Жаңалықтар

Түрік музыкантының «Ясауи жолы» кеші

Тулуйхан Уғурлу ағартушы ғалым Қожа Ахмет Ясауиға арнап жазған шығармаларын орындап, Астанада музыкалық кеш өткізді.
21.09.2016 10:27 7726

2016 жыл ЮНЕСКО тарапынан әлемдік деңгейде халықаралық  «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды.  Мерейтой аясында Түрік мәдениет  орталығы,  Түркияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақ Ұлттық өнер университетінің қолдауымен әлемге танымал түрік пианисті Тулуйхан Уғурлу ағартушы ғалым Қожа Ахмет Ясауиға арнап жазған шығармаларын орындап,  Астанада музыкалық кеш өткізді.

Түрік музыкантының «Ясауи жолы» кеші

850 жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи көрерменге музыка тілімен қайта жаңғырды. Батыс әлі қараңғылықтың түнегінде жатқан кезде Қожа Ахмет Ясауи бабамыз ұсынған «ойлану және еңбек ету ғибадат» философиясының Селжук пен Осман императорлығы кезеңіндегі мәдениет, мемлекет, дін жүйесіне жасаған ықпалы сахнада кең тарқатылды. Композитордың айтуынша, Қазақстан жұмхриетіне тарту еткен «Ясауи жолы» атты композициясын 8 ай бойы жазып, нотаға түсірген. – Ислам әлемінде ғұламалар көп. Бірақ Қожа Ахмет Ясауи ұсынған жол – Алла мен адамның арасын байланыстыратын кедергісіз жол.  «Диуани хикмет» шығармасында да осы ой басты негізге алынған. Бүгінгі адамзат баласы Ясауи жырлап өткен сүйіспеншілік пен мейірім, ықылас пен махаббат сияқты асыл қасиеттерге мұқтаж,– дейді пианист Тулуйхан Уғурлу.

Аталмыш шығарма 22 қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауидың туған жері Түркістан қаласында орындалады. Тулуйхан Уғурлы Ясауидің туған жерінде және  Астаналық  көрермендер алдына шығып ғұлама бабамызға арнаған шығармасын орындау толқынысты сәт екендігін айтады:

«Жырақта бір ғұламаға арнап шығарма жазасыз және оны сол ғұламаның туған жеріне  барып орындайсыз. Бұл дегеніңіз сөзбен жеткізіп айтуға болмайтын бақыт! Қазақстан, Ясауидің жүріп өткен жерлері, Түркістан және Шымкент мен үшін өте қымбат, қасиетті орындар. Бұл жерлерді барып көру борышымыз, міндетіміз».

Тулайхан Угурлу 2003 жылдан бастап, классикалық музыка әлемінде алғашқылардың бірі болып концерттерін залдарда емес, тарихи мекендерде өткізе бастады. Угурлу 2006 жылы Dünya Başkenti İstanbul (Әлемнің Бас қаласы Ыстамбұл) атты альбомын жарыққа шығарып, музыкалық кештерін әлемнің 250-ден астам түрлі тарихи мекендерінде өткізді.

Түрік музыкантының «Ясауи жолы» кеші

Кеш барысында сөз алған Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай келе, туысқан екі елдің ортақ мәдени тұсын дәріптейтін бүгінгі кештің маңызы зор екендігін айтады:

– Құрметті қонақтар мен қадірменді өнерсүйер қауым, қазақстандық бауырлар. Астанада әлемге танымал түркиялық Тулайхан Угурлудың музыкалық кешінде өздеріңізбен қауышып отырғанымызға қуаныштымын. Биыл ЮНЕСКО белгілегендей халықаралық  «Қожа Ахмет Ясауи жылы». Осыған орай композитор Тулайхан Угурлу Ясауидың рухани мұрасына арнап шығарма жазды. Бұл шығарма алғаш рет Ясауи бабамыздың туған жерінде орындалып отыр. Қожа Ахмет Ясауи – ғалым, философ, сопылық және рухани әлемнің көшбасшысы. Ағартушы ғалымның ойлары өзі өмір сүрген 12 ғасырдан бастап Орта Азияда ғана емес, Анадолыдан Балқан түбегіне дейінгі аралықта рухани шамшырақ болды. Бірлі, ынтымақ тақырыбында, жаратқан мен тіршілік иелеріне сүйіспеншілік, адамзат баласына ортақ асыл қасиеттерді жырлады. Исламның нағыз қағидаларын көрсететін Ясауи ілімі – бейбітшіліктің, қайырымдылықтың ұстанымы,– дейді елші.

Түрік музыкантының «Ясауи жолы» кеші

Тулуйхан Уғурлу «дәл қазір елде қалыптасқан ауыр сәтте Түркияға қолдау білдірген сөзіне берік бауырлас ел Қазақстанда өнер көрсету үлкен мәртебе» екендігін айта келе, Ясауидің философиясына қатысты көзқарасын былайша түйіндейді:

«Ағартушылық үдерісі алдымен бізде, ал Батыста бізден кейін бастау алды. Яғни, елдің түсінігіндегідей әлем Ренессанс дәуірінен бастап қайта жаңғырып өрлемеді. Әлем Азиядан Анадолыға, Анадолыдан Балқанға қарай шашыраған сәулемен түледі. Ахмет Ясауи түркі халықтарына ең қарапайым және ең дұрыс жолмен Исламды танытты. Селжук және Осман империясының қарапайымдылығы, даналығы, күш-қуаты мен жетістігінің түп негізі Ясауи жолымен сусындауында жатыр. Қожа Ахмет Ясауи «білім – адамды Аллаға табыстырған және жаратушыны тануға апаратын жол» деп айтқан ұлы тұлғамыз. Сондықтан, алдымен өз құндылықтарымызды ұлықтап үйренуіміз керек деген ойдамын. Бұл ұзын жолда атқарылатын қыруар іс бар. Бұл істің ірге тасы мен түп қазығының бірі – құл Қожа Ахмет Ясауи». 

Түрік музыкантының «Ясауи жолы» кеші

Тулуйхан Уғурлу 1965 жылы 15 қарашада Ыстамбұл қаласында туған. 4 жасынан бастап Ыстамбұл консерваториясының пианино бөлімінде оқыған. 7 жасында мемлекет тарапынан ашылған «Талантты  балалар сынағын» тапсырып, жоғары музыка білімін шет елде жалғастыруға мүмкіндік алды. Лицей және консерваториядан кейін білімін Вена музыка академиясында жалғастырды.

1996 жылы Түркияда İstanbul Kanatlarımın Altında (Құшағымда Ыстамбұл) атты фильмге жазған музыкасымен есімі елге танылды. Республиканың 75 жылдығына арнап Mustafa Kemal Atatürk ve Güneşin Askerleri («Мұстафа Кемаль Ататүрік және Күн әскері»), Түркияда болған зұлмат зілзаладан кейін Şehrin Gözyaşları («Қаланың көз жасы») атты шығармаларын жазды. Әр түрлі деректі музыка да жазатын пианист соңғы шығармаларын Beyazıt’ta Zaman («Беязытта уақыт») атты альбомында жинақтады. Дәл осы кезеңде алғашқы симфониясы болып табылатын Senfoni Türk-ті («Түрік симфониясы») аяқтады. Бұл шығармасында түрік классикалық музыкасында тұңғыш рет симфония оркестрін, мехтер тобымен (ұлттық әскері аспаптық топ), түрік музыкалық аспаптары мен пианиноны бірге үндестіріп жаңа түр қалыптастырған.  


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттер Юнус Эмре Түрік Мәдени Орталығына тиесілі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға