Жаңалықтар

Түркістан облысының тұрғыны жылыту радиаторларын өндіру жобасын ұсынды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады
Түркістан облысының тұрғыны жылыту радиаторларын өндіру жобасын ұсынды
Фото: gov.kz 30.09.2022 17:16 1194

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Кездесу барысында Астана, Алматы, Атырау, Шымкент қалалары мен Ақмола және Түркістан облыстарының тұрғындары өздерін толғандырған арыз-шағымдарын айтып, сауалдарын қоюға мүмкіндік алды, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылдауға келген азаматтардың үшеуі әртүрлі мәселеге байланысты ұсыныстарын білдірсе, қалған жетеуі талап-тілектері мен өтініштерін жеткізді.

Мәселен, алматылық Д. Сейтенов мегаполистің сәулет және құрылыс органдарының қызметіндегі жүйесіз жұмыстар мен кемшіліктерге тоқтау салу қажеттігін алға тартып, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетке осы тарапта нақты шешім қабылдауды сұрады.

Ал, Түркістан облысынан келген Т. Қожакелдиев министрге жылыту радиаторларын өндіру жобасын жүзеге асыру үшін арнайы грант алуға қатысты сауалын қойды.

Б. Алшынбаев есімді елорда тұрғыны жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысының жоспарына қатысты және бұған дейін осы тақілеттес пәтерлер нақты кімдерге берілгені туралы сауалын жолдады.

Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылындағы инфрақұрылымды дамыту және аталған елдімекендегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелерді ауыл тұрғындарының атынан А. Мұратов пен Г. Сәбитова көтерді.

Ал Б. Аманбаев Атырау облысындағы нысандар құрылысын салу кезінде тиісті заңнамалық нормаларды сақтамағаны үшін «Bazis Construction» ЖШС-ға бағытталған шағымын жеткізді.

С. Үсенов есімді азамат бастаған бір топ тұлға «Бестөбе» кенішіндегі мәселені көтеріп, жұмыстың жандануына  министрлік тарапынан назар салынуын сұрады.

 «Элит Бейби продакшн» ЖШС-ның құрылтайшысы А. Ахмади «Тұрмыстық-шаруашылық және санитарлық-гигиеналықмақсаттағы қағаз бұйымдары өндірісін»арнайы экономикалық аймақтар қызметіндегі басым бағыттар тізіміне қосуды сұрады.

Сонымен қатар кездесуде «Қазақстан авиация әкімшілігі» АҚ-ның инспекторы Т. Карамурзиев саладағы бірқатар түйіткілді мәселелерді ортаға салды. Оның пайымдауынша әуе кеңістігін пайдалану, азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы нормативтік базаның жағдайы қанағаттанарлық деңгейде емес. Сонымен қатар әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету станциялары мен ұшақтардың ұшуға жарамдылық мерзімін сертификаттау, азаматтық авиация саласындағы оқыс оқиғалар мен жағдайлармен алдын ала сақтандыру, оларды тергеп-тексеру тұрғысында көптеген олқылықты жайттар бар. Ол осы тарапта өз ұсыныстарын білдіріп, оны талқылауды ұсынды.

Ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдап, олардың әрқайсысына толыққанды жауап берді. Жеке қабылдауда көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті тұлғаларға тапсырмалар жүктеліп, оның бірқатары министрдің жеке бақылауына алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға