Жаңалықтар

Тәуелсіздік қыраны

Бауыржан Қарағызұлы Диалог – Көңіл пердесін аштым ба түріп, Көкжиек көрінді нұрлы?.. – Көгілдір аспанның астында тұрып, Көтердім көгілдір Туды!
04.12.2014 10:02 21759

Тәуелсіздік қыраны

Бауыржан Қарағызұлы

Диалог

– Көңіл пердесін аштым ба түріп,

Көкжиек көрінді нұрлы?..

– Көгілдір аспанның астында тұрып,

Көтердім көгілдір Туды!

 

– Кезген бір тылсым Даланы мәңгі,

Кие боп кеудеме енді ме?

– Көгілдір туға оранып алды,

Күн күліп сәулеленді де!

 

– Керуен жолдан мың адасыпты,

Көнерген жылдар аңсар боп...

– Көзұшындағы Қыран да асықты,

Көгілдір туға қонсам деп!

 

– Көңіл пердесін аштым ба түріп,

Көкжиек көрінді нұрлы?..

– Көгілдір аспанның астында тұрып,

Көтердім көгілдір Туды!

(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз,

Көкіректе әуен үздікті...)

– Көгілдір туды көтерген... кімсіз?

– ТӘУЕЛСІЗДІКПІН!!!

 **************************************************************************************************************************

Тәуелсіздік қыраны

Егемендік иесі мен деген сөз,

Көптеген бері естілмеген ерен сөз,

Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған

Көркем жігіт болып өссе көрген сөз.

Егемендік ел болудың белгісі,

Басқа жұртпен тең жұлдызы,тең күші.

«Егемендік» деген сөзден естілер

Ата жұрттың арысы мен бергісі.

**************************************************************************************************************************

Жадымда қалған – Желтоқсан...

Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,

Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.

Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,

Жүрегімді тағы бір сыздатып алды.

 

Толқындар талай соғады жағаны ұрып,

Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.

Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,

Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт.

 

Өмірден мынау келемін аласымды алып,

Түскенде сонау есіңе қаласың налып.

Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,

Отырғандары баланың баласын бағып.

 

Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық

Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.

Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,

Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып.

 

Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,

Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.

Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,

Алдына келіп бас идім жасымды бұлап...

 

Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,

Бұл елдіктің құрметі асылдарына.

Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,

Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға