Жаңалықтар

Тұрақтылық кепілі

Тұрақтылық кепілі
30.07.2018 04:46 2068

Соңғы кездері елімізде ұлтымыздың құндылықтарын бағалау, бағалап қана қоймай, оның насихатын арттырып, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық ұстанымдарымызды жаңғырту, таныту бағытына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Осы орайда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасының жалғасындай «Қазақтану» жобасы қолға алынуда. Мамандар жоғары баға беріп отырған жобадан, халықтың күтер үміті де мол. Өйткені, жобаның арқалаған жүгі ауыр!

Жақында Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен Бурабай курорттық елінде «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының салтанатты тұсау кесу рәсімі де өтті. Негізінен елімізде өмір сүріп жатқан 140-қа жуық ұлт пен ұлысқа қазақ халқының тарихын, дәстүрін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған жоба еліміздегі көптеген мамандар мен таудай тұлғалардың көңілінен шығуда. ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко «Қазақтану жобасы әсіресе, жастарға керек. «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы барысында еліміздің барлық тарихи орындары қалыпқа келтіріліп, насихатталады» дейді. Көптеген тарихи орындарымыз көзден таса қалып, көңілден де кетіп, іздеушісі жоқ жерлерге айналып отырғаны рас. Насихаты мен іздеушісі жоқ болғандықтан, жастарымыз да ол орындардың тарихи маңызын біле бермейді. Сондықтан, осынау олқылықтардың орнын толтыратын жобаға көпшілік үмітпен қарап отыр.

Жасыратыны жоқ, қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан талай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері көненің көзіндей болып, бүгінде  ұмытылудың аз-ақ алдында тұр. Осындайда әлемді сан түрлі заманауи ақпараттық технологиясымен жаулап алып отырған, заман сұранысына сай технологияның сан түрін жасап шығарып жатқан Жапонияның өркениет көшінен де қалыспай, әлі күнге салт-дәстүріне сай жерде отырып тамақтанып, бүгінгі күні телесериалдарында ұлттық киімдерін де күнделікті қолданыста пайдаланып жүргеніне еріксіз таң қаласың. Ұлттың ұлт ретіндегі ерекшелігін, құндылықтарын сақтау арқылы ғана ұлтымыздың ұлт ретінде сақталып, тарихта ойып тұрын орын ала алатынын ескерсек, ұлттық құндылық, әдеп пен әдет, салт-дәстүр, ұстаным, ырым-тыйымдарын, діні мен ділін, тарихының сақталуына, танытуға мән берудің маңызды екенін ұғамыз. Сондықтан, «Қазақтану» жобасы барысында тұсау кесу, бесікке салу, шашу секілді көптеген ұлттық салт-дәстүрлер насихатталады, ұмытылуына жол берілмей, жаңғырылады деп күтілуде. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали: «Қазақтану әр ұлтта бар. Мысалы, түркітану – әлем бойынша түркі елінің тарихи салты мен дәстүрін зерттейтін ғылым. Сол секілді Қазақтану қазақылық, қазақ ұғымы туралы айтады. Жобаның маңызы өте зор!», - дейді.

Осы орайда айта кетер жайт, жобаның тұсауы кесіле сала жиынға жиналған қатысушыларға арналған экскурсия жүргізіліп, қасиетті Бурабай жерінің тарихи деректерімен таныстырылды. Қазіргі таңда бұл аймақта 18 туристік фирма жұмыс істеп, жыл сайын Көкшенің сұлу төріне ат басын тіреген шетелдік меймандардың осы өңірге деген қызығушылығы артып отыр. Сондықтын, «Қазақтанудың» Көкшетау жерінен бастау алғанының өзі өте орынды бастама болды деуге болады. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде «Қазақтану» бойынша нақты жұмыстар бекітіліп, жүзеге асырылады деп күтілуде. Жалпы бұл республикалық маңызы бар шара үш жылға созылатыны айтылуда.

Негізі жоба идеясы алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында ұсыныс ретінде көтерілген болатын. Мамандар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасындай болып отырған «Қазақтану» жобасы барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайтуда маңызы зор деп бағалаған жоба көпшіліктің де көңілінен шықты. Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, философиясын, құндылықтарын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуде де таптырмас жоба екені анық.

Ұлттық құндылықтарымыз негізінде халық бірлігін сақтап және оны одан әрі нығайтып, елдегі тұрақтылықты сақтауға септігі тиіп, қазақ халқының ұлттық қасиетіне айналған қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойына елжандылық сезімін сіңірсек, жоба мақсатының орындалғаны.

Жобаға қатысты этнограф Ғалия Қайдауылқызының пікірін білгенімізде, ол бастамаға қатысты қуанышын жасырмады.

Ғалия Қайдауылқызы, этнограф, ҚР Білім беру ісінің үздігі:

«Қазақтану» қазақ халқының мәдениетін, төл өнерін, тарихын зерделеп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағалы жоба болмақ. Жастарымыз осы жоба аясында еліміздің тарихы мен мәдениетіне жете үңіліп, терең түсінеді. Осынау кең байтақ елімізде тарихи орындар өте көп. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен, маңдай терімен қорғап қалған жеріміздің әрбір тауы мен тасының қадірін жастар білсе, таныса, туған жерге, Отанына деген махаббаты артады.  Тарихи орындарға ұйымдастырылған экскурсиялар осы олқылықтың орнын толтырып, жастарға туған жердің қадірін арттыратынына сенемін. Сондай-ақ еліміздегі әрбір ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақ елінің тарихын, мәдениетін, тілін білсе, бұл еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайта түседі. Қазақтану  – тұрақтылықтың басты кепілі. Ал, қазақ мемлекетті құраушы ұлт ретінде мәртебесі артады. Сондықтан, біз еліміздегі бейбітшілікті сақтап, елімізді одан әрі дамыта түсуіміз керек.Қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайтуды көздеген бағдарламадан өзім де үлкен үміт күтемін.  Осы орайда айта кетсем, Батыста кезінде босқындарды мемлекеттеріне кіргізу мәселесі үлкен дауға айналған болатын. Оның шешімін олар тым күрделендіріп жіберді. Ал, Қазақстанда ұлттар бір құндылықпен, бір мақсатпен, бір міндетпен, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп отыр. Біздің еліміздегі тұрақтылыққа басқалар қызыға қарауда. Ол қызығушылықтарын жасырмай айтып та жатыр. Негізі жоба  барша қазақстандықтарға қазақ мәдениетінің, тарихының, философиясының біріктіруші күші – қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда. Сол мақсатына жетсе еліміз рухани тұрғыдан жаңарып, жаңғыра түсетініне сенемін!»

Қазақ халқының даналығының арқасында елімізде барша ұлт өкілі, бейбіт өмір сүруде. Яғни, халқымыз жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, бірыңғай халықты байланыстырушы негіз болып отыр. Алдағы уақытта осынау бірлігімізге көз тимей, «Қазақтану» жобасының аясында ұлтымыз рухани тұрғыдан жаңғыра берсе, мақсатымыздың орындалғаны...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға