Жаңалықтар

Тұрғын үй – түйіткілді мәселе

Баспана алуға қатысты тиімді бағдарламалар
Тұрғын үй – түйіткілді мәселе
23.04.2020 12:02 7506

Бүгінде елімізде баспана алуға қатысты бірқатар бағдарламалар бар. Соның тиімділігін пайдаланып, тұрғын үйге қол жеткізіп жатқан жандар да жоқ емес. Сондай бағдарламалардың бірі – елбасымыздың бастамасымен құрылған «Бақытты отбасы» жобасы болып табылады. Ол әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама.

Аталған бағдарлама мен тұрғын үй мәселесіне қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы жолдауында жариялаған еді. Президент өз сөзінде «Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижелері жақсы болғанын атап өткен болатын. Және 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болатындығын мәлімдеген еді.

c1153e8ac9819327c02f9da81ccf03ec-big-900x_.jpg

Жалпы кез-келген елде халық санының өсуі, сәбидің дүниеге келуі әлеуметтік-экономикалық салаларға елеулі әсер етеді. Сонымен бірге қала халқы санының өсуі ең өзекті мәселелердің мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлердің жетіспеушілігін тудыратыны анық. Жолдауда бас қаламызда 2,36 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгені туралы да айтылған болатын.

Бізге «Бақытты отбасы» бағдарламасы, әйелдер ипотекасы, депозит рәсімдеу және өзге де қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысы негізінде құрылған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» кеңесшісі Маржан Нұрланқызы айтып берді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

Өткен жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті әкімдіктермен бірге жүзеге асыратын «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған болатын. 2019 жылдың өзінде 4 мың аз қамтылған отбасыға осы аталған бағдарламаның арқасында жаңа үйдің кілті табысталған еді. Президентіміз «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған барлық азаматқа қатысты талаптар ыңғайланып әзірленіп жатқанын және аталаған бағдарламаның аясы 2020 жылы кеңейетінін мәлімдеген болатын.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасының шартына сәйкес әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 4 және одан көп баласы бар отбасылар (кәмелеттік жастан асқан 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар) отбасылар да көпбалалы отбасылар қатарына жатады. Екіншіден бір немесе одан да көп бала бағып отырған жалғызбасты әке немесе ана (ресми ажырасқан уақыты 3 жылдан асқан болса) және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар да кіреді. Аталған бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікте кезекте тұруыңыз қажет, – деді Маржан Нұрланқызы.

бакытты отбасы.png

Сонымен бірге несие мөлшерлемесі барлық 19 жылға 2%-бен беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ын ғана құрайды. Егер бастапқы жарнаға ақшаңыз болмаса, әкімдіктен ақшалай төлем ретінде 1 миллион теңгелік сертификатқа арыз жазуыңызға болады.

– Тағы бір ескеретін жағдай егер сіз үй кезегінде қай қалада тұрсаңыз, тек сол қаладан ғана пәтер ала аласыз. Сондай-ақ, сол қалаңызда мекен-жай бойынша тіркеуде 2 жыл тұрған азаматтар ғана аталған бағдарламаға үміткератануға мүмкіндігі бар, – деді банк кеңесшісі.

Әйелдерге арналған ипотека

Өткен жылы мемлекетімізде тұрғын үй саласында гендерлік теңдікті жетілдіру мақсатында әйелдерге арналған ипотека жобасы жүзеге асырылайын деп жатқаны туралы мәлімделген болатын. Жоба бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Азия Даму Банкімен» бірлесе отырып, шамамен 4000 әйелге ипотека берілетіндігі жөнінде айтылған болатын. Ол туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеген еді.

Банк басшысы өз сөзінде елімізде 9,1 млн әйел бар екендігін, олардың 4,4 млн-ы жұмыспен қамтылғанын айтқан болатын. Және де әйелдердің жалақысы ерлердікіне қарағанда үш есеге аз екенін ескере айтқан.

– Әйелдер жалақысының аздығы ерлерге қарағанда пәтер алу мүмкіндігінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан біз «Азия Даму Банкімен» бірлесе қазақстандық әйелдерді қолдай отырып, гендерлік жобаны жүзеге асырмақшымыз, – деген еді банк басшысы Ләззат Ибрагимова.

s1200.jpg

Банктегілердің сөзінше, ипотека жобасына жаңа салынған үйлер де, қайталама нарықтағы пәтерлер де кіреді. Берілетін несиенің ең жоғарғы соммасы 30 млн теңгені құраса, алғашқы жарна 15 пайызды құрайды. Ең негізгі шарттардың бірі – ипотека алатын әйелдердің жалақысы 200 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Ал жалақысы көрсетілген соммадан асадан әйелдер үшін алғашқы жарна 20 пайызды құрайтыны туралы мәлімделген еді.

Бұл ипотекалық бағдарлама әйелдер үшін қолжетімді баспанаға ие болудың бірден-бір жолы болып табылады деп сенеміз.

    «7-20-25» бағдарламасы туралы

Аталған ипотекалық бағдарламаға еліміздің кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Осы «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болатын адамның өз атында үйі болмауы керек. Ол азаматтың несие тарихына да мән беріледі. Және ипотекалық  жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылған болатын. Ол – Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған. Бағдарлама шарты бойынша кредит мерзімі 25 жылға дейін беріліп, бастапқы жарна пәтердің кепіл бағасының 20%-ын, ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7%-ын құрайды. Бұл бағдарлама елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

    Өзге де қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ пәтер немесе үйді ең тиімді шарттармен алуға көмектеседі. Еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту мен оларға заемдарын беру арқылы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы негізде банк тарапынан бірнеше қолжетімді бағдарламалар қарастырылған.

– Біздің банктің қолжетімді бағдарламаларына: «Нұрлы жер», «Әскери өнім» және «Өз үйім» жатады. Қысқаша тоқталып өтетін болсам, «Нұрлы жер» бағдарламасы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған. Пайыздық мөлшерлемесі жылдық 5% -ды құрайды. Ал бастапқы жарнасы 20%-дан 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ал «Әскери өнім» әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы болып табылады. Пайыздық мөлшерлеме - 6%-дан 8%-ға дейін 25 жылға 15% бастапқы жарнамен беріледі. Біздің банкте көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға да арнайы бағдарлама қарстырылған. Сонымен бірге жаңа салынған пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған «Өз үйім» бағдарламасы да бар, – деді банк кеңесшісі Маржан.

4bcd8c00-549b-4154-b372-e4d5dfde5ef7.jpg

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке бағдарламасы пайыздық мөлшерлемесі 3.5%-дан 7%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Бастапқы жарна - 20%-дан бастап, 25 жылға дейінгі мерзімде беріледі.

Сонымен қатар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 30 бен 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс бойынша пәтер беруді қарастырып отыр. Ондағы талаптарға соңғы екі жыл көлемінде Алматы қаласында тіркелген және бес жыл ішінде жылжымайтын мүлкі жоқ, алты айдан кем емес уақыттан бері еңбек қызметімен айналысатын азаматтарға беріледі. Конкурсқа қатысушының ресми жұмыс өтілі, міндетті зейнетақы мөлшерлемесі болуы қажет. Оған денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жоғары оқу орындары мен журналистер және әлеуметтік сала қызметкерлері кіреді. Олар бастапқы жарна 10%-дан бастап 5% мөлшерлемемен 25 жылға дейін алуға болады,– деді банк кеңесшісі.

Банк кеңесшісінің пікірі

Маржан Нұрланқызы – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ кеңесшісі. Жалпы банк саласындағы жеті жылдан астап жұмыс тәжірибесінде қаншама отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенеліпті.

– «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жұмыс тәжірибем көп болмаса да қысқа мерзімде көптеген отбасылар баспаналы болды. Банк кеңесшісі ретінде депозит ашқаннан бастап, несиеге өтініш бергенге дейін көмек көрсеткенімнің арқасында, менің салымшыларымының ипотекалық несиесі 99,9% расталуына кепілдік алады. Бүгінде сіз банк бөлімшесіне бармай-ақ, депозит аша аласыз. Немесе үйде, жұмыста отырып, кез-келген уақытта депозит ашуға біздің банктің кеңесшілерін шақыра аласыз, – деді Маржан.

7ed6c031-ccb9-4c74-a445-57fa56ccbab8.jpg

(Суретте: «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» кеңесшісі Маржан Нұрланқызы)

Сонымен бірге Маржан Нұрланқызы ұжымдық және жеке презентациялар өткізу, клиентерге толық ақпарат беріп, жинақтау шотын ашу, банк салымшысының айлық түсімдерін бақылау, уақытылы салымын толықтыруды қадағалап отырады. Ай сайынғы салымдар мен несие төлеу сомасын білу үшін нақты есептер жүргізуді де Маржан арқылы немесе банктың басқа да кеңесшілері арқылы білуге болады. Баспаналы болудың ең негізгі бастамасы белгілі бір мерзімге жеке депозит ашып, оны үнемі,үзіксіз уақытымен толықтырып отыру.

Мемлекет сыйлықақысы қандай?

Жыл сайын күнтізбелік жыл қорытындысы бойынша берілетін мемлекет сыйлықақысы республикалық бюджеттен аударылатын қаражат. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының депозиттеріне олардың тұрғын үй жағдайын жақсартып, ынта-ықыласын арттыру үшін беріліп отырады .

Мемлекет сыйлықақысының көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомасының 20%-ын құрайды. Бұл қаражат әр жылдың басында бірден барлық депозиттерге аударылып отырады. Есептелу барысына келер болсақ, бұл сыйлықақы бір жыл ішінде депозитке салынған 200 айлық көрсеткіштен аспайтын ақша бойынша есептелініп беріледі. Біздің банктен ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы алу үшін осы жылы 555600 теңге жинау керек. Сонда сіз жаңа жоғарыда айтып кеткенімдей 200 айлық көрсеткішті 20%-ын аласыз. Мемлекеттен берілетін ақшалай сыйлықақының көмегі 111 120 теңгені құрайды, – деді Маржан Нұрланқызы.

Ал банк кеңесшісінің кеңесіне сүйенсек төмен пайызбен несие алу үшін бірінші кезекте депозит ашу керек.

Бар болғаны сіз бірнеше талапты орындайсыз. Ол бірінші қаражатты депозитіңізде кемінде үш жыл жинауыңыз қажет. Екінші өзіңізге қажетті тұрғын үй сомасының жартысын жинауыңыз керек. Және де бағалау көрсеткішінің ең төмен көрсеткішіне жетуіңіз міндетті болып саналады. Егер осы мен айтып кеткен талаптардың барлығын орындасаңыз жылдық 5% мөлшерлемемен тұрғын үй заемын алу мүмкіндігіңіз бар. Қаражаттыұзақ уақыт жинасаңыз несие мөлшері төмендейді деген сөз. Сонда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» берілетін ең төменгі мөлшерлеме 3,5% құрайды, – деп кеңес берді М.Нұрланқызы.

Мемлекеттік бағдарламамен үй алу шарттары

Жалпы мемлекеттік бағдарламамен үй алуға өзіндік негізгі талаптар қойылады.

– Біріншіден біздің мемлекетіміздің азаматтығы болуы маңызды. Екіншіден, соңғы 6 айда еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3.1 шамасынан аспайтын табыстың болуы маңызды. Сонымен бірге төлем қабілеттілігін растайтын құжаттың болуы міндетті саналады. Келесі мәселе үміткердің жасы 18 жастан жоғары болуы шарт. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 жылдық тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы керек. Әкімшілікте тиісті санат бойынша кезекте тұру мен несиеге өтінім берген уақытта үміткердің атында ҚР үй болмауы да мемлекеттік бағдарламамен үй алу шарттарына кіреді.

колжетімді баспана.jpg

Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болу үшін жоғарыдағы шарттарды орындасаңыз болғаны. Маржан Нұрланқызының айтуынша, осы жылдың сәуір айында салымшылардың жинағы 861 млрд. теңгені құрап отыр екен.

– Ағымдағы жылы шарттық сомасы 287 млрд. теңгені құрайтын 93 мың ТҚЖ шарты жасалып, сомасы 85 млрд. теңгені құрайтын 7,5 мың несие берілді. Қазіргі кредиттік қоржын 1 034 млрд. теңгені құрайды. 1 млн 300 мың салымшымыз бар.   Өткен 2019 жылы елу мыңнан астам (50000)отбасы баспаналы болды, – деп қуанышпен жеткізді банк кеңесшісі.

Бағалау көрсеткіші дегеніміз не?

Бағалау көрсеткіші (БК)- бұл қаржылық тәртібіңіздің белгісі. Егер көрсеткішіңіз жоғары болса, үй заемының мөлшерлемесі де төмен болады.

Үш жыл бойы депозитіңізді тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шартта көрсетілген сомаға (ай сайынғы жарна көлеміне) толықтырып отырсаңыз, сізге «16-ға тең» ең төменгі БК беріледі. Бұл жағдайда жылдығы 5% болатын заем ала аласыз.Ал сізге тиесілі БК 16-дан жоғары болса, заемның жылдық мөлшерлемесі бұдан да аз болады. Ең төменгі жылдық мөлшерлеме – 3,5%.құрайды,- деді М.Нұрланқызы.

Сондықтан банктен депозит ашқан болсаңыз, оны уақытылы белгілі мерзімде тиісті соманы толтыру арқылы орындап отыруыңыз керек. Сонда ғана үй заемының төмен мөлшерлемесіне ие боласыз.

Төлем жүргізу тәсілдері

Кеңесші Маржан Нұрланқызы банк өз салымшыларына төлем жүргізудің оңай әрі қолжетімді тәсілдерін ұсынатындығын жеткізді.

– Ай сайынғы жарна мен депозиттіқолма-қол ақшасыз толтырудың бірнеше тәсілдері бар. Ғаламтор дамыған заманда ең бірінші «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» интернет-банкингі көмегімен, ЖССБ24 мобильді қосымшасымен толтыра аласыз. Сонымен бірге интернет-банкингте сіздер үшін арнайы автотөлем қызметі де іске қосылған. Ол депозитті толтыру мен несиені өтеу үшін сіздің картаңыздан қаражатты автоматты түрде шешетін қызмет болып саналады,– деді ол.

Бүгінгінің мәселесіне айналған тұрғын үй мәселесі алдағы уақытта шешімі табыларына сенім білдіреміз. Ал үйсіз жүргендер қолжетімді мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болсын дейміз.

(Суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан және yandex.kz сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға