«ТҰРАН-АСТАНА» УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЗАМАНАУИ ҚОҒАМДАҒЫ МЕДИАЦИЯНЫҢ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының қарсаңында «Тұран-Астана» университетінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты.
Қазақстандағы медиацияның дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты үлкен серпін берді. Осындай пікір Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран-Астана» университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелерімен өткен кездесуде айтылды.
Университеттің әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры Сағат Нұрпейісовтің жүргізуімен «Медиация және этносаралық диалог» тақырыбында өткен жиынға Атырау облыстық грузиндер ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Зураб Бобохидзе, Республикалық «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов және оқу орнының мамандары мен студенттері қатысты.
Мемлекетте алауыздықтың тууына жол бермей, дау-дамайды сотқа дейін жеткізбей, бейбіт жолмен шешуге негізделген медиация тақырыбына арналған отырыста Республикалық «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев медиатордың әркезде әділ төреші бола білуі қажет екенін атап өтті.
Бұған Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов бүгінде медиаторлардың атқарып отырған жүгі ауыр екенін айта келе, былай деді: «Медиация тек жұмыс орындарында немесе жоғары оқу орындарына ғана емес, мектепке, тіпті, балабақшаға да қажет. Қазақ пен орыс, өзбек пен қазақ, түрік пен қырғыз сияқты түрлі ұлт өкілдерінің арасында, жалпы адамзатқа медиацияның пайдасы зор. Себебі, қос тараптың арасында туындаған кикілжіңді оң шешіп, бір-бірімен татуластыру – елдегі жағдайға, қоғамдық дамуға жақсы әсер етпек әрі соттың да жүктемесін жеңілдетеді».
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді.
«Қазақстанға медиация қашан келді?» деген сауалға Атырау облыстық грузиндер ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Зураб Бобохидзе: «Қазақстанға медиация Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында келді және ол одан сайын нығая түспек. Мысалы, әр ел өз жерінде өз ұлты ғана тұруы тиіс деген ұстанымда болып, аумағына өзге ұлтты жолатпаса, не болар еді? Адамдар арасында қақтығыстар орын алады. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаншама ұлт өкілін бір шаңырақтың астында татулыққа ұйытып отырғаны ‒ медиация» деді.
Сөз соңында ол студенттерді әрқашанда мейірімді болуға және бір-бірін сыйлап, құрметтеп жүруге үндеді.
Өз кезегінде Юлдаш Сұлтанов Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына қаншама ұлт өкілі мен этностардың бірігуіне бірден бір себеп – медиация екенін атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл наурыз айында аталған «Тұран-Астана» университетімен меморандумға қол қойып, оқу орнында медиация кабинетін ашқан болатын. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына орайластырылып отыр.
Медиация кабинетінің жұмысына тоқталған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының, халықаралық ынтымақтастық және медиация қызметін үйлестіру секторының бас сарапшысы Талшын Италиева кездесуге қатысып отырған жастардың қандай тұлға болып қалыптасуына білім жүйесінің тигізер әсері мол екеніне тоқтала кетті.
Кездесу соңында кәсіби медиаторлар студенттерді қызықтыратын сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.