Жаңалықтар

Тәрбие – тал бесіктен

Мектеп – балалардың басты тәрбиешісі, ал отбасы – оған көмекші әрі одақтас.
Тәрбие – тал бесіктен
Фото: © El.kz 31.07.2021 14:13 49653

 

Қазақ халқы бала тәрбиесіне аса қатты мән береді. «Тәрбие – тал бесіктен» - деген нақыл сөздің мағынасы тереңде. Сәби шыр етіп өмірге келгелі, жасалатын салт-дәстүр нышандары тәрбиенің бастауындай. «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» кітабында берілген қазақтың халықтық педагогикасының негізгі идеяларына сүйене отырып, жеке тұлға тәрбиелеуде ескерілетін ұлттық құндылықтарымызға тоқталғанды жөн көрдік.

 

«Ұлттық сананың өсіп, мәдени және рухани дәстүрлердің, тілдің қайта жаңғырған кезінде мектеп оқушыларын өз халқының рухани құндылықтарымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен түбегейлі, неғұрлым терең таныстыру қажеттілігі туады, яғни өткен мен бүгіннің және келешектің арасындағы рухани байланыс біріктіруші элемент болуы тиіс, бұларды жеткізуші – білім беру, мұғалімдер, дәстүрлер»,- деп жазады Асма Қалыбекова жоғарыда аталған еңбегінде.

 

Қазақтың халық педагогикасының мұраларын жалпы талдап қарағанда, оларда оқыту мен тәрбиелеу мәселелері туралы, отбасы, отбасылық дәстүрлер, ата-аналар мен балалар, достық пен махаббат туралы, Отан және оның байлықтарын арттыру жөніндегі аса ауқымды ақпарат бар екені, оны қазіргі жағдайдағы тәрбие тәжірибесінде кеңінен қолдануға әбден лайық екені байқалады. Халықтық педагогиканың артықшылығы мынада, ол «өз үйінде» өзі қожайын бола отырып, жас ұрпақты тәрбиелеуге ерте бастан тікелей, күн сайын ықпал етіп қана қоймай, халық даналығы мен қоғам арасындағы дәнекер, байланыстырушы буын қызметін де атқарады. Адамзат барлық тарихи дәуірлерде тәрбие обеектісі әрі субьектісі болған, бола да бермек.

 

Ғасырлар бойы жинақталған тәрбие тәжірибесі іс жүзінде сыннан өткен эмпириялық біліммен ұштаса отырып, халықтық педагогиканың өзегін құрайды. Тұрмыс-тіршілік ережелері және тәрбие тәсілдері – адам өмірінде кездесетін алғашқы заңдар, олар отбасында пайда болады. Қазақ халқының көптеген әдет-ғұрыптары, дәстүрлері шын мәнінде біздің елімізде тәрбиенің жазылмаған заңдары, отбасының моральдық кодексі іспетті болған, өйткені жас ұрпақты тәрбиелеудің сан ғасырлық тәжірибесі сүзгіден өтіп, осылардың бойына жинақталған. Кез келген ата-ана, мүғалім, тәрбиеші және тәрбие беру ісіне қандай да бір қатысы бар жандардың бәрі әлдебір тәрбиелік жағдаяттарда баға жетпес халық даналығын пайдалана алады әрі пайдалануы тиіс.

 

Бізде ұзақ уақыт бойы мектеп – балалардың басты тәрбиешісі, ал отбасы – оған көмекші әрі одақтас деп саналып келді. Алайда, жеке тұлғаның басты тәрбиешісі отбасының нақ өзі екенін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Әрбір баланы жеке тұлғаға айналдыратын қайталанбас бейнесі отбасында қалыптасады. Ал осыдан тағы бір маңызды қорытынды шығады: ата-аналардың педагогикалық білім-білікпен қарулануы мектеп педагогтарынан кем болмауы тиіс.

 

Әрбір ұлт «өсуі» қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда оқушылардың өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.

 

Кейінгі кезеңде біздің қоғамымызда болып жатқан жағдайлардың көбі жас ұрпақты қазақтың халықтық педагогикасының идеяларына жаппай араластыру қажеттілігі ерекше жолға қойылатын уақыт келеді деген үміт ұялатады көңілге. Көне әдет-ғұрып элементтері бүгінгі салт-дәстүрлерге күннен-күнге белсенді түрде енгізілуде.

 

Қазіргі уақытта жастардың өз ата-бабаларының халықтық салт-дәстүрлеріне, шынайы ұлттық музыкқалық-поэтикалық, хореографиялық, бейнелеу шығармашылығына, қазақтың ұлттық киімдеріне, баспанасына, халықтық дүниетанымына қызығуы және ұмтылуы байқалады.

 

Халықтың рухани байлығы халықтық педагогикамен, адамгершілік насихатымен, діннің рухани уағыздарымен өте тығыз байланысты. Сондықтан халықтық педагогика қалың бұқараның санасына тән рухани феномен, халықтың педагогикалық даналығы мен. шедагогикалық іс-әрекетінің бірлігі түрінде көрінетін эмпирикалық білімнің, мағлұматтардың, идеалдардың, көзқарастардың, түсініктердің, тәрбиелік әрекет қағидаларының қайнар көзі ретінде қарастырылады. Халықтық педагогика мен классикалық (ғылыми) педагогиканың арасында өзара диалектикалық байланыс бар. Бір жағынан, педагогика ғылымы халықтың тәрбиелеу мен оқыту тәжірибесінің барлық жақсы жақтарын бойына сіңіре отырып, халықтық педагогиканың жалғасы болып табылады. Сонымен бірге, халықтық (ұлттық) педагогика осы заманғы педагогика ғылымының құрамына кіреді, адамның қалыптасуы мен дамуына ортаның (табиғи және әлеуметтік) ықпал етуінің сан алуан құралдарын, мазмұндық ерекшеліктерін, көзқарасын білдіреді. Осылайша, педагогиканың негізін қалаушы, «педагогика ғылымының атасы» А.Коменский «Чех тілінің қазынасы» (1612) деген тұңғыш еңбегінің өзінде халқына қызмет етуге ұмтылысын байқатқан. Ол өз халқының өмірін бақылай отырып, тарихты, географияны (Отанының қартасын құрастырып) зерттейді, чех мақалдарын жазып алады. Дәл соның жазған «Чех дидактикасы» «Ұлы дидактиканың» ізашары болды.

 

А.Коменский сол заманның өзінде халық және халықтық тілдер аса бір жеккөрінішті нәрсеге айналғанын қыңжыла жазып, осыған қатты ренішті екенін, барлық нәрсе әрбір халыққа оның өз тілінде берілуі тиіс екенін білдірген.

 

Оның «Қарт чехтардың даналығы», «1653 жылы жастарға арнап жинаған мінез-құлық ережелері», «Мектепті кертартпалықтан арылту туралы», т.б. үздік туындыларында халықтың педагогикалық мәдениетіне деген зор құрметі көрінеді. Ол әке-шешенің, әсіресе әкенің іс-әрекетінің бала үшін тәрбиелік мәні туралы, ұлды да, қыз баланы да, барлық тапқа жататындарды оқыту қажеттілігі, бұл іске қоғам мен халықтың қатысуы жөніндегі идеяларды содан алған.

 

«Адам өз тілін меңгермесе, оның сұлулығын сезінбесе, өзге тілдердің қазынасында жиналған байлыққа да қол жеткізе алмайды»!. Сухомлинскийдің пікірінше, адамның тілдік мәдениеті – оның рухани байлығының айнасы. «Балаға ықпал етудің, оның сезімін, жанын, ойын, толғаныстарын ізгілендірудің маңызды құралы – туған тілінің көркемдігі мен ұлылығы, күші мен мәнерлілігі» деп тұжырымдайды ойшыл педагог.

 

Педагогика классиктерінің туған тіл туралы идеялары Сухомлинскийдің еңбектерінде жан-жақты дамытылды. Ол мұғалімдер мен ата-аналарға: «Ата-бабаларымыз өздерінің өсиеттерін, туған тілге деген махаббатын бізге сөз арқылы қалдырған»? дегенді үнемі ескертіп отырған. Ол халық пен ана тілінің рухани бірлігін сөз ете отырып: «..Әр баланың жүрегінен халық деп аталатын ұлы да мәңгілік нәрсеге, оның өміршеңдігіне, мәдениетіне, бұл дүниеден өткен көптеген ұрпақтардың даңқына, және дүниеге келгендердің болашағына желілер тартылып жатады. Бала сөз арқылы халықтың ұлына айналады...» деп жазды.

 

Сухомлинскийдің пікірінше, халық педагогының ең биік әрі қасиетті парызы – жас ұрпақты алдыңғы толқынның жасаған игіліктерінің барлығын құрметтеуге үйрету, олардың әрқайсысы халықтың рухани мәдениеті саналатын алып мұхитқа тамшыдай өз үлестерін қосқан.

 

Сухомлинский халық даналығына деген зор құрметін оның рухани байлығына шығармашылық қарым-қатынаспен ұштастырған. Ол және оның шәкірттері халық шығармаларының үлгісімен ертегілер мен жұмбақтарды шығарды, халық ойындарын жетілдірді, халықтық мерекелерге т.б. қатысты. Оның халық мақалдарына педагогикалық миниатюра ретінде қарап, сүйсінгені сондай, солардың үлгісімен өзінің нақыл сөздерін жазған. Ол педагогикалық даналықты сақтау мен таратудың халықтық формаларын тиімді деп санады. Сухомлинскийдің ізгі тілектері мен өсиет-кеңестерінің кейбіреуі мынадай: «Тағдыр сені Отанымыздың қандай алыс түкпіріне апарып тастаса да, өз бесігіңді ұмытпа», «Ұл мен қыздың нағыз бостандығы – тілалғыш бала болу», «Өлгендерді есіңе сақта, құрметте. Кімнің жан дүниесінде өткен шақ болмаса, болашақ та болмайды», «Қарт адамдар үйретуге, ақыл айтуға құқылы. Осы моральдық құқықты құрметтей біл». Сухомлинскийдің халық дәстүрлеріне адалдығы оның бірқатар өсиеттерінің халық мақалынан бастау алатындығынан да көрінеді. Мысалы: «Адамның басында үш пәле болады – өлім, кәрілік және жаман балар»,- дейді украин халық даналығы. Кәрілік дауасыз, өлім болжаусыз – олардың алдынан ешкім де үйінің есігін тарс жаба алмайды. Ал жаман балалардан үйді өрттен сақтағандай сақтауға болады. Және бұл ата-аналарға ғана емес, балалардың өздеріне де байланысты. Немесе тағы: «Арыңды жастай сақта. Ішкі күшіңді ұсақ-түйекке шығындай берме. Егер жас басыңнан ысырапқа салсаң, бас-аяғы жоқ әуейілікке салынсаң егде жасқа қуыс қурай адам болып қадам басасың»!. В.А. Сухомлинский шынайы халық мектебінің мәнін былай деп айқындайды: «Мектеп мәдениеттің нағыз ошағы болу үшін, онда мынадай төрт кие болуы тиіс: Отан киесі, адам киесі, кітап киесі және ана тілі киесі»? В.А. Сухомлинскийдің педагогикалық мұрасында халық педагогикасының ең түбегейлі жақтары әрі қарай дамытылды. Оның «қуаныш мектебі» елдегі болып жатқан зор өзгерістерді ескеріп, тәрбиенің халықтық түрлерін, мазмұны мен әдістерін көп жағдайда жаңғыртып отырады.

 

Халық педагогикасының мәселелерін «Чуваш халық педагогикасы» және «Этнопедагогика» монографияларының авторы Г.Н. Волков неғұрлым толық әрі жан-жақты зерттеді. Бұл зерттеушінің еңбектері аймақтық чуваш халықтық педагогикасының шегінен тым әрі асып, жалпы халықтық педагогиканың тұжырымдарын қалыптастыруда, оның ішінде тәрбие әдістері мен құралдарының, педагогикалық негізінің қыр-сырын анықтауда зор рөл атқарды. «Тәрбиелеу өнерінің бастауы – халықтық педагогикада». Халықтық педагогика үйлесімді жүйелермен емес, жекелеген табыстарымен, теориялармен емес тәрбие нәтижелерімен, яғни практикалық тәрбие әсерлерінің басымдығымен мықты» - деп жазады ол.

 

Халықтық педагогиқа мен оның негізгі идеялары мәселелерін қарастыруда белгілі қазақстандық ағартушылар мен қоғам қайраткерлері Ы.Алтынсариннің, А,Құнанбаевтың, Ә.Диваевтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, А. Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтың және басқалардың көзқарастарының баға жетпес мәні бар. Олардың ғылыми еңбектерінің басым бөлігі халықтық ұстаным идеяларына негізделген. Мысалы, Диваевтың мақалалары әртүрлі 26 журнал мен газетте жарияланды. Оның еңбектерінде қазақтардың мәдениеті мен тұрмысының барлық жағы дерлік көрініс тапқан шаруашылық, мал бағу және егіншілік, материалдық мәдениет - баспана, тағам, киім; отбасы тұрмысы мәселелері – әйелдің жағдайы, балалардың ойындары, үйлену ғұрпы және басқалар, қоғамдық өмір, халықтың білімі, сенім-нанымы тағы сол сияқты. Диваевты халықтың рухани өмірінің әр алуан қырлары бәрінен де көбірек қызықтырған.

 

Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» оқу құралында жеке тұлғаны тәрбиелеу мақсатын айқындай келе, әрбір тәрбиешінің ұлттық тәрбиеден хабары болуы тиіс дейді. Халықтың өзіндік ерекшелігі ұлттық мектеп пен ана тілі арқылы сақталады.

 

А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж. Аймауытовтың, Х. Досмұхамедовтың көзқарастарын көбінесе ана тілінде оқыту және ана тілін үйрету туралы идеялары біріктіре, Бала алғашқы білімді ана тілінде алса ғана, өзінің ана тілін танып білгенде ғана, ұлттық рухты бойға сіңіруге, ұлттық сананы оятуға бола- ды. Мұндай балалар ұлттық мектепті бітіргеннен кейін ұлттық рухтарын жоғалтпайды. Халықтың өзіндік ерекшелігін сақтау, Жүсіпбек Аймауытовтың пікірінше, балаларды туған халқының әдет-ғұрыптарымен, салт-дәстүр- лерімен, жергілікті көз тартарлық орындармен таныстыру арқылы туған жеріне деген махаббат сезімін қалыптастыруға толыққанды жағдай жасайды. Бұл үшін, ол 4-сыныптан бастап тарих, география, әдебиетті кешенді түрде оқытатын «Біздің Отан» атты кіріктірілген курс енгізуді ұсынды.

 

Халел Досмұхамедовтың мынадай ойлары әлі маңызды: «...Тіл – халықтың жаны. Өз тілін білмейтін халықтың болашағы жоқ... Тілінен айырылған халық-- жоғалады... Ана тіліңді біле тұрып, өзге тілді де керемет меңгерсең, құба-құп. Ал егер сен тіған тіліңді білмей, өзге тілде сөйлесең, өкінішті нәрсе. Бұл – асқан қателік. Мұны мұғалімдер мен оқушылар есінен шығармауы тиіс».

 

Біздің ойымызша, жоғарыда айтылғандардың бәрі ғалымдар мен ағартушылардың өз халқының болашағын ойлай отырып, оған білім беруге үлттық, халықтық рухқа сай, мазмұнның бағыттылығы мен тілдің тазалығының бірлігі тұрғысынан қарағанын аңғартады. Қазақтың қоғамдық-педагогикалық қайраткерлерінің барлығы тең дәрежеде халықтық ұғым-түсініктердің, идеалдардың жаршысы, олардың еңбектеріне жасалған талдауға сүйене отырын, сол еңбектердің қазіргі білім мен тәрбие тәжірибесі үшін, қазіргі қазақ мектебінің жаңа үлгісін жасауда, халықтық педагогиканың мәнін, негізгі идеяларын анықтауда маңызды әрі көкейкесті екенін атап айтқан жөн.

 

Тұтас алғанда, «халықтық педагогика» анықтамасын талдау көрсеткендей, ғалымдар халықтық педагогиканы әлеуметтік өмірдің тұтас кешенінен бөліп қарастырғанда, оның көлемін және мазмұндық бағытын, біртұтастық сипатын анықтаған. Зерттеушілер оны тек қана эмпириялық педагогикалық білім, халықтық тәрбие тәжірибесі, отбасылық тәрбие дәстүрлері немесе шаруалардың тәрбие тәжірибесі т.с.с. ретінде шектеулі түрде ұғындырудан аулақ болғаны рас.

 

Е.А.Христаваның көзқарасы бойынша, «халықтық педагогика» еңбекшілердің мүддесін білдіретін, халық бұқарасының таптық педагогиқалық санасы ретінде ұғынылады!. Бұл жағдайда автор осы құбылыстың әлеуметтік, ұлттық жақтарының белгілі бір байланысын қарастырады. Әрбір ұлттың негізін еңбекші бұқара «халық» құрайды деп ұғады.

 

Қ.Б.Жарықбаев халықтық педагогиканы тәрбиенің мақсаты мен міндетіне деген үстем қозқарасты білдіретін халық тәжірибесінің эмпириялық педагогикалық білім саласы ретінде қарастырады.

 

С.Қ.Қалиевтің пікірінше, «халықтық педагогика – бірнеше ғасыр бойы эмпириялық негізде жалғасып келе жатқан, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық озық салт-дәстүрлердің жиынтығы». С.А.Ұзақбаеваның анықтамасында, халықтық педагогика халық шығармашылығы түрінде келесі ұрпаққа берілетін, салт-дастүрлердің қалыптасуына алып баратын табиғи-тарихи үдеріс ретінде ұғынылады. Автордың халықтық педагогикаға байланысты не нәрсеге баса көңіл бөлгенін атап өткен жөн.

 

Біз халықтық педагогикаға тәрбиелеу мен оқыту саласындағы түсініктердің, көзқарастардың, пікірлердің, идеялардың, дағдылар мен амалдардың халық шыгармашылығында көрініс тапқан жиынтығы және өзара байланысы деген анықтама береміз. Бұл анықтаманы нақтылай түсейік: біз халық шығармашылығын аясы кең әрі терең құбылыс ретінде қарастырамыз. Кең болатын себебі, халық шығармашылығының құрамына еңбек әрекетінің сан алуан түрлері, қолөнер, салт-дәстүрлер, әдет- ғұрыптар, мерекелер, халық ауыз әдебиеті, ойындар, билер, халықтың бейнелеу және сәндік қолданбалы өнері жатады. Терең болатын себебі, ол үнемі дамып әрі жаңарып отырып, бастапқы ерекшеліктерінің көбін сақтап қалады, өткен тарихи жолдың әрбір кезеңінің өзіндік ерекшелігін бейнелеп, сол заманның айнасы іспетті болады. Сондықтан халықтық педагогика – халық шығармашылығындағы тәрбие ісіне тікелей немесе жанама түрде қызмет ететін нәрсенің барлығы.

 

Бұл анықтама халықтық педагогиканы құрайтын нәрселерді жеке-жеке ұсынуға және содан кейін халықтық педагогиканың идеяларын, мазмұнын анықтауға көшуге жол ашатындықтан да, ерекше қызығу тудырады.

 

Осылайша, біздің жоғарыда сөз еткендеріміздің барлығы халықтық педагогиканың идеяларын халық шығармашылығына ұялаған (кең әрі терең құбылыс ретінде) халықтың білімі, түсінігі, ұғымы, пікірі түріндегі педагогикалық шындықтың адамдар санасындағы әлеуметтік және тарихи тұрғыдағы дәлме-дәл бейнеленуі ретінде, оларды педагогикалық мақсаттағы нәтижеге жетуге пайдалану біліктілігі мен тәжірибесі ретінде қарастыруымызға мүмкіндік береді. Бүл жерде, халықтық педагогиканың идеялары кәсіби педагогтарға гана арналған идеялар емес, бұқара қарым-қатынастың субвект-обһект-субьект типін көздейтін тұтас үдеріс ретінде қарастырылады. Түптеп келгенде, бұл халықтың ғасырлық ізгі дәстүрлерімен ұрпақтар сабақтастығын нығайту деген сөз. Ал отбасылық дәстүр – өзіңнің шыққан тегінді, тамырыңды тану. Бұл тамыр неғұрлым тарихтың тереңіне, түкпіріне тартылса, соғұрлым күштірек болады. Бұл халықтық тәрбиенің негізін қалайтын ұстаным.

 

Халық әр баласының бойынан әлеуметтік-этникалық қасиеттер кешенін көргісі келді. Халық шығармашылығының ертедегі туындыларының өзінде халықтың толық жетілген адам тұлғасы туралы түсініктері айқын қалыптасты, мұндай адам «ақыл», «қайырымдылық», «еңбексүйгіштік» деген даналық үштағаны арқылы дамуы тиіс.

 

Халық тәрбиесі тәжірибеге және қалыптасқан дәстүрлерге сүйенген, сүйеніп те келеді. Кез келген халық тәрбиешісі этикалық пемесе әлде- бір басқа ағарту ісімен ешқашан да арнайы шұғылданбаған. Ол мұның бәрін үйрете немесе көрсете (менің істегенімді істе) отырып, іс-әрекет барысында атқарған. Халық тәрбиешілері тіпті балаларға ертегі айтып, жұмбақ жасыра отырып та жеке тәрбие мақсаттары жөнінде және халықтың ауызша шығармашылығының белгілі бір туындысының мүмкіндігі жөнінде бас қатырмаған шығар, бірақ олар балаларды не қызықтырса, не пайдалы болса, соны айтуға ұмтылғаны даусыз.

 

Халықтың адамды экономикалық және экологиялық тәрбиелеудегі, әсіресе ынталылық және балалықтың көрікті мекені-туған өлкенің тірі табиғатына, жалпы экологияға және халық өміріне қамқорлықпен қарау сияқты қасиеттерге тәрбиелеудегі идеялары мен тәжірибесі айрықша маңызды.

 

Халық бәрін бүлдірмей алып, ұтымды пайдалануға тырысқан. Экологиялық мәдениет, экологиялық тәрбие халықтық педагогиканың негізті өзегі болды.

 

Жастарды тәрбиелеудегі ешқашан мәнін жоймайтын әрі қазіргі жағдайдағы өте көкейкесті, маңыздысы – адам еңбегі мен табиғат жасаған құндылықтарды мұқият сақтау.

 

Мына идея өте-мөте ізгі: кәріліктің жасампаз болатын себебі, өз балаларын тәрбиелеуде жіберген қателіктерін немерелерін аялау арқылы түзетіп, ұрпақтардың кері байланысын ұйымдастыра алады.

 

Халық дәстүрлерінде тәрбиенің мынадай факторлары өте айқын көрінеді: табиғат, ойын, сөз бен ой, еңбек (әрекет, іс, қайраткерлік), тәжірибе, қатынас, тұрмыс, салт, өнер, дін, өнеге, адамгершілік үлгілері т.с.с.

 

Халықтың ауызша шығармашылығының материалдары (мақал-мәтелдер, ертегілер, аңыздар және басқалар) қазақтардың өте бай этикалық-мәдени мұрасын құрайды.

 

Қазақ халқы тарихи даму барысында педагогикалық жоғары мәдениет қалыптастырды. Арнайы оқыту болмаған бұрынғы заманда негізгі тәрбиелеуші күш отбасы, ата-ана, туыстар, қоршаған орта болды.

 

Қарым-қатынас отбасында басталады да, бірте-бірте шеңберін кеңейте береді. Баланың ең алғаш қарым-қатынас жасайтын адамы – өзінің анасы. Анасы баласымен сөйлескен кезде оның атын атамай, әртүрлі сөздермен еркелеткен, ешқашан дауыс көтермеген, жақсы нәрсені елеусіз ғана аңғартып өтіп, жол нұсқаған. Бала отбасында есейе келе, туыстық жағынан кімді қалай атау керек екенін үйреніп, бірте-бірте үй ішіндегі шаруалар мен міндеттерге араласа бастаған, негізгі мінез-құлық ережелерін қабылдаған: үлкендерден үйрену, оларға құлақ асу, елге күлкі болмай өзін-өзі абыроймен алып жүру: «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді», «Әдепті бала – арлы бала , әдепсіз бала – сорлы бала», «Ақылшы дана болса, тыңдаушы да дана болар».

 

Үлкен адам баламен сөйлескен кезде, ең алдымен оның қайдан келгенін сұрап, жауабын естіген соң, «Кімнің баласысың, әке-шешең кім?» деп сұрайды. Ата-анасының жақсы атағы олардың балаларының да қоғамға кірігуін белгілі дәрежеде жеңілдеткен, мұны мынадай мақалдар да растайды: «Ата жолы – бала жолы», «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық».

 

Қазақтар жастардың этносоциумдағы тиісті мінез-құлық кодексіне бағынуын, әдептілік ережелерін білуде үлгі көрсетуін, емеурін танытып, сөз айта білуін шындап қадағалағаны осыдан байқалады. Жер бетіндегі көптеген халықтар тәрізді, қазақтардың сәлемдесу дәстүрі жақсылық тілеумен де астасады, онда адамгершілік-этикалық аспектілер көрініс табады. Қарым-қатынастың жалпыға бірдей тұрақты нормалары мен ережелері адамгершілікке тәрбиелеу құралына жатады. Тәрбие үдерісіндегі қарым- қатынастардың педагогикалық стилі солар арқылы қалыптасады.

 

Бұған мысал ретінде қазақтардың «сәлем беру», «сәлем ету» әдебін келтіруге болады. Ұлттық дәстүр бойынша, алыстан келген жолаушы немесе ауыл тұрғыны құрметті адамдарға, ақсақалдарға сәлем беруге барған. Қайын атасына, қайын енесіне, күйеуінің басқа да туыстарына құрмет ретінде келін де осылай жасайды. Бұл жерде ол күйеуінің әке-шешесіне ізет белгісі ретінде иіліп, «сәлем етеді».

 

Қазіргі уақытта қарт адамдардың аузынан «Сәлеметсің бе» дегеннің орнына, бүгінгілерге тосын естілетін «Армысың», «Бар бол» дегенді құлағымыз шалады. «Қал-жағдайларыңыз жақсы ма?» деген сәлем-сұраққа мынадай бір ғана жауап қайтарылады: «Біздің қалымыз жақсы, өздерің қалайсыңдар?». Егер тіпті, жағдай жаман болса да, қиындықты соңынан, әңгіме барысында сөз етеді. Малшылар мен қойшылар малдың, төлдің жағдайын, жемшөптің, судың жағдайын біліседі, өздері тұратын аймақтың ауа райын сұрастырады. Отбасының, жеке басының ахуалдарын содан кейін ғана сөз етеді.

 

Балалар әдепті мінез-құлық туралы білімді ата-анасынан алған, әйел-ана ерекше құрметке лайық болған. Ана қультінің болғанын көптеген дерек көздері растайды. «Ағайын – алтау, ана – біреу», «Әкесіз жетім – жарты жетім, шешесіз жетім - шерлі жетім», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың». Әдеп ережесі ананы, қарындасты, қызды барынша аялауды талап етеді, себебі, әйел – отбасының ұйытқысы, ерінің тірегі, балаларының анасы, қарындас. Анасы жағынан туыстарға (нағашыларға) ерекше көңіл бөлінеді.

 

Қазақ отбасында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі де жоғары. Ол Әулеттің сақталуына, отбасының материалдық игілігінің артуына және халық алдында абыройлы болуға зор жауапкершілік арқалайды. Ол әсіресе ұл баланы ағайынмен, өзге адамдармен қарым-қатынастың халықтық ережелерін сақтауға, табигат пен туған жерге қүрметпен қарауға тәрбиелеуге күш салады. Қазақ халқының көптеген мақал-мәтелдері осының дәлелі іспетті: «Ел болатын жігіт ел намысын жыртады, ел болмайтын жігіт елін ұрлап құртады», «Әкесін сыйламағанды балалары да сыйламас» және басқалар.

 

Жас ұрпақ бойында тәрбие арқылы қалыптасатын, туыстарымен, жақындарымен араласудың, өмірдің әртүрлі жақтарына қарым-қатынастың өз алдына әдебі бар, мысалы, өзінің шыққан тегін міндетті түрде білуді көздейтін «Жеті ата» заңы. «Жеті атасын» білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», туған шаңырақты құрметтеу заңын сақтау - «қарашаңырақ», өз халқының тарихи «Шежіресін» тану арқылы шыққан тегін білу; «қара шаңырақты» қадірлеу арқылы – ата-бабаны қадірлеу, оларды естен шығармау, жаңа буынмен арадағы уақыт байланысын нығайту әрі жаңғырту: ата- әке- немере осының бәрі адам бойында ұлттық сапамен, тарихи тамырын, ана тілін білумен қатар, ұлттық әдепті қалыптастыруға негіз болады.

 

Ұлттық әдептің көрінуі мен қалыптасуын анықтайтын келесі шарт- «үш жұрт» ұғымы (қазақтың этнос субектісі ретінде айналдағы адамдарға қатыстылығын анықтайтын туыстық байланыстардың үш саласы» ) - «өз жұрты», яғни әкесі жағынан туыстары; «нағашы жұрты» - анасы жағынан туыстары, «қайын жұрты» - күйеуі немесе әйелі жағынан туыстары. Осының бәрі туыстарымен және жақындарымен қарым-қатынас әдебі тәрізді адамды айналасындағылардың барлығын туыстық байланыстар тұрғысынан қабылдауға итермелейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға