Төле бидің батыр ұлы Жолан
Біз халқымыздың атақты Төленің Жолан атты баласының аса парасатты болып өскенін тарихи құжаттардан көреміз.
«Қазақақпарат» баспасынан (2008ж.) жарық көрген «Төле би» атты кітапта Жолан туралы мынадай мәлімет көтерілген: «Қалмақ жеңіп, қазақтың жерін алған соң қазақтың батырлары соғысты тоқтатпапты. Содан кейін қалмақтың ханы Қалдан Церен: «Сендер бағынып тыныш отырмадыңдар, көшіп қонып жүрген сендерге сенім жоқ. Бағынып тыныш отырамын десеңдер, ең жақсы батырды ұстап бер», деген екен. Төле батырларын қимай, өзінің баласы Жоланды аманатқа беріпті. Жолан жау қолында жеті жылдай болып келіпті. Ал ел аузында осы баласын Бас би бірнеше рет аманатқа беріпті-мыс, осындай бір сапарында Жоланның әйелі: «әкең өзі неге қайта-қайта жау қолына бере береді?» - десе керек. Сонда Жолан: «Ол кісі менің әкем, қанша жіберсе де баруға тиіспін», - деп жауап беріпті» - дейді. Мұны естіп қалған Төле би Жоланға ағылып-төгіліп батасын берген көрінеді. Жас кезінен ел тірлігіне араласып, оңын-солын танып өскен Жолан Қытайға 1758 жылы бірінші болып елшілікке барыпты Осы сапарда Жолан жалғыз емес, үшеу. Пұсырман мен Менияз атты азаматтар бар. Бұлардың осы сапарын сол заманның салт-дәстүрі бойынша италияндық суретші Джузеппе Кастильони салыпты. Бұл жайында «Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Алматы «Дайк-Пресс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген «Қазақстан Тарихы туралы Қытай деректемелері» атты кітаптың ІІ-ІІІ томында берілген. Оқырман қауым таныс бола берсін деген ниетпен осы еңбектен үзінді беріп отырмыз.
Біз, Моңғолдай мен Хешан екеуміз, Төле бидің тұрған жеріне барып, Төле биге болған ауылдың мән-жайын анықтап түсіндіріп бердік. Сол күні Төле би екеумізбен бірге аттанып түн ортасында /Ташкенттің маңына/ жеттік. Соңынан олар қаладан шығып келіп бізбен кездесті. Олар бізге мынаны айтты: «Біз, қазақтар, бұрыннан бері патшамен қарым-қатынаста болып, сол арқылы жайбырақат өмір сүрсек деген ниетте болғанбыз. Амал қанша, арамызда жоңғарлар болып, мұндай қарым-қатынас орнайтындай орай болмады. Бүгін міне, паштаның Таласқа келіп жеткен армиясынан біздің Ұлы жүз Қазақ еліне елші жіберіліп, Қасақшира қатарлы опасыз қарақшыларды тұтқындасақ деген талаптармен қатар, бізбен қарым-қатынас орнатпақ ниеттерін білдіріп отыр. Мұны естіп, біз Қазақ Ұлы жүздің барша елі, аса риза болдық. Біз патшамен қарым-қатынас орнатып әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа дейін бейбіт тыныш өмір сүруді қалаймыз.
Енді, міне, біз ұлық патшамен қарым-қатынас орнатып отырмыз, осы орайда біз патшаға барып сәлем беріп, онымен жүздессек деген ойдамыз. Төле бидің жасы 93-ке келді, Хангелді болса, ол да 70 жасқа толған, сондықтан олар өздері ұзақ жол жүре алмайды. Осыны ескере отырып, біз, Әбіліз, Төле би, Хангелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолдан мен Хангелдінің аталас бауыры Босұрманды /мұсылман, пұсырман/ елші етіп жіберіп, біздің атамыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат (Үш үйір атты мңзеп отыр) пен амбанға (Губернатор) беретін сыйлық ретіндегі 1 бөлік атты апармақ.
Сол күні кеште, Төле би, Сасық би, Молдасамшы үшеуі келіп бізге «Молдасамшы да өз елшісін біздің қазақ елшілерімен бірге Пекинге жіберіп, патшамен дидарласып келсе дейді» дегенді айтты. Сөйтіп, біз, Моңғолдай мен Хешан қазақ елшілері Жолан мен Босырманды және хуэйцзи (Орта Азиядағы мұсылман халықтар) Молдасамшының елшісі Мениязды ертіп алдық та, 7-айдың 20- күні кері сапарға аттандық.
Әбілпейіс «хан» аталғанымен, іс жүзінде ешқандай нақты іс басқармайды екен. Батыс бөлек қазақтар мен ташкент жеріндегі басқару ісінің барлығы Төле бидің құзырында екен, өзге батыр қолбасшылар мен бұқаралардың барлығы Төле бидің билігіне бойсұнады екен. Біз олардың жеріне барғандағы байқағанымыз – Төле би шынында да батыл шешім қабылдап, істерді тез-тез шешіп, бізді қысқа уақыттың ішінде қайтаруға талпынды. Ол біздің «хуэйцзилермен татулассаңыздар» деген сөзімізді де қабыл алып, алдымен барып бітімге келді.
Осыдан кейін, яғни 7-айдың 29-күні Моңғолдай мен Хешан екеуі Жолан, Босұрман және Менияз қатарлы елшілерді ертіп келіп, патшаның құлының құшақтап тұрып сәлем берген соң, мен оны жайғастырып отырғызғаннан кейін, оған: «Біздің таяу жылдардан бері жорық жасап, жоңғарлар мен улеттерді (Улет/өлүүд – Жоңғардың бір тайпасы) жойғандығымыздың себебін мен өзімнің сіздер, Батыс бөлік қазақтарға жіберген хатымда анықтап түсіндіргем. Ол туралы сіздердің Әбілпейс хандарыңыз бен Төле би сынды батырларыңыз хабар алған шығар?
Әбілпейіс пен Төле би бағы жанып, бізге бағынып, сіздерді патшамен дидарласып келуге жіберіп отыр. Сіздер аттанар кезде Төле би сіздер арқылы маған басқаша арнаулы салем жолдады ма?» - деп сұрақтарымды қойып едім, Босұрман былай деп жауап берді: «Әбілпейіс пен Төле би бізге: «Сендер цянцзюньге мынаны жеткізіңдер: Біздің ұлы жүз қазақтардың жері тар... Қазақшира расында да біздің Ұлы жүз қазақтарының жеріне келмеген... Сендер сыйлыққа апара жатқан аттарды амбанның өзіне жеткізіп, ахуалды түсіндіргеннен кейін, сол жерден әрі қарай барып, патшаға сәлем беріп келіңдер» деп тапсырма берген. Хуэйцзи Менияз мынаны айтты:
«Мен Ташкенттегі қожа Молдасамшының қол астындағы сарт болам. Біз, ташкенттік сарттар, бұрын қазақтарға салық төлеп тұрғанбыз. ...Сондықтан қожамыз сізге сәлем беріп, содан әрі қазақтармен бірге Пекинге барып, патшаға сәлем беру мақсатында мені осылай жіберді». Сонан соң мен Ишімчжабты әкелгізіп, оны тергеу сұраққа салып едім, оның айтқаны Монғолдай мен Хешан екеуінің мәлімдегеніндей болып шықты. Мен сол астымдағы адамдарыма оны тапсырып, оны қатаң түрде күзеткізіп қойдым. Ертеңіне Жолан маған келіп: «Кетерімде менің әкем өзінің ұлық патшаға жазған бір дана хатын маған тапсырып еді. Оны да сіз, мәртебелі амбан, біздің қожамыздың атынан ұлық патшаға жолдап берсеңіз», - деді. Сөйтіп, олар сол хаттарды маған тапсырды. Мен хаттарды ашып көріп едім, екеуі де мұсылман жазуымен жазылған екен. Мен оларды армия қатарындағы улет бұрыт (Қырғыздар) елдерінен шыққан адамдарға оқытып едім, ешкім оқи алмады. Сонан соң мен Жоланнан хаттың мазмұнын сұрап едім, ол былай деді: «Төле бидің сөздерімен қарым-қатынас орнату ниеті шын. Сондықтан ол осы сөздерге көп көмек көрсетті. Ол өзінің хатында осы жайттарды патшаларыңызға мәлімдеп отыр». Ал Менияз болса: «Мен әкелген бұл хатты біздің қожамыз Молдасамшы менің аттанар кезімде ғана маған әкеліп тапсырған. Сондықтан мен онда не жазылғандығын білмедім», - дегенді айтты. Мен, патшаның құлы, олардың сол хаттарын басқаша қылып қаптап, өзімнің осы мәлімдемеммен бірге ағзам патшамның назарына ұсынып отырмын. Соынмен қатар, мен Моңғолдай, Хешан екеуімен бірге елшілік сапарда болған солын бошоку Баге мен гирин ула бошоку Есентай және қазақ тілін білетін , іскери еңбек сіңіргендігі үшін көк қауырсынға ие болған Дашдаваулет елінен шыққан Черичи 30 жасақ қосып беріп, оларға қазақтар мен хуэйцзилердің Жолан, Босұрман және Менияз сынды 3 елшісін, сондай-ақ сол елшілердің атқосшысы болып келген 8 адамды Пекинге дейін қорғап апаруды тапсырдым. Лимбао Моңғолдай, Хешандармен бірге аттанып, оларды да Пекинге дейін қорғап апаратын болды.
Авторы: Сәрсенбі Дәулетұлы.