнге ие. Өз Отаныңды қастерлеу және оған деген кіршіксіз, адал сезім жеке адамның әлеуметтік, рухани, имандылық жағынан және физикалық тұрғыда да дамуына үлкен серпін береді. Патриотизм — Егеменді Қазақстанның жалпыұлттық мұратында маңызды орын алады. «САҚ-дала» киностудиясы осы құндылықтарды мақсат тұтып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша алғашқы тарихи толықметражды анимациялық фильмді түсірді» - дейді көрсетілімді ұйымдастырушылар.
Сағаділдә Үсіпбәлиев, сценарий авторы:
— «Қазақ елі» анимациялық фильмін дайындау барысында көптеген тәжірибелі мамандар жұмыс атқарды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты деген аниматорлар шақырылды. Ал сценариіне келер болсақ, жазуға ұзақ уақыт жұмсадық деп айтуға келмес. Бірақ бұл жоба барысында тарихшы, әдебиет мамандарымен кеңесе отырып дайындалғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Кішкентай көрермендердің көңілінен шығып, қазақ анимациясының дамуына үлес қосқан болсақ, біздің мақсатымыз орындалды деген сөз.
«Қазақ елі» анимациялық фильмінде Жәнібек пен Керей хандардың балалық шағы мен есею жылдары баяндалады. Картинада бас кейіпкерлердің шайқастың айла-тәсілдерін, ғылымды қалай меңгергендері және бостандық пен тәуелсіздік үшін күрес жолында қазақ елінің басын қалай біріктіргендігі жайлы әңгімеленеді. Мультфильмнің кадрларында – шетсіз-шексіз қазақ даласы, заңғар таулар және Сығанақ, Отырар, Тараз және Түркістан секілді ежелгі қалалар бейнеленген. Туындының желісі бойынша Дешті Қыпшақтың ұлы даласына қауіп төнеді. Әбілқайыр хан қауесет сөздің жетегіне еріп, Керей мен Жәнібек сұлтандарды өзінің басты қарсыласы, хан тағына таласқан бақталас ретінде көреді. Алайда, шайқастың айла-тәсілін меңгерген сұлтандар қарт баһадүрден қауіп - қатерді еңсеруді үйренеді. Шешуші ұрыста Керей мен Жәнібек жауларын жеңіп, артынан нөпір халықты ертіп қазақ хандығының негізін салады.
Режиссері – Батырхан Дәуренбеков, сценаристі – Сағаділдә Үсіпбәлиев, Бақытжан Құлжабай, композиторы – Руслан Шынықұлов, қоюшы суретшісі – Азамат Ерназаров, бас продюссері – Сәбит Әбдіқалықов, директоры – Нуриддин Паттеев.
Жобаға танымал отандық ғалымдар мен жазушылар ат салысқандықтан, фильм тарихи фактілермен өріліп, балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалар арқылы қамтылып көрсетіледі. Анимациялық фильмнің бас кеңесшісі Арыстанбек Мұхамедиұлы, тарих ғалымдарының докторы, профессор-Жамбыл Артықбай және жазушы, кинодраматург Дулат Исабеков. Бас кейіпкерлерді Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының, сондай-ақ, Ж. Шанин атындағы Оңтүстік-Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері дыбыстады. Фильмнің саундтректерін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды басқа да танымал қазақстандық әншілер орындады.
«Керей мен Жәнібек – олар да Шыңғыс ханның ұрпақтары. 550 жыл бұрын Шудың бойында өздері бөлініп шығып, мемлекет құрды. Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген сөз бар өлеңде. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересің.»
Нұрсұлтан Назарбаев
Фильмнің көрсетілімінен үлкен әсер алып шыққан бүлдіршіндер болды. Солардың бірі — Даниал Ыдырысов:
— Маған фильм ерекше ұнады. Қазақша мультфильм көрген қызық екен. Менің ата-бабаларым осындай батыр болғанын мақтан тұтамын. Керей мен Жәнібек аталарымның арқасында Қазақ хандығы құрылғанын білдім. Мен де сол кісілер секілді батыр болғым келеді.
Картинаның жасалуында 2-D және 3D-технологиялар пайдаланылған. Фильм қазақ жерінің әсем табиғатын, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты ірі қалалар, зәулім хан сарайларының көркемдігін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, кішкентай көрермендеріміз елордамыз Астананың бүгінгі көз сүйсіндірер көркін де тамашалай алады. Фильм көркем туынды болғандықтан тарихи фактілерге сүйене отырып балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалар арқылы қамтылып көрсетіледі. 3D-анимация мен қазақ фольклорының үйлесуі жобаның бірегейлігімен ерекшеленеді. Жобаға 60-тан аса адам жұмылдырылды. Туындының бас продюсері Сәбит Әбдіқалықовтің пікірінше, қазақстандық әртістер тарихи тұлғаларға тән бейнені дүниеге әкелу үшін аянбай еңбек етті. Балаларға арналған анимациялық фильм жалпыұлттық прокатқа шықты.
Алмас САУДАНБАЙ
Фотограф: Нұрбек Әлманбетов