Тәрбиеге қатысты ұлылардан қалған сөз #2
1. Асан Қайғы жырау (XVғ.) ру-тайпалық одақтардың құрылымы, халықтың дәстүрлері, жақсылық пен жамандық туралы сыр шертеді, қандастарын тату-тәтті, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті адал жандар болуға шақырады.
Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толықса шығады.
2. Бұқар жырау (1668-1781) толғауларында өскелең ұрпаққа асыл-ой, адамгершілік тәрбиесін беруге ерекше көңіл бөледі, жақсылық пен жамандық, атамекенге деген сезімдерінің мәні зор.
Адамзаттың баласы
Атадан алтау тумас па,
Оның ішінде біреуі
Арыстан болмас па!
Алдына келген жақсының
Қадірін оның біле алмай,
Қадір – құрмет қыла алмай
Артында қалған жамандар
Бас-басыңа тозбас па!
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
3. Сүйінбай Аронұлы (1822-1895) адам мінез-құлқының түрлі қалтарыстарын, жан-дүниесінің әр қилы тебіреністерін шебер суреттейді. Ақынның тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік идеялары оның өлеңдеріне бейнелі кестеленген.
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге серкесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Наубайдың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай,
Жақсы адам алысты жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
4. Шоқан Уәлиханов (1835-1865) қоғамдық психология проблемаларына, халықтық этностық психология мәселелеріне ерекше мән берді. Мәдениетті дамыту жолында, ол «халықтық рухты» жандандыруға шақырады.
«Қазақ халқы туралы асқақтата ой айтуға болады: олар өздерінің нанымдарымен, әдет-ғұрыптарымен, сауық-сайрандарымен, ақыл-ой, қажыр қасиеттерімен ақындық дарынды тарихи аңыздарының орасан мол қоры бар.
Әр заманда өмір сүрген суырып салма ақындары, жыраулары, әуен мен сайранды жанындай сүйіп, билік айту төрелігі бар көне заманнан келе жатқан халық».
5. Ыбырай Алтынсарин (1841-1889) қазақ жастарын адал, шыншыл, еңбексүйгіш, өнегелі болуға шақырды, ұрлық-зорлық, жатып ішер жалқаулық сияқты жат мінездерден аулақ болуға уағыздады.
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қолыңа!
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.