Жаңалықтар

«Төрткүл» керуен сарайы

Ерте дәуірлерден-ақ Орта Азия аймағын өзге де елдермен байланыстыратын керуен жолдары болған.
17.06.2014 10:46 12181

Ерте дәуірлерден-ақ Орта Азия аймағын өзге де елдермен байланыстыратын керуен жолдары болған. Ежелгі қала орындарына жасалған археологиялық қазба жұмыстары сауда жолындарында түрлі өркениеттердің болғанын дәлелдейді. Соның бірі Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайы.

«Төрткүл» керуен сарайы

 «Төрткүл» кешені IX ғасырда ірге көтерген, төрт ғасыр бойына сауданың қайнаған қызу ортасы болған, Тараз тарихының тамырын тереңге тартатын кешендердің бірі. 
Кешеннің жалпы аумағы 100 шаршы метрден асады. Қорғандарының биіктігі 5 метрдей болса, қалыңдығы да 5 метрге жуық. Қорған айналасында 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа жасалған. Негізгі қақпаның екі шетіндегі 4 бөлмеде қолданбалы өнер шеберханасы болған.

Керуен сарайы кешенінде қонақ үй, жүк таситын түйе мен жылқыларға қоралар, жүк сақтайтын қоймалар қарастырылған. Бұл жерлерде керуендер мен оның құрамын қарақшылардан қорғайтын арнайы жасақтар да қызмет ететін. 
Керуен сарайлардың қорғаныс мақсатындағы салынуы және оның ішкі құрылыс бөліктері сыртқы пішінінің бекініс түрінде көрінуіне себеп болды. Олар қамал дуалдарымен қоршалады. Көпшілігі екі бөліктен дуалмен қоршалған. Дуал бекіністері тік төртбұрышты пішіндес келетін, ішкі алаңқайлары жан-жағына әртүрлі мақсаттағы бөлмелер салынған.

Керуен сарайы туралы толығырақ білмек болып, Жамбыл облыстық әкімдігіне қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің маманы, тарихшы Сауран Қалиевпен сұхбаттастық. 
«Төрткүл» керуен сарайы шамамен XI-XIII ғасырларға жататын Тараз қаласының тарихи орындарының бірі. Бүгінгі күні кешенді аспанасты музейіне айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу жұмысы барысында қала дуалдарының ортағасырлық қалаларға тән топырақтан (пақса) салынғандығы анықталды. Дуалдармен жанаса салынған үй орындарының бірнеше бөлмелерімен ХХ ғасырдың басында салынған Мешіттің орны ашылып зерттелді», - дейді Сауран Қалиев. 
Тарихшы маманның айтуынша, бұл керуен сарайының орнынан бірнеше археологиялық жәдігерлер де табылған. 
«Қазба барысында табылған түрлі қыш ыдыстар, арабша жазуы бар мыс тиындар, жебе ұштары, үзеңгі секілді ат әбзелдері, бөлмеде орналасқан қазан ошақтары, сақтау қоймалары ғылыми-лабороториялық зерттеумен айқындалып, қазба барысында табылған заттай деректер Алматыдағы археология институтына жіберілді. Кейін арнайы лабороториялық зерттеуден өткізіліп, облыстық музейдің сақтау қорына өткізілген. Жергілікті тұрғындар мен келіп-кетушілерге арналған тас жолдар жасалып, археологиялық қазба барысында ашылған орындарға тиісінше консервациялық жұмыстар жүргізіліп, кешен толықтай қорғауға алынды», - дейді маман.

«Төрткүл» керуен сарайы

Бір қызығы, керуен сарайлары жол бойына арнайы жүйелі есеппен салынған. Таңертең керуен сарайдан шыққан керуен күн бата келесі бір тұраққа жетіп тоқтайды. Ол керуеншілерде жол бойындағы қонақ үйлердің қай жерде орналасқаны туралы анықтама кітапшалары болған. Ұлы Дала төсінде талай керуендер мен жолаушылар беттеп бағыт алған бұл кешен қазіргі күні облыс әкімдігінің қамқорлығына алынып, этнотуризмді дамытуға арналған мекен ретінде күрделі жөндеуден өтуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға