Түркiге ортақ той бар ма?
Анау жылы өзбек ағайынның «Алпамыс батыр» жырының пәленбай жүз жылдығын дүркiретiп атап өткенi жадымызда. Жасыратын несi бар, көршi бауырларымыз досы сүйсiнiп, жауы күйiнердей-ақ сән-салтанаты қырық көштiк, әңгiмесi қырық кештiк толағай толғамды той жасады. Әлiшер Науаи, Абдулла Қадырилердiң елi бiр шалқып, жасап қалды. Ендiгi ол да тарихтың еншiсiндегi шаруа. Бiрақ ағайынның тойының аяғы пыш-пышқа толы қауесет әңгiмесiз болушы ма едi? Ондай эпилогтан өзбек ағайынның бұл тойы да құр қалғаны жоқ. Иә, өзбек ағайын ала топшысын аспанға ата қуанған осы тойдан тағы бiр есiмiзде қалғаны, қайсыбiр қазекемдердiң ренiшi болғандығы да әлi күнге көз алдымызда. Сондағы қазекемнiң намысына тиiп, қанын қыздырған не нәрсе дейсiздер ғой? Ол қазаққа тиесiлi делiнетiн батырды өзбектердiң иемденiп кеткендiгi едi. Бiз мұны бiраз бауырымыздың «Өзбектер бабамызды өзiмiзге қайтарып берсiн» деген әңгiмесiн өз құлағымызбен естiгеннен кейiн айтып отырмыз. Бiрақ өзбек тойына ренiшiн айтқан тек қазақ қана болды ма?
Бiздiңше, Таулы Алтайдан Жерорта теңiзi жағалауындағы Анадолыға дейiнгi бүкiл түркi тектес шуылдаған болуы керек. Шуылдамағанда ше! Мысалы, әзiрбайжан ағайын орта ғасырларда-ақ өз тiлiнде хатқа түскен «Қорқыт атаның кiтабындағы» Бамсы-Бейрек – Алпамысын өзгеге қалай қия қойсын?! Оның арғы жағындағы түрiктiң де бұл жырға өзiмiздiкi деп таңба тағуына әбден қақысы барлығы анық. Татар да, башқұрт та осындай әңгiме айтуға құқылы екендiгiн тағы ешкiм жоққа шығара алмайды. Ақыр соңы Таулы Алтайдағы азғантай түркi тектестерде де «Алпамыс батыр» жырының өзiндiк жергiлiктi нұсқалары бары мәлiм. Осы той үстiнде олардың да тiсiн қышырлата бiр қайрап алуы әбден қисынды әрекет. Дегенмен өзбектiкiн бұрыс болды деп айтуға және болмайды. Даукес ағайынға айтар уәж бұларда да жеткiлiктi. Өзбек тiлiнде ХХ ғасырдың 50-жылдары кiтап болып шыққан жырдың нұсқасын алдыңызға көлденең тарта қояды. Одан қалса жырдың әлқиссасы басталатын Жиделi-Байсыныңыз да осы елдiң аумағындағы тарихи мекен болып табылады.
Айтып, айтпай не керек, «Алпамыс батыр» жырының тойы өзбек ағайыннан басқа түркi тектестердiң бәрi дерлiк өкпе-назын бiлдiрген тарихтағы сирек кездесетiн басқосулардың бiрi болып есiмiзде қалды.
Ал осы тойды түркi тектестiң ешқайсысы ренжiмейтiндей той қылып өткiзуге тарихи мүмкiндiк бар ма едi? Бiздiң қисын бар болатын дейдi. Ол үшiн бүкiл түркiнiң алдымен той емес, ой қуған зиялысы жиналып мәмiлелi әңгiме жасаса жетiп жатқан-ды. Тойдың өзi болса бүкiл түркiге тиiстi батырдың тойы болып аталып өтуi керек-тi. Бүкiл түркi бiрiнен кейiн бiрi дүркiрете жалғастырып тойлауы қажет-тi. Мiне, той осындай бағытта өткенде, оның ұрпақ алдында көтеретiн жүгi жүз еселеп, мың еселеп артатын едi. Бүкiл түркiнiң бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруына ықпал ететiн игi мақсаттағы той болар-ды.
Бiз осындай Ұлы тойдан құр қалдық. Ойланбасақ әлi де құр қала беретiн секiлдiмiз. Қауашағыңызды сәл қозғап көрiңiзшi, жақын арада бүкiл түркiге ортақ деп айтуға болатын той бар ма өзi?