Тұрақты экономиканы қалыптастырудың тетіктері – Қазақстандық нұсқада
XXI ғасырдың екінші он жылдығын бастан өткеріп жатқан, 2050-ге қарай бағыт алып, желкені жазылған кемедей болашаққа асыққан Қазақстан қазіргі заманғы экономикаға, оның түрлі қиыншылықтарына толықтай бейімделіп, әлеуметтік жағынан тұрақты дамып, қоғам азаматтарының әл-ауқаты артып, жағдайы күннен күнге жақсарып келеді. Әлеуметтік жағынан тұрақты, орнықты экономика қалыптастыру Қазақстан экономикасының негізгі міндеті мен мақсатына айналғалы біраз жылдардың жүзі болды. Осы міндет пен мақсатқа жетуге бірнеше себеп бар. Біріншіден, технологиялық жағынан экономика бір-бірін өзара толықтыратын қазіргі заманғы күрделі өндірістік, техникалық, қаржы және ақпараттық жүйенің жиынтығынан құралады. Қоғамдағы барлық салалар тереңдеп, өзара байланысқан кезеңде экономикалық тұрақтылықтың рөлі артады, сол себептен экономикалық тұрақсыздық барлық экономикалық процестер тізбегінің бірте-бірте бұзылуына әкеп соқтыруы ықтимал. Индустриялық даму кезеңіндегі өзгерістермен салыстырғанда осы салдарлар экономиканың әр түрлі салаларын қамту дәрежесі, жылдам таралуы мен қоғам шегетін тікелей экономикалық ысыраппен салыстырғанда едәуір көп шығын әкеледі. Экономикада мұндай қауіпті жағдайлар әр кезде туындауы мүмкін, ал XIX, XX және XXI ғасырда орын алған әлемдік дағдарыстардың тәжірибесі осыны растайды. Алайда қазіргі кезеңде дағдарыстардың күйрететін салдары бірнеше рет артты және экономиканың бір саласындағы дағдарыс ғаламдану жағдайында өте қысқа уақытта бірқатар елдің экономикасын күйретіп, әлеуметтік және саяси дау-дамай тізбегін туындата алды. 1998 жылы Азияның бірқатар еліндегі қаржы дағдарысы, сондай-ақ 2007 жылдың тамызында басталған әлемдік қаржы дағдарысын осының мысалы ретінде келтіруге болады. Ал, Еуропаның алпауыттарын тітіреткен сол бір дағдарыстан Қазақстан қалайша түк көрмегендей өтті? Мұнда президентіміздің өте ұшқыр стратегиялары бар.
Қазақстан әлемдегі айтарлықтай тұрақты және үдемелі дамып жатқан елдердің бірі болып табылады. Біз тұрақты экономикалық өсу жолымен одан әрі алға жылжи береміз және бізді ешкім тоқтата да алмайды, бұл жолдан қайтара да алмайды. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа жолдаған Жолдауында үкіметке 2015 жылы жанбасына шаққанда ІЖӨ 14 000 АҚШ долларына жеткізуді міндеттеді. Мұның өзі тұрақты экономика қалыптастыруға президентіміздің бұдан да жоғары белсенділікпен кіріскенін көрсетеді. Демек, артқа шегінерге жол жоқ, артымызда экономикасы тұрақтанып жатқан Қазақстан.
«Қазақстан – 2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясы және «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты президентіміздің биылғы халыққа жолдаған Жолдауына сәйкес, Үкімет қызметінің стратегиялық мақсаты еліміз Президентінің маңызды бастамасын жүзеге асыру – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру болып табылады. Осы ретте сарапшылар Үкіметте елдің бәсекеге қабілеттігі деңгейіне, экономиканың тиісті салаларының тәуекелдік бағасына ықпал ететін барлық факторларға жан-жақты талдау жасады. Үкіметтің күш-жігері, бәрінен бұрын, өндірістің артуын ынталандыруға және экономиканың құрылымын жақсартуға бағытталып келді және әрі қарай бағыттала береді. Бұл қағидатты мәселе, өйткені тек экономикалық қарым-қатынастар жүйесін реформалау арқылы біз мемлекеттің тұрақты жоғары бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ете аламыз.
Өнеркәсіптік және технологиялық артта қалушылықты жеңіп шығу арқылы мемлекетіміз келешекте әлемдік саяси және экономикалық жүйеде сапалы да лайықты орын алып, экономиканы серпілте алады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, белгілі ғалымдар мен инженерлердің шығуы қоғам мен экономикада жүйелі өзгерістердің заңдық тұрғыдағы нәтижесі бола алады. Мысалы, инженерлік және экономикалық білім сапасының артуы есімдері әлемге белгілі экономистер Николай Кондратьев пен Василий Леонтьевтің, инженерлер Игорь Сикорский мен Николай Жуковтың танылуына мүмкіндіктер туғызды. Инженерлік ой-сананың бұзып-жарып шығуы басқару теориясындағы әзірлемелермен қатар жүрді – Алексей Гастевтің еңбек қондырғысының мектебі, Тейлордың тереңдету теориясы «еңбек психологиясы», «ұйым теориясы» және басқа да осындай бірнеше бағыттардың пайда болуына ықпал етті. Ең алдымен, президентіміз негізінде ғылыми-техникалық прогресс пен инновациялық қызмет жататын, қалпына келтірілген өндірісті кеңейтудің интенсивтік түріне өтуді көздей отырып, тұрақты экономиканы қалыптастыруда. Нақты осы факторлар алдыңғы қатарлы әлемнің әлеуметтік-экономикалық жүйесінің бәсекелестік артықшылығын қамтамасыз ете алады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, «экономикалық тұрақтылықтың» маңызды бөлігі елімізде қоғамның немесе жекелей азаматтардың әлеуметтік бай болуын қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан жағдай туғызу болып табылады, болашақты жасайтын ондай адамдарды келешекте – «креативтік класс» деп атамақ.
Білімді жастардың болуы және ғылыми өмірдің шоғырлануы, ерекше орта, жаңа білім мен технологияны әзірлеу мүмкіншілігі, инновация модасы мен өзін-өзі дамыту – осының бәрі мемлекеттің технологиялық серпінді жасау мүмкіндігінің маңызды көрсеткіштері. Үкімет отандық бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстағы корпорациялық инвестиция – бұл инвестиция Қазақстанның болашағы. Мұндай салымдар зерттеулердің нақты нәтижесіне қол жеткізіп қана қоймай, ерекше инновациялық ортаны қалыптастырады, творчестволық атмосфера мен үнемі ғылыми ізденісті тудырады. Әлемнің жетекші елдерінде мемлекеттің экономикалық дамуының белгілі рейтингісімен қатар назарға оның «креативтік индексі» қоса алынатыны кездейсоқ болмаса керек. Бүгінде әлемдік «креативтік орталықтар» ретінде: Токио, Лондон, Нью-Йорк, Дублин, Сиэтл, Хельсинки, Стокгольм есептеледі. Қазақстан қалалары әлемнің «креативтік орталығы» қатарына кіруі тиіс, ал Астана – «креативтік класс» қалыптастыру локомотиві – экономикалық білімнің және әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру үшін технологиялық серпіннің тірегі болу мүмкіндігіне ие. Өйткені, мұнда НУ (Назарбаев университеті) және ЕНУ (Еуразия ұлттық университеті) т.б. зерттеу университеттері бар. Сонымен қатар, көптеген ғылыми ошақтар бойы көтеруде.
«Бүгінде біздің экономиканы жекеменшікке жəне кəсіпкерлікке арқа сүйейтін барынша ырықтандырылған экономика деп сипаттауға болады. Дүниежүзілік қауымдастық Қазақстанды нарықтық экономикасы дамыған мемлекет ретінде таныды. Республикада құқықтық база жаңартылып жатыр, салықтың салмағы азайтылып, нарық инфрақұрылымы жетілдірiлуде, еңбек ресурстарының сапасы артып, өнім сапасына деген талап өскелең бола түсуде» – деген ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қазіргі экономикалық деңгейі тұрақтанғанын айтады. Бұл жеткен жетістіктер — ұлттық экономиканы реформалау жылдарының негізгі қорытындысы. Экономиканы реформалау жылдары біздің елде кең іс-тəжірибе жинақталды. Əрине, бұл жылдарда ipi жетістіктермен бірге, айтарлықтай кемшіліктер де болғаны анық. Өйткені, реформа барысында «қателер мен таңдаулар» принциптері кең орын алды. Бұл кезең өзіндік ерекшеліктерімен қатар, жоғары қарқындылығы арқылы айтарлықтай күрделіліктер де туғызды.
Экономикалық тұрақтылық деңгейiнiң қалыптасуы өндiргiш күштердiң дамуы мен қоршаған ортаның тепе-теңдiгiн сақтауға кеткен шығындар арқылы айқындалады. Нарықтық экономикада тепе-теңдiктi шаруашылық кешенiн құру адамның iс-əрекеттерi мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдiктi қалпына келтiруi тиiс. Тұрақты даму белгiлi бiр уақыт аралығында орын алады. Сондықтан, тұрақты даму концепциясы ұзақ мерзiм аралығындағы экономикалық дамуды зерттеуге бағытталуы қажет. Тұрақты əлеуметтiк-экономикалық дамудың ғылыми негiзiн тек өткен реформалау жылдарын кең көлемде талдау жəне зерттеу нəтижесiнде жасай аламыз. Сондықтан, институционалдық, потенциалдық, инвестициялық, индустриялық жəне даму кезеңдерiн жете түсiнiп, оны бағалау арқылы тұрақты даму үрдiсiнiң теориялық-əдiстемелiк негiзiн құруға пайдалану қажет. Қазіргі кезеңде экономиканы тоқыраудан шығарып, экономикалық өсуді мемлекеттік қолдау шараларының жергілікті жерлердегі əкiмшiлiктің атқаруын жетiлдiру мен əрбір аумақтар мен аймақтардың өзін өзі басқаруын арттыру негізгі мəселе болып табылады.
Əлемдiк нарықта өзiнiң өндiрiсi мен бəсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн Қазақстан мынадай үш даму сатысынан өтіп (тұрақтылық (2001 – 2004ж.), индустриалдық (2005 – 2006 жж.), инновациялық (2008 – 2010 жж.), индустриалдық-инновациялық стратегия негізінде, сонымен қатар өнеркəсiптiк-технологиялық арқасында өз экономикасын дамытты. Бұл стратегияның басты мақсаты – технологиялық даму салалары мен олардың өндiрiстiк инфрақұрылымының дамуына мемлекет тарапынан көмек беру. Технологиялық дамудың фундаментiн қалыптастыратын негiзгi сапалы сегменттер инновация, бiлiм, ақпарат, бiлiм беру болып табылады. Инновация – өнiмдiлiктiң басты көзi, бiлiм мен ақпарат – жаңа өндiрiс процесiнiң басты шикiзаты, ал бiлiм беру – еңбек сапасының негiзi. Инновация жабық есiк саясатында iске аспайды. Ұйымдарды басқару, бiлiмдер мен мəлiметтердi талдау, қазiргi технологиямен жабдықтау жəне осы база негiзiнде тауарлар мен қызмет көрсету бiр бiрiмен қиылысатын жүйенiң бөлiгi болып табылады. Ақпараттық-технологиялық процестерде жəне аймақ, фирма үшiн құнды бiлiм мен мəлiметтi талдаушылардың құрушылары болып саналады. Бұл «ұжымдық жұмысшы» деп аталатын кəсiби мамандар, техниктер, менеджерлер, яғни көптеген ұйымдық-технологиялық процестердiң өзара байланысы нəтижесiнде құрылған өндiрiс бiрлiгi.
Инновациялық əрекеттiң дамуына кедергi келтiретiн жағдай мемлекетте оның негiзi болып табылатын конструкторлық бюро жүйесi мен тəжiрибе-конструкторлық бөлiмдердiң уақыты өткен, ғылыми iзденiстердi жүргiзуге қаржының бөлiнбеуi, оның нəтижелерiн өндiрiске енгiзбеу болып табылады (ал, біздің елде ғылыми ізденістерге өте көп қаржы бөлінуде). Ал, инженерлiк жұмысшыларды дайындауда өндiрiстiк практикаға аз уақыт бөлiнеді. Инженерлiк ақыл-ой мен ойлап табу əрекетi қазiргi уақытта біздің елімізде жедел дамуда және инновациялық əрекеттiң дамуы үшiн iргетас зор сақталған. Ондаған болашағы мол жобалар Қазақстан, Ресей, Украина инженелерiнiң бiрiгiп жұмыс iстеуі негiзiнде iс жүзiне асты. Кейбiр қазақ технологиялары əлемде еш жерде қолданылмайды. Бiрақ, көптеген қажеттi ойлап табылған дүниелер тек тəжiрибе түрiнде қалып қойып жатқаны біздің кемшіліктеріміздің бірі. Оларды өндiрiске енгiзудiң ұйымдық-құқықтық механизмi қажет. Мұндай жағдайда инновациялық əрекетті заң жағынан да, қаржы жағынан да жабдықтау iске асуда. Инновациялық əрекеттiң мəселелерiн заң жүзінде де шешімін тапқан. Өйткенi, көп уақытқа дейiн инновациялық əрекеттiң дамуына жауапты мамандар уақытысында тағайындалып жəне əр ведомство заң жобасын халықттың мүддесiне сай бұруға тырысып жатыр. Ведомствоаралық байланыс та жақсарып келеді. Мұның бәрі Қазақстанның жетістігі және экономикасының тұрақты дамып жатқандығын көрсетеді.
Инновациялық əрекеттiң дамуы ғылымға деген нарықтық сұраныс, интеллектуалдық меншiк нарығының дамуы үшiн жоспарланған стимулдың жеткiлiктi талдануы, елдiң қауiпсiздiгi мен экономикалық өсуiн қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасында инновациялық əрекет басымдылығы анықталған, сонымен қатар инновациялық саясатты iске асыру механизмi ашық көрсетiлген. Бұл əрекеттерді жабдықтайтын қаржы ұйымдарына, кəсiпорындарына қандай протекциялар, қандай жеңiлдiктер берiлетiндiгi, бағыттау механизмi қандай болмақ, бұл мәселенің барлығы елімізде шешімін тапқан. Технологиялық қайта жарақтауды қамтамасыз ететiн, өз еркi мен кiрiс енгiзу есебiнде жұмыс iстейтiн технологиялық дамуды қолдау қоры жұмыс істеуде. Бiздiң елiмiзде инновациялық əрекет заң жобасының мазмұны негiзiнде мемлекеттiк сұраныс жəне мемлекет қаржысы арқылы iске асады. Ғылым жөнiндегi заңға сəйкес, қазiргi заманға сай технологиясы аз технопарк-құрылым жəне инновациялық əрекет өнiмнiң рыногын алға жылжытуға жағдай жасайтын инкубатор-құрылымға мемлекет белсендi түрде көмегiн тигiзсе де жеткiлiксiз болады. Елдiң қаржы жəне коммерциялық құрылымдары тарапынан қолдауды ұлғайта беру керек. Елдiң əлеуметтiк өмiрiнiң материалдық негiзiн трансформациялау жолында нақты қадамдарды қамтамасыз ететiн ұзақ мерзiмдi болашақ экономикалық бəсекелестікке қабiлет Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтің арқасында қалыптасты.
Экономикада жүргiзiлген құрылымдық қайта құруды iске асыру, өнiмдi экспорттауға бағытталған өндiрiстi күшейту, шикiзаттың экономикаға əсерiн қысқарту үдерістері елімізде әлі күнге дейін жүріп жатыр. Қазақстан бiр жағынан əлемдiк нарықтың өзара əсерiн дезинтеграциялау, екiншi жағынан ғаламдық экономикада қызмет ету мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн ел экономикасының конструктивтi даму бағыттарын қатайту таңдауларының алдында тұр. Бiрiншi жағдайда мəселе экономикалық реформациялауды күшейту жолы мен шешiледi, екiншi жағдайда интеграциялау тенденциясын əлемдiк нарықпен де, ТМД жағымен де жүргiзудi күшейту керек.
Экономиканың тұрақты дамуының негізгі түбірі бар мақсаты – əлеуметтілікті тұрақтандыру. Тек əлеуметтік тұрақтылық экономикалық тұрақтылықтан туады. Экономика мен əлеуметтіліктің дамуына əрбір кезеңдерде бағасын беріп, оның дамуын бақылауды қолға алмайынша, «хаостық» жағдайға жол береміз. Сондықтан, президентіміздің айтуынша, бүгінгі таңда əрбір объектiнiң экономикасының даму бағасын талдау арқылы анықтауымыз керек. Бұл талдау бұрынғы талдау нəтижелерiмен салыстырмалы қаралуы керек. Себебi, жетiстiктер мен кемшіліктер өлшемiне баға берiлуi тиiс. Экономикалық қатынастарда əрбір ауданның, əрбір қаланың, əрбір облыстың бір біріне салыстырмалы əлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын бағалау көрсеткіштерін енгізу жəне оны одан əрі дамытуға талдау жүргізуді басшылыққа алу – бүгінгі күннің негізгі талаптарының бiрi. Мұнсыз əрбір əкімшілік басшылығы қызметтеріне баға беруге болмайды. Бірақ, бұл мəселелерге үкімет жиі назар аударып келеді. Əсіресе, əлеуметтік пен экономиканың дамуына бөлінген, берілген бюджеттік, банктік, инвестициялық қаржылардың қайтарылымы мен пайдалы болуының қоғамдық тұрғыда сұранысты арттыру жұмыстарын жүргізуде белсенділік жоғары. Əрбір аймақтың дамуына баға беретін əртүрлi жеке статистикалық көрсеткіштер бар. Осы көрсеткіштерді жинақтап, жалпы жаңа бағадағы экономиканың жəне əлеуметтіліктің тұрақты даму бағасын беретін көрсеткіштерді экономикаға қолдануды енгізу де бүгінде қаралып жатыр. Жалпы, «алдымен – экономика, сосын – саясат» формуласын ұстанған Елбасымыз және үкімет ондаған жылдар бойы экономиканы тұрақты дамытудың тәжірибесін жинақтап үлгерді. Дәл осы себепті, ендігі уақытта Қазақстанның экономикасының тұрақсыздануына жол берілмейтініне әбден сенуге болады және Қазақстанның бұл үшін жасалып жатқан өз стратегиялары бар.
Дінмұхамед Аязбеков