Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихы
Бірінші Конституция 1924 жылы Қазақстан «автономиялы республика» атанып тұрған кезде қабылданса, екіншісі негізгі заң ретінде 1937 жылы «жеңімпаз социализм конституциясы» түрінде қабылданыпты. Үшіншісіне келсек, ол 1978 жылы «жетілген социализм конституциясы» ретінде өмірге қайта жаңарып, жасарған кескін-келбетте жетілдірілген екен. Яғни, олардың қай-қайсысы да өз кезең-кезінің айнасы іспеттегі мазмұн-мәнде өмірге келіпті.
Сонымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихына шолуымызды жалғастыра келе, енді 1995 жылғы Ата-заңымызға келсек, ол жалпы халықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл тәуелсіздігіміздің басты да негізгі көрінісі еді. Міне содан бері жиырма жыл уақыт өтіпті. Бұл қазақ тарихының белді бір кезеңдері болып есептелінеді.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Сонымен бірге мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы
Конституциясы
Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін және 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік биліктің органдары құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтық негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.
1937 жылғы Қазақ КСР
Конституциясы
Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды. Онда «КСРО Конституциясының 14-бабының шегінен тыс Қазақ КСР-і өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», – деп жазылған. 1937 жылғы Конституцияда сондай-ақ экономикалық, саяси қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамалардың орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу т.б. мәселелер қарастырылған.
1978 жылғы Қазақ КСР
Конституциясы
ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Өкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылау орнатты. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.
1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесінің принциптері, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік даму мемлекеттік жоспары институттары, мемлекеттік бюджет, сот тәртібі, төрелік соты, прокурорлық қадағалау және т.б. мәселелер қамтылды.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға елеулі өзгертулер енгізген бірқатар заңдар қабылданды. «Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы» 1990 жылғы 20 қарашадағы Заңға сәйкес Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже енгізілді, Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.
1993 жылғы Қазақстан
Республикасының
Конституциясы
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрады. Коституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне Парламенттік республика моделі алынды.