Тəуелсіз ми мен əділ жүрек қана шындыққа апарады
Бұл сөзді тіпті де ашалай түскенім дұрыс сықылды. Мен бұл «Үйсіннамаға» міне осындай жүрекпен, ежелгі үйсіндер жайлы ең ежелгі жəне өзгелерден əлдеқайда толығырақ тоқталған Қытай жылнамаларына жəне бергі ғалымдардың ол туралы зерттеулеріне сүйене отырып зерделеумен келдім. Алайда, басын ашып қоюға тиісті мыналар менің есімнен бір сəт те шыққан емес.
Тарихи ауызша аңыздар түгіл, жазба тарихи деректердің бəріне бірдей, тіпті əр ауыз сөзіне шейін жүз пайыз сене беруге болмайтыны – минимум сауат. 1998 жылдың 20 қаңтарындағы «Гуаңмиң Рыбауда» Су Шуаңби айтқандай:“Əрине, Қытай дəстүри тарихында кебек те, мешеулік те бар. Сондықтан дəстүри тарихтардағы үйлесімсіз жерлерді сөгу де – осы заман Қытай тарих ғылымының міндеттерінің бірі”. Иə, жылнамаларда кебек, мешеулік, үйлесімсіздік қана емес, өтіріктер де бар. Бейне өзге елдердегі сияқты, Хəн тарихшыларының ішінде де небір суайттар болған. Оған мысалдар – Жаң Шинчың мырза жазған «Жалған кітаптарға сын» атты еңбекте сенімсіз тарихтар деп аталған «Тасадағы жоунама» мен «Соғысқақ елдер айласы» сықылды кітаптардың авторлары. Бұларды Уаң Гоуей мырза да өз еңбектерінде солай атапты. Жоғарыда аталған Ли Линге қатысты «Ли Линнің Су Уға жауаптары» деген кітап та – сондай жалған кітап.
Хаңжоу университетінің тарихи география зертханасының ғалымы ЧынЧяуей əйгілі тарихшы, қазақ тарихына талай еңбек сіңірген профессор Су Бейхай марқұмның “Батыс өңірдің тарихи географиясы” деген кітабына қосқан алғы сөзінде: “Хəн тілді əдебиеттердегі материалдардың жазылған жылдары едəуір ертеде. Ал Батыс өңірдің аумағы кең, құбылысы жиі, этностары мен діні күрделі, тілі мен жазуы əр алуан болғандықтан ерте замандағы əр түрлі əдебиеттердегі ол жайлы материалдар, көбінесе, адамына қарай өзгерген, бірі біріне қайшы да келген, сондай-ақ қате көшіру де, өтірік айту да болған”, “кейі жол-жөнекей хабар ошарға да негізделген” – деген болатын. Мұны 2000 жылдың арғы жағындағыны былай қойып, бүгінгі ахуалдардан да кезіктіруге болады. Бұл сөзіме де мысал ала кетейін:
1. Қазірдің өзінде ескі жылнамалардағы ескіше бейнелеу тəсілдерінің шеңберіне қамалудан Қырғызстан қырғыздары “жиыржисы” деп жазылса, Қытай қырғыздары “кыаркызы” деп хатталып жүр. Татарлар да бірде “дадан”, енді бірде “татаыр” делінеді. Қытай Алтайындағы тыбалар бертінге шейін моңғол саналды. Дəп бүгіннің өзінде, егер қазақ тілі мен салтына шорқақ біреу“Қай елсіз?” деген сұраумен Қытайдағы Алтайға барса “кереймін”, Ілеге барса“қызаймын” деген жауап алуы, оны сол бетінше хаттауы сөзсіз. Ал, ана Алтай мен Іледегі қазақтар үшін жұрттың бəрі білетін “қазақпын” деу түгіл, Орта жүздікпін деу де мүлде артық саналар еді. Мыңдаған жылдар өткенде осыларды əлгі шорқақтың хаттауы бойынша басқа басқа этностар, ұлттар демеуге кім кепіл. 2000 жыл бұрынғы, сақтар мен ғұндар туралы жоғарыда ЧынЧяуей айтқандай “жол-жөнекей хабар ошарға негізделген” жазындыларда мұндай ағаттықтар жоқ деп тіпті де айта алмайсыз.
2. Ана жылы хəн тілінде “Алыстағы ақ отау” деген хикаяттың қаттысынға алынғаны белгілі. Автордың сондағы көп қателігінің бірі – əкесі бауырына салып алған тұңғышын жігіттің: “менің келіншегімнен туған, бірақ атасының баласы” дегенін қате малданып, атасы мен келіні қосыла бередіге меңзеуі еді. Мұндай жаңсақтық арғы замандарда тіпті көп болған шығар-ау.