Жаңалықтар

Тұңғыш қазақ қыздарынан шыққан жыртқыш аң үйретуші

Тұңғыш қазақ қыздарынан шыққан жыртқыш аң үйретуші
Фото: © El.kz 23.11.2021 11:48 4187

 

Жанат Қалметова – тұңғыш қазақ қыздарынан шыққан жыртқыш аң үйретуші маман. 40 жасында қайта цирк сахнасына оралған. 10 жылдық тарихы бар, еліміздегі ең жас цирк «Шымкент Циркте» еңбек етеді. Ауыр еңбек пен ізденісті, батылдықты талап ететін цирк өнерінде өзі ғана емес, циркке жетелеп әкеліп, тәрбиелеген үш баласы да өнер көрсетеді. Арманына адал, цирк десе барын беруге даяр Жанат Қалметовамен жақында жолығып, әңгімесін жазып алған едік.

 

Циркке жетелеген жол

 

Циркке қызығушылығым бала кезден басталды. Мен Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылының тумасымын. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Үйде 7 баламыз. Біздің ауыл мен Ташкенттің арасы 25-30 минут болатын. Сондықтан болар, ата-анам бізді циркке, концертке ол жаққа жиі апаратын. Бір Одаққа бағынатын 15 республиканың цирк ұжымы жаңа бағдарлама қойып, ауысып келіп жататын. Біз қалмайтын едік. Кішкентай кезімде нәзік, аурушаң болып өстім. Қыстың күні балалар көшеде шанамен сырғанақ теуіп, қар атысып ойнаса, мен оларға терезеден телміріп қарап отыратынмын. Циркке барғанда да мазам болмай, бойымды әлсіздік басып, үш сағат әрең шыдайтынмын. Бір күні Ташкенттен ерлі-зайыпты цирк режиссері Сергей және Людмила Соловьевтар біздің ауылға көшіп келді. Мәдениет үйінен балаларға арналған цирк үйірмесін ашатын болып, іріктеуге байқау жариялады. 10 жаста едім. 50 баланың бірі боп, цирк үйірмесінің табалдырығын аттадым. Бірақ көп өтпей қатал талап пен қиындығына шыдай алмай тең жартысы кетіп қалды. 25 баланың ішінде жалғыз қазақ қызы боп мен қалдым. Сабақтан кейін 4 сағат жаттығу болады. Жаттығуда 1 секунд та бос өтпеу керек, шаршасаң да қарап, демалып тұруыңа болмайды. Кейде «шаршадым, демалайыншы» десең «шаршасаң шпагатқа отырып, демала ғой» дейтін. Осылайша екі жылдың ішінде бізді кәсіби цирк әртістері секілді жаттықтырып шығарды.

 

 Алғашқы қадам

 

Ең алғаш сахнаға 12 жасымда шықтым. Ауылдағы мәдениет үйі. Адам лық толы. Бір дөңгелекті моноцикльде өнер көрсеттім. Бәрі аң-таң. Құрмет-қошемет. Жалпы, сол кезде біздердің аяғымызды жерге тигізбей, алақанға салып жүретін. Гастрольдік іссапармен Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларға, аудан-ауылдарға жиі шығатынбыз. Анам әр гастрольдік сапарға шыққан сайын ең жақсы киімдерді кигізіп, қалтама ақша толтырып салып жіберетін. Ол ақшаға ақпан айында Алматыда қорап-қорап балмұздақ сатып алып жегеніміз есімде. Сосын пакет-пакет шаш қыстырғыш сатып әкеліп, ауылдың бар қызына таратып беретін ем. Балалық шағым бақытты, қызықты оқиғаларға толы болып өтті. Цирк үйірмесіне қатысқаннан кейін аурушаңдықты ұмыттым. Денсаулығым түзеліп кетті. Сабақты жақсы оқыдым. Гастрольдік іссапарға кететін кезде ұстаздардан арнайы тапсырма алып кететінмін. Кеңес Одағы кезінде Шымкенттегі «Фосфор», «Машина-стройтель» және «Металлургтер», яғни осы үш мәдениет үйінде балалардың цирк үйірмесі бар еді. Сонда облыс бойынша бізді қосқанда төрт үйірме бар. Осы үйірмеге қатысушылар арасында өзара жарыстар көп болатын. Үнемі біздің команда бірінші орын алатын. Сондықтан болар бізді әр жаққа гастрольдік іссапарға жіберетін.

 

Никуллин циркінде өнер көрсеткен сәт

 

Ең алғаш шыққан ең үлкен сахнам – Мәскеудегі Никуллин циркі еді. 1987 жылы қыркүйек айында екінші бүкілодақтық цирк фестивалі болды. 15 республиканың цирк ұжымы келді. Қазақстанның атынан өнер көрсетуге біздер бардық. Жасым 15-те. Маған сол кезде ою-өрнекпен өрнектелген әдемі қазақша костюм тігіп берді. Мен моноцикльде өнер көрсеттім. Атақты Юрий Никулиннің жасы 70-ге таяп қалған шағы. Шашы аппақ. Біз өнер көрсеткенде келіп қарап тұрады. Шапалақ ұрады. Тілек айтады. Сахнада екі апта цирк аңызы Никулинді көру бақыты бұйырды. Сол фестивальден лауреат болып, кіші медаль иегері атанып келдім. Сол фестивальде Мәскеудегі цирк әртістерін оқытатын колледждің ұстаздары біздің өнерімізді сырттай бақылап, өздеріне шәкірт іздеп отырған екен. Келесі жылы біздерді оқуға шақырды. 8 сыныпты бітірген жылы ұстазымыз бір топ баланы ары-бері тұрғызып, фотосуретке түсіріп, оны қағазға басып шығарып, поштамен Мәскеуге, цирк әртістерін даярлайтын оқу орнына жіберді. Бір айдан кейін үш қыздың іріктеуден өткенін, енді Мәскеуге келіп, емтихан тапсыру керектігі баяндалған хат келді. Біреуі мен, екі қыз бірнеше жыл бірге жаттыққан қырым татарының қызы. Қуанышымызда шек жоқ. Алып-ұшып үйге келіп, оқуға кететінімді айтсам, ата-анам қуанышымды су сепкендей басты. «Біз сені Мәскеуге оқуға жібере алмаймыз. 9-10 сыныпты жалғастырып, мектепті бітірген соң елде оқисың. Қазір кішкентайсың. Біз сені үлкен қалаға жіберсек, жоғалтып аламыз» деп менің жылағаныма, жалынғаныма қарамай, үзілді-кесілді қарсы болды. Емтихан тапсыруға жолдама алған екі қыз Мәскеуге кетті. Тапсырды. Оқуға түсті. Бітіргеннен кейін Мәскеу циркінде жұмыс істеуге қалып қойды. Жылап-жылап мен қалдым. Екі жыл сабақ оқымадым десем де болады. Үйде сабақ оқып, дайындалып-ақ барамын. Бірақ мектепке барған соң, ұстаздарға сабақ оқымағанымды, дайындалмағанымды айтамын. Үйдегілерге қырсыққан түрім. Күнде-күнде күнделігіме үш толтырып алып келсем, ата-анам «мына қыздың сабағы нашарлап кетті, Мәскеуге барып оқыса, оқысын» деп жіберетін шығар деген ой. Бірақ олай болмады.

 

 

 

Өмірдің өзі

 

Мектеп бітірген соң Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына оқуға түстім. Бірақ ауа райының суықтығы, азынаған желі денсаулығыма кері әсер етіп, бір жылдан кейін оқуымды Ташкентке ауыстыруға тура келді. Педагогика саласын бітіріп шықтым. Ауылдағы талай баланың талантын ұштап, кәсіби цирк әртісі етіп шығарған ұстаздарымыз кейін Ресейге көшіп кетті. Әлі күнге дейін хабарласып, хат-хабар алмасып тұрамыз. Ал мен педагог ретінде жаман маман болған жоқпын. Ауылда, сосын қалада тәрбиеші болдым. Қысқа оқыту курсында тәрбиешілерге сабақ бердім. Тұрмысқа шықтым. Үш ұл-қызды дүниеге әкелдім. Отбасылық қажеттіліктің көбі өзімнің мойнымда болғаннан кейін саудамен де айналыстым. Осылайша үйдің қым-қуыт тіршілігі, қарбалас өмірі мені мәдени жаңалықтардан, оқиғалардан алыстатып жіберді. Алыстатып жібергені соншалық Шымкентте цирк ашылғаны туралы хабарды бір жылдан кейін естідім. Теледидар қарап отырып, жүгіртпе жолдан Шымкент циркіне мамандар іздеп жатқан хабарландыруды көзім шалып қалды. Ішімде көптен ұйықтап жатқан арман оты жылт етті. Мекенжайы мен телефон нөмірін жазып алып, ертеңіне циркке келдім. Бұрын өзі циркте арқан үстінде өнер көрсеткен бір кісі топ құрып, оған адам жинап жатыр екен. Бір нөмір шығарса, командасымен штатқа жұмысқа қабылданады. Менде бос уақытымда келіп, адамдармен бірге жаттығуға кірістім. Циркте әлі реквизиттердің жоқ кезі. Базар аралап, әртүрлі доп сатып әкеліп, сыртын қаптап тігемін. Айналдырсам, бірде салмағы жоқ, бірде ауыр, бірде үлкен, бірде кіші боп кетеді. Қайта базарға жүгіремін. Осылай жүріп, бір күні өнер көрсетуге болатындай доп тігіп алдым. Бір күні бізге ұстаз боп жүрген Дяд Петя Атырауға вахталық жұмысқа ауысып кетті. Екі ай ақысыз жұмыс істейсіңдер дегенді естіген күйеуім де «сол циркті қоя салшы» деп жүрді. Содан мен қайта циркке бармай кеттім. Балабақшаға жұмысқа кірдім. Бірақ манеждің иісін сезіп қалғаннан кейін жатсам-тұрсам циркті ойлаймын.

 

Екінші мүмкіндік

 

2013 жылдың күзінде бір анықтама алуға «Жұмыспен қамту орталығына» бардым. Сол жерде цирк әртістеріне көмекші іздеп жатқан хабарландыруды көріп, алып-ұшып циркке қайта келдім. Қолымда бала кезде өнер көрсеткен суреттерім бар. Мені директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары Баян апай көрді де «былтыр дайындыққа келіп жүріп, бірден қайда жоқ боп кеттің? Сені сұрастырып, іздеп таба алмадық. Сырттай бақылап жүргенімде жақсы ұстаз шығады екен деп ойлағанмын. Цирк әртістерінің көмекшісі емес, дайын тұрған әртіссің ғой. Бірақ бізде айлық төмен, 25 мың. Жұмысқа келуге ойланып, шешім қабылдарсың» деді. Ал менің істеп жүрген жұмысымда 50-60 мың теңге айлық алатын едім. Бір ай екі жұмысты қатар істеп, бір айдан кейін өз еркіммен жұмыстан шығып, циркке келдім. Ата-енемнің қолында тұрамыз. Ол кісілердің бабын жасап, балаларды мектепке, балабақшаға тасып, циркте дайындық жасап үлгеруім керек. Мен келгеннен кейін екі аптадан соң Сәбит Әбдіхалықов циркке басшы болып келді. Ол ұжымдағы әрбір қызметкерлермен, әртістермен жеке-жеке танысты. Кей қызметкерлер «40 жаста циркке оралу кеш, енді қанша жаттықса да физикалық тұрғыдан дайындала алмауы мүмкін» деген ойларын білдірген. Сонда ол кісі «Одан жақсы ұстаз шығады. Жұмыстан шығару түк те емес, ал қазір мүмкіндік берейік» дейді екен. Еңбекқорлығымды көріп, маған циркте жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Саусақпен санарлық әріптестерім қолдады, демеу болды. Сол мүмкіндікті қолдан жіберіп алмай, пайдалана білдім.

 

Моноцикль жыры

 

Цирк әртістері 1-2 сағаттан бөліп алып, үлкен манежде жаттығу жасайды. Маған уақыт жетпей қалады, тиіп-қашып бір шетінде жаттығамын. Бір күні кіші манежді көрдім. Ол кезде кіші манеж әлі дайын емес еді, топырақ болып жататын. Іші суық, дауысың жаңғырып тұрады. Елдің көзінен таса сол жаққа кетіп қалып, екі сағат өзіммен-өзім еркін жұмыс жасаймын. Қаңтар айында батылдығымды жинап, Сәбиттің алдына кіріп моноцикль алайық дедім. Қолдай кетіп, қолыма 750 доллар ұстатты. Сол уақытта біздің циркке Бішкектен жыланмен билейтін ерлі-зайыпты цирк әртістері іссапармен келген. Сол жақта сатылатын моноцикль бар деп айтты. Тауып, сөйлесіп, жеңіл көлікпен Шымкенттен Бішкекке бардық. Барсақ хабарландыруда көрсетілген үш моноциклдің біреуі германиялық, қалғаны қолдан жасалған екен. Қолдан жасалғаны ыңғайсыз, ал германиялық моноцикльді сатпаймын дейді. Соңында Шымкентке моноциклсіз қайттық. Сонша жерге барып, құр қол қайтқаныма ыңғайсыз күйге түстім. Әйтеуір моноцикльді 2014 жылдың 2 наурыз күні Ресейден алдырттық. Бізге Никуллин циркі келе жатқан еді. Үш моноцикльді солар әкеліп берді. Оны жолдасым түнде келіп құрастырды. 24 жыл отырмаған моноцикльді бір отырғаннан теуіп кеттім. Ұмытпаған екенмін. Қалған екі моноцикльге екі ұлым отырды. Үлкенім Жандар 13-те, екінші ұлым Санжар 10-да еді. Алғашқыда талай құлады. Тобығы, үсті-басы көгеріп жүрді. Ауырған кезде шыдау мүмкін емес еді. Бірақ мен аянышпен қарамаймын. Түр білдірмеймін. Өйткені өзім де талай жылап сол жолдан өткенмін. 2015 жылы үшеуміздің моноцикльде дебютіміз болды.

 

Джунгли

 

Цирк басшысы Сәбит Әбдіхалықовтің идеясымен жаңа бағдарлама қоятын болдық. Менде әлі толыққанды нөмір жоқ еді. «Отпен ойнайтын үш цирк әртісі от шашып өнер көрсетеді, төртінші болып электрлі отпен сіз қосыласыз» деді. Үш әртіс менің қосылғанымды қаламай, бұрын-соңды отпен өнер көрсетпеген, оның үстіне джунгли заманында қайдағы электрлі от болады?» деп қарсы әңгіме айтып кетті. Сосын менде намысқа тырысып, шын отпен өнер көрсетейін дедім. Бірақ от шашатын темірдің жасалу жолын үшеуі де айтпайды. Тоқитын сызбасын ғана көрсетті. Жұмыстан соң бәрі үйіне қайтқанда, мен циркте қаламын. Күндіз темірлерді көлік жөндейтін токарға барып, дәнекерлетіп аламын. Сосын оны тоқимын. Ауыр болып кетеді. Қайта токарға барамын. Күнде бар ақшамды темір-терсекке жұмсап, түнгі 12-де қызымды құшақтап, үйге жаяу қайтамын. Ертеңіне тағы сол тірлік. Біресе шынжыр үзіліп кетеді, біресе тоқудан шатысып кетемін. Әйтеуір бағдарлама қойылардан бір күн бұрын түнде балам екеуміз тоқып, тағы жаяу қайттық. Ертеңіне таңғы сағат 7-ден бастап гример бізді үндіс кейпінде бояндырып шықты. Бағдарлама басталардан бір сағат бұрын әріптесім Бауыржан дайындық манежіне апарып, керосинге батырып, от жағып, дайындалып көруіме көмектесті. Темір ауыр екен. Бірақ өнер көрсете алатын сияқтымын. Сол қойылымда 100-ден аса кейіпкерге костюм тігілді. Менікі жарты сағат қалғанда дайын болған ғой. Асығыс тігілгендіктен болар, манежге шығар сәтте үстіме киген лыпам үзіліп кетті. Қолымдағы отты жағып қойғанбыз. От күшейіп барады. Өмір мен өлімнің ортасында арпалысатын өнер ғой. Соңына дейін өнер көрсетуіме қарсы болған қыз сол сәтте «әкеліңіз, мен байлап берейін, тіктіріп үлгермейсіз» деп қолын созды. 24 жылдан кейін циркке қадам басқан алғашқы дебютім осындай естелікпен есте қалды. Циркте қалуыма, өнер көрсетуіме Сәбит Әбдіхалықовтың қолдауы ерекше болды. Ол кісі цирктен кеткенде көзіме жас алып, жылап қалдым.

 

Гари мен Герда

 

Одан кейін циркке Арман Алиев директор болып келді. Аудан-ауылдарға, мектептерге барып өнер көрсетеміз. Балалардың бәрі жануар, аң сұрайды. Цирк ашылған кезде аю, арыстан алған. Бірақ ол аңды үйрететін бізде маман жоқ. Өзбекстаннан арнайы алдырғанмен, олар 1-1,5 жыл жұмыс істеп, ол аң өсіп, енді мінез көрсете бастағанда «отбасылық жағдайға байланысты» деп келісімшартты бұзып, елдеріне кетіп қалады. Аңдарды амалсыз зообаққа тапсыруға тура келеді. Бір күні «неге біз өзге елдің мамандарына тәуелді болуымыз керек. Адам жасағанды, адам жасайды. Өзіміз неге үйретіп көрмеске?» деп ойладым. Басшымызға барып, аң үйреткім келетінін, ол үшін пудыл күшігін алып беруін сұрадым. Бұрын-соңды тәжірибем болмағандықтан сенімсіздік танытты. Бұл 2014 жылдың қарашасы еді. Ақыр соңында қолымдағы бар алтын бұйымдарды ломбардқа өткізіп, 60 мың теңгеге өзім екі пудыл күшігін сатып алдым. Ұл-қызым мәз. 24 сағатымызды сол екі күшікке арнадық. Циркте тұрдық. Отыр, тұр, болады, болмайды деген қарапайым дүниелерді үйрете бастадым. Үш айдан кейін күшіктер ауырып қалды. Алатын айлығым 27 мың. Сол ақшаға екі күшікті таксиге салып, емханаға апарамын. Дәрілерін аламын. Емдетемін. Сөйтіп жүріп, ол екеуіне екпе егуді өзіміз меңгеріп алдық. Енді жазылып, қатарға қосылғанда біреуінің аяғы сынды. Алдымда отыр. Қолымда шұжық бар. «Енді не істейміз?» деп бір саусағымды көтерген ем, бір рет үрді. Сосын тоқтап қалды. Санауды үйрету керек деп шештім. Осылайша үш күннің ішінде күшігім 6-7-ге дейін санауды үйреніп алды. Аяқтың арасынан өту, алға, артқа жүру, дөңгелектен секіру деген сияқты тәсілдерді үйреттім. Тез алып кетті. Бірақ бірден бірнеше әдісті жаттатуға болмайды, бір жағы арасын да ұзартпау керек. 2015 жылдың тамызында, күшіктер 10-11 айында сахнаға шықты. Гари мен Герда осылайша аз уақыттың ішінде «Оңтүстік Цирктің» «жұлдызына» айналды. Екеуі – менің жекеменшігім. Өнер көрсеткендеріне гонарар алған емеспін. Өз қалтамнан тамақтандырамын. Ауырса емдеймін. Қазір қолымда циркте өнер көрсететін төрт күшігім бар. Олардың тамағына айына 70 мың кетеді. Өз тамағын өздері табады. Арасында балабақша, туған күн, мерекелік іс-шараларға ақылы өнер көрсетуге шақырады. Қай жерден өнер көрсетуге тапсырыс келеді, қалмай баратынбыз. Бір сағат үйде отырғанша, аз да болса ақша бола берсін деп, ерінбей барып келетінмін. Иттердің жағдайы жақсы болуы керек. Манеж сыртында, көрерменнің көзінен сырт қалатын қиындықтардың бірде-бірін сыртқа білдірген емеспін. Еңсемді тік ұстайтынмын. Менде мынау жоқ, мынау жетпей жатыр деп ешкімге алақан жаймадым. Мұның бәрі үздіксіз еңбектің арқасы. Іссапарларға екі топ алма-кезек шығатын. Ал мен екі топтың да құрамында болып, демалыссыз жұмыс істейтін едім. Сол еңбегімді бағалап Арман Алиев аз да болсын өзіңізге, иттеріңізге көмек болсын деп сыйақы тағайындап тұрды.

Симба мен Лео

 

Ветеринарымыз университетті жаңа бітіріп келген жас маман еді. Бір күні оның екі абаданға ет беріп жатқанын көріп қалдым. Екі қолында да ет. Оң қолындағы етті бір абаданға беріп тұр, сол қолындағы етті көтеріп тұр. Оған екінші абадан өрмелеп шығып барады. Бұрылып келдім. «Бұлай тамақтандыруға болмайды. Екеуіне екі бөлек бер, таласпайды, Қолыңа өрмелетпе, бір күні қолсыз қаласың. Олар кішкентай болса да, тісі өткір» дедім. Сөйтсем, «бұл абадандарды үйрететін маман тағы еліне кетіп қалды. Сіз қараңызшы» дейді. Екеуі де анасынан енді айырылған екі айлық абадан. Қорғансыз қалып қойды. Кез келген жануарда бірінші кезекте қорғану реакциясы жұмыс жасайды. Бұл кезде ұруға, қатты сөйлеуге болмайды. Дауыс көтерсеңіз немесе ұрсаңыз сол реакция іштерінде жинала береді де, бір күні кек қайтарады. Кіп-кішкентай болып, қорғанып, сескеніп, ысылдап тұрған кезінде олардан ересек арыстанның даусы шығады. Басшылыққа кіріп, осы екі абаданды өзім үйретейін деп қоярда-қоймай, жалынып жүріп алып алдым. Ол кезде менде күшіктермен жұмыс жасаған үш жылдық тәжірибем бар еді. Жыртқыш аңды үйрететін мамандықты оқытатын бізде оқу орны жоқ. Ол атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп. Екеуін манежде ары-бері жетектеп жүремін. Адамдар көріп, қызығып, ұстап көрсек бола ма дейді. Ұстауға, суретке түсуге рұқсат беремін. Өйткені олар жабайы болмай, шулы жерде үйрену керек. Көрермендер шапалақ ұрып, шулаған кезде шошымау керек. Ағаштан, темірден, бірі қисық, бірі үлкен, әйтеуір олардың секіруіне кедергі болатындай тумбалар қойып, секіруді үйрете бастадым. Олар секіргенде құлап қалмау керек немесе арасы алшақ болып, ілініп қалса, қорғану истингі жұмыс істеп, екінші рет секіруге қорқады, секірмей қояды. Ойын баласы кезінде, жалқаулыққа салындырмай үйрету керек. Екеуі он күн ішінде манежге, адамдарға үйреніп, бір кедергіден екінші кедергіге секіре бастады. 2017-2018 жыл біздер үшін жемісті болды. Арыстандарды манежге шығардық. Іссапардан-іссапар. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. «Великий русский цирктен» шақырту алып, Қытайдың Хоргосында, шекарада үш ай бала-шаға, арыстан-итімізбен бірге жұмыс істеп келдім. Арыстандармен көмекшісіз, жалғыз өзім жұмыс істедім. Бар мейірім-махаббатымды арнадым. Қол көтермек түгілі, маңдайларынан шерткен емеспін. Ең қатты сөйлегенім «Симба, бұның не енді, бәрін құрттың ғой» дейтінім шығар. Қалай дайындап жатқанымды көруге бәріне рұқсат беретінмін. Мүмкін басқалар да осылай аң тәрбиелеуге қызығушылығы оянып қалар, бізде жаңа маман пайда болар деген оймен.

Арыстандар бір апта ет жемеген

 

2021 жыл басталған тұста «Шымкент циркі» «Cirque du Soleil» циркінің бағытында «Аңсыз цирк» жобасын бастайды деді. Сөйтті де екі арыстан зообаққа өткізілді. Алғашқыда стресстік жағдайға түсіп, тамақ жегім келмей, ешкіммен сөйлеспей жүрдім. Алып кеткен күні барып, темір торға қамалған екеуін көріп жүрегім ауырып қайтты. Сөйтсем екеуі де бір апта нәр татпай қойыпты. Қызметкерлер «Бір күн жемейді, жыртқыш ғой, ертең жейді» деп ойлаған. Сөйтсе жеті күн түртпеген. Аштан-аш. Барсам ет алдында жатыр. Түртпейді. Ары-бері теңселіп жүр. Басшылығына барып, «олар осы жағдайға үйренгенше өзім тамақтандырып тұрайын, олар менің тастап кетпегінімді сезінсін» деп рұқсат сұрап, біраз уақыт тамақтандырып тұрдым. Біз, адамдар бар мен жоқ, өмір мен өлім, тағы басқа дүниелерді түсінеміз. Арыстандар ұқпайды ғой. Олардың көкейінде өле-өлгенше «неге біз темір торда, айдалада жалғыз қалып қойдық, неге ажырап қалдық» деген сұрақ тұрады. Өкпелейді. Менің жанымды ауыртатыны сол. Төрт жыл екі арыстанымның қастарында болдым. Оларды тәрбиелеу үшін циркте қонып, жұмыс істедім. Мейіріммен өсірдім. Қазір зообаққа уақыт тауып барып тұрамын.

 

Үш балам да цирк өнерінде

 

Арманымды кеш болса да жүзеге асырған соң үш баламның да менің жолымды қуғанын қатты қаладым. Мен циркке жұмысқа кіргенімде Жандар 13-те, Санжар 10-да, Перизат 5-те еді. Сол сәттен бастап олар циркте өнер көрсетуді қолға алды. Кейде олардың қиналғанын көріп, осыларға өз арманымды таңамын деп, бағытынан адастырып жібермедім бе деп ойланамын. Сөйтемін де, «балалар мүмкін басқа оңай мамандықты таңдарсыңдар» деймін. «Мама, сіз қызықсыз. Бала кезден көрген-баққанымыз цирк. Сонша жолдан өтіп келіп, қалай біз бұл өнерден бас тартамыз. Біз қазақ циркін көтереміз, әлемге танытамыз» дейді. Үлкен ұлым Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін бітіріп, Қытайда алты ай жұмыс істеп келді. Қазір қасымда. Екінші ұлым жақында ғана атақты Никуллин циркіне жұмысқа қабылданып, Ресейге кетті. Алғашқы дебюті болды. 

Қызым биыл жетінші сыныпта. Перизатым 8 жасында халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, үшінші орын алды. Қазір иттерді жаттықтырады, әуе гимнастикасында өнер көрсетеді. Ол да болашағын циркпен байланыстырады. Ешкімге мұң шақпадым. Қиналғанымды білдірмедім. Тек еңбек еттім. Сол еңбегімнің еленетін күні алда деп сенемін. Ең бастысы, бала кезгі арманыма адал болып, қанша қиындық кездессе де, кедергілер болса да, 40 жасымда цирк сахнасына шығып, сегіз жылдан бері өнер көрсетіп келемін. Халықтың, кішкентай көрермендердің ыстық ықыласына бөлендім. Қазақ қыздарынан шыққан алғаш жыртқыш аң үйретуші болдым. Мұның бәрі менің өмірімді шуаққа, бақытқа бөлейді. Армандарыңыздан бас тартпаңыздар!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға