Тәуелсіздік шетелдегі қазақтарды жаңаша ойлауға шақырды!
1980-1990 жылдары Иран, Түркия, Ауғаныстан, Сауд Арабиясы, Пəкістан, Еуропа елдеріндегі қазақтар бір- бірімен тығыз байланыса бастады. Кеңестік Қазақстандағы 1986 жылғы жастардың желтоқсан қозғалысы, одақтағы қайта құру серпілісі – бəрі шетел қазақтарын жаңаша ойлауға алып келді. Ол – ата-мекенге оралу еді. Аталмыш елдерде мүмкіндігінше жаңадан ресми-бейресми қоғамдар, ұйымдар не басқосулар жиіледі. Əңгіменің түйіні бір-ақ нəрсе – барлық жерде қазақ салтын жаңарту, сонымен қатар ата мекенмен байланысты күшейту жолдарын қарастыру болды.
Қазақтар үшін 2000-шы жыл өмірлерінің жаңа өрісіне бастау болды. Өйткені жиырма жыл тоқырауға себеп болған Иран мен Ирак соғысының зардабы жəне ата мекенге көшемін деген ойының аласұрған алаңынан құтыла бастап жаңа өмір жолына түсе бастады. Жаңа бағытта біріншіден- Иран елінің жоғарғы оқу орындарында қазақтың жүздеген ұл-қыздары заманаға сай түрлі мамандықтар математика, компьютер, ауыл шаруашылығы, экономика, педагогика, қоғамдық білімдер, басқару мамандығы, кеме инженері, əдебиет, статистика, техника саласының бағыттарында оқуға кірісті. Олардың алдыңғы тобы қазіргі кезде жаңа көзқарастағы жаңа буынды қалыптастырып келе жатыр. Солардың бір легі мемлекеттің əр түрлі салаларында аймақтық басқару деңгейінде жұмыс істеп ел абыройына бөленіп жүр. Екіншіден-Ата мекенге оралған қазақтар да осы қоғамға бейімделіп, орнықты өмір жолын сан-салада жалғастырып келеді.
Ендігі маңызды мəселе – тіл мəселесі. Өйткені иран қазақтарының ана тілінің ахуалы да мəз емес. Ал, ираннан елге оралғандарының ана тілі дамып келе жатыр. Тіпті осында дүниеге келген балалар парсы тілін білмейді. Сондықтан олар иранда қалып қалған ағайындарымен түсінісіп тілдесе алмайды. Тілдерінің өзгешелігіне қарай психологиялары да түрленіп барады. Сол үшін шет елдердегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтап қалу үшін шет ағайындардың қазақ тілін үйрену үшін интернат типіндегі тұрақты жəне мерзімдік тіл үйрететін мектеп ашып, диаспора балаларын, жастарын жазғы демалыстарында шақырып, тілдерін жетілдіріп отыру қажет. Ал, иран қазақтарының ана тілі шорқақ болуының бірінші себебі- Иран елінің тіл саясаты болса, екінші себебі – Қазақстанда қазақ тіліне көңіл бөлінбей, мемлекеттік деңгейде қолданысқа енбей отырғаны жалпы диаспора қазақтарының көзқарасына, психологиясына болымсыз əсерін тигізіп келеді .