Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ АЙМАҚТЫҚ ҚХА ҒИМАРАТЫН САЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ АЙМАҚТЫҚ ҚХА ҒИМАРАТЫН САЛАДЫ
18.01.2019 03:11 2218

Түркістанда 15 облыс-қала әкімдігі тиісті нысандардың құрылысын жүргізеді, оның ішінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғимараты да бар. 

Түркістанда арнайы іссапармен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин болып қайтты.

Ол ең алдымен облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Одан соң Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс орталығын дамыту бойынша келелі жиынға қатысты.

Оған Бірінші Вице-премьер А.Мамин, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және өзге де облыс басшыларының орынбасарлары, ұлттық компания өкілдері мен инсвесторлар  қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

Сондай-ақ, өзге облыс пен қала басшылығы өкілдері өздеріне тапсырылған нысандардың құрылысы жөнінде хабардар етті. 

Мысалы, Алматы облысының әкімдігі «Жастар сарайы» ғимаратының құрылыс жұмыстарын басталғанын жеткізсе, Ақтөбе облысы - «Әзірет Сұлтан» қорығында мәдени-демалыс нысандарын салмақ. Атырау облысы - ашық аспан астындағы мәдени-тарихи мұражайдың құрылысын бастамақ. Шығыс Қазақстан облысы - әуенді субұрқақ салуды көздеп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы - олимпиадалық резервті дайындайтын облыстық спорт мектебін салуды жоспарлап отыр. Жамбыл облысы - «Әзірет Сұлтан» қорығына мәдени-тарихи Визит орталығын тұрғызбақ. Батыс Қазақстан облысы - Тарихи-киелі орындар орталығының құрылысын жүргізеді.

Бұдан өзге, Қостанай облысы - Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратын, Қызылорда облысы - Шығыс моншасын, Маңғыстау облысы – Амфитеатрдың құрылысын бастайды.  Елордасы Астана қаласы – «Астана» алаңының, Алматы - Медиа орталықтың, Шымкент қаласы - Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылысын бастауда.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин баяндамашылар көтерген мәселелер назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласын дамыту үшін жауаптыларға құрылысты қарқындатуды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға