Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан экономикасы
Қазақстан 1991 жылы алған тәуелсіздігінен кейін талай қиыншылықтарды бастан кешірді. Нарықтық экономикаға тарихта алғаш рет қадам басқан еліміз алғашында танымайтын, көрмеген жүйесінен сескенсе де, қазақтың «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөзін растады. Экономикамыз тек қана Орталық Азия елдері арасында ғана емес, әлемдік рейтингтерде де жақсы орындарда көзге түсіп жүр. 23 жылдық тарихымызда біраз еңбек атқарылса, El.kz редакциясы соның ішіндегі ең нақты экономикалық көрсеткіштерді ұсынсақ деп шешті.
Жалпы Ішкі Өнім (ЖІӨ) көрсеткіштері: Қазақстанның 2013 жылғы ЖІӨ-і жан басына шаққанда 13 мың АҚШ долларын құрады. Жалпы Ішкі Өнімнің өсімі 6%-ды құрады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 1997 жылы еліміздің ЖІӨ-і жан басына 700 АҚШ долларын құраса, 2011 жылы 9 мың АҚШ долларын құрады. Көріп отырғанымыздай, 2008 жылғы әлемдік кризиске қарамастан еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері тек өсе берді.
Жоғарыдағы графикке қарасақ, еліміздің 1992 жылы ЖІӨ-і жан басына шаққанда 168 АҚШ долларын құраған екен. Мысалы, қазір дүниежүзіндегі жан басына шаққандағы ең аз ЖІӨ көлемі 400-600 АҚШ долларын құрайды (Конго Демократия Республикасы, Орталық Африка Республикасы). Еліміздің экономикасының 23 жылда жасаған қадамын елестетіп көріңіз. 1999 жылдан бастап
- Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды.
- 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті.
- Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік.
- Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
- «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы кредит болатын 225 жоба мақұлданды.
Экономикамыздың дамығандығын көрсететін тағы бір көрсеткіш ол – білім саласы. Мысалы, «Балапан» бағдарламасын іске асыру балаларды мектепке дейінгі білім берумен 65,4%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді. Міндетті мектепалды даярлық енгізілді, ол мектеп жасына дейінгі балалардың 94,7%-ын қамтыды.
Республикамыздағы шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 233 417 бірлікті құрады. Салыстырмалы түрде, 2012 жылға бұл көрсеткіш 6,4%-ға азырақ болған екен. Сонымен қатар, заңды тұлғалардың жалпы саны 2013 жылы 321 617 бірлік болған. Ал, адам саны 50-ге жетпейтін субъектілер саны 302 020 бірлікті құраған. Жалпы алғанда еліміз бойынша шағын кәсіпорындар саны 2013 жылдың ақпанында 161 276 бірлік болды.
2014 жылғы қаңтардағы ШОК субъектілері қызметінің негізгі көрсеткіштері
|
ШОК белсенді субъектілерінің саны |
Қазақстан Республикасы |
106,9 |
Ақмола |
105,3 |
Ақтөбе |
102,8 |
Алматы |
96,1 |
Атырау |
101,4 |
Батыс Қазақстан |
103,4 |
Жамбыл |
108,6 |
Қарағанды |
108,9 |
Қостанай |
105,3 |
Қызылорда |
112,9 |
Маңғыстау |
110,1 |
Оңтүстік Қазақстан |
112,6 |
Павлодар |
105,3 |
Солтүстік Қазақстан |
104,7 |
Шығыс Қазақстан |
102,2 |
Астана қ. |
107,1 |
Алматы қ. |
116,3 |
Декеккөз: stat.gov.kz
Болашақта да мемлекет тарапынан еліміздегі кәсіпорындар мен басқа да салаларға ауқымды қаржы бөлінбек. Елбасымыздың 11 қараша күнгі, "Нұрлы жол" Жолдауында айтып өткендей, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге, тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін қосымша 100 миллиард теңге бөлінеді. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандырылатынын айтты.