Жаңалықтар

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Қазаққа діні мен тілі ұқсас халық.
Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы
16.11.2020 14:43 11617

Қазақстаннның этникалық топтарының бірі – түрікмен ұлты. Асыл діндері ислам болып саналатын, қазаққа ұқсас тілі бар, тұрмысы мен салтында да көптеген сабақтастық пен ұқсастығы бар ұлт. Қазақ жеріне қоныс аударған түрікмен ұлттарының басым көпшілігі Маңғыстау облысында тұрады.

2013 жылғы санақ көрсеткіші бойынша Қазақстанды мекен еткен түрікмен халқының саны 2,4 мың адамды құраған.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

2019 жылғы шілде айындағы санақ нәтижесі бойынша Түрікменстан мемлекетінің халық саны 5,94 миллион екені белгілі болған. Түрікменстан көпұлтты мемлекет болып саналады. Десе де халқының 85% түрікмендер құраса, 5% өзбек ұлтының өкілдері, 4% орыстар екен. Бұдан өзге армян, әзербайжан, татар, парсы, лезгин, ұйғыр, күрд секілді ұлт өкілдерін де кездестіруге болады.  

Түрікмендер ұзын бойлы, бастары сопақтау, бет-әлпеттері жұқа әрі сопақша, маңдайы кең, шаштары мен көздері қара болып келеді. Орта Азиядағы көптеген мемлекеттер секілді Түрікменстанда да бала туу көрсеткіші өте жоғары. Оларда көпбалалы отбасын құру – дәстүр.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Соңғы ресми деректерге назар салсақ, Түрікменстанда 6 миллионнан астам халық тұрады. Түрікмен ұлтының өкілдері Иран, Ауғанстан, Ресей сынды елдерде көп кездеседі.

Тарихқа көз жүгіртсек, түрікмен ұлтын Оғыз ханның ұрпақтары деген деректер кездеседі. IX - XI ғасырларда оғыздар Түрікмен шекарасына өтіп, түрікмен ұлтының қалыптасуына ықпалын тигізіп, олардың тілі мен дінін, мәдениетін айқындауға зор үлес қосқан деседі. Ал, енді келесі бір деректерге сүйенсек, ежелгі түрікмен халқының түп тамыры көшпелі ирантілдес тайпалардан тарайтынын жазады. Тіпті «түрікмен» этнонимі ескі парсы сөзінен шыққан деген деректер де бар. Осы атаумен түріктерге ұқсайтын көшпелі, иран тілінде сөйлейтін ұлттарды атаған. 

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Түрікмен этнонимі X ғасырдың екінші жартысына тән араб еңбектерінде кездеседі. Онда олар туралы «Түркітілдес», «түрік халқы» сынды мағынада айтылады. Тарихи деректер XIV-XV ғасырларда жоңғар шапқыншылығынан кейін көптеген түрік тілдес тайпалардың бірігуі нәтижесінде түрікмен ұлтының пайда болғанын көрсетеді. 

Түрікмен халқының негізгі кәсібі – жер игерумен қатар мал шаруашылығы болған. Олар жартылай көшпелі мәдениетті ұстанған ұлт. Бір ауылдың тұрғындары түгелімен мал өсірумен шұғылданса, келесі ауыл адамдары толығымен жерді игеру, егін егіп, оның өнімін іске жаратумен айналысқан. Түрікмендердің батыс бөлігі қой, түйе, жылқы өсірсе, елдің оазис бөлігі жер шаруашылығымен айналысып, бидай, жүгері, мақта өсірген. Ірі қара мал өсіруді жақсы жолға қойған түрікмендер XIX ғасырдың ортасында кілем тоқу мен жібек өндіруді жақсы меңгерген.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Осылайша түрікмен ұлты өзге де азиат ұлттары секілді ғасырлар бойы мәдени ерекшеліктері мен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтай білді. Ата-бабадан жалғасқан дәстүрді күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолдана отырып, ұрпақтарына мирас етті. Мәселен, түрікмендердің киіз үйі әлі күнге дейін жаздық үй ретінде немесе бақташылардың панасы ретінде қолданылады. Заман өзгеріп, технология дамығанына қарамастан, олар әлі күнге дейін ұлттық дәстүрлеріне берік ұлт саналады. Сәннің түр-түрі көзді жауласа да, түрікмен халқы ұлттық киімдеріне де адал. 

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Ірі шаһарларға алыс орын тепкен шалғын аймақтардағы ауыл тұрғындары әлі күнге дейін тоқылған бас киім мен сырылып тігілген кең етек көйлектер, кең балақты жұқа шалбар киеді. Әйелдер шаштарын көрсетпеу үшін бастарына орамал тағып, ала шалбар киеді. Мұндай киім үлгісі ыстығы қатты, ауасы құрғақ климатқа өте қолайлы. Әрбір отбасы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді өте жақсы ұстанады. Халықтың 89% ислам дінін ұстанады. 

  Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы 

Тарихшы, педагог А.Е. Игнатовичтің «Түрікмендер: мәдениеті мен менталитетінің ерекшеліктері» атты мақаласында: «Түрікмендер туралы айтқанда бірден көз алдымызға шығыстың тамылжыған табиғаты, мақта алқаптары мен жазық дала, жарқын түсті киімдегі әйелдер бейнесі мен кілем тоқыған шеберлер келеді. Түрікмендер шығыс халықтарының бірі десек, аздық етеді. Олардың мәдениеті өзге орта азиялық елдерден әлдеқайда бөлек десек орынды. Түрікмендердің арғы атасы көшпелі халық болған,  тамыры оғыздардан тарайтыны туралы айтуымыз керек.»,- деп жазылады.

Келбеті, түр-сипаты

Түрікмендер өте келбетті, сұлу келеді. Киімді де талғаммен киеді. Әйелдері талғаммен киініп, әшекей бұйымдарды сәйкестендіріп тағады.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Құндылықтары

А.Е. Игнатовичтің зерттеу мақаласында түрікмендердің құндылықтары туралы «Материалдық жағдайдың түрікмендер үшін маңызы зор. Олар жылқы малын қатты құрметтейді, тіпті ұлттық символ ретінде қарастырады. Бұл ер азаматтардың ерге тән психологиясымен тығыз байланысты. Отбасылар қабырғаға сүйікті әйелі мен балаларының суретін ілгеннен гөрі, ата-бабасы мен жылқының суретін ілгенді жөн көреді. Себебі, батыста «миллионер» деген сөз қалай бағаланса,  «жігіт» деген ұғым дәл сондай беделді мағынаға ие» деп жазылады. Сондай-ақ автор мақаласында түрікмендер әке-шешені қатты құрметтейтін ұлт ретінде көрсетеді. Түрікмендерде «Алтын мен күміс ескірмесе де, ата мен ана қартаяды, олар бағалы» деген мақал бар екенін тілге тиек етеді.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Түрікмендер беделге қатты мән береді. Мәселен, Ресейде тұратын түрікмендердің арасында заң бұзушылық пен қылмыс өте сирек кездеседі. Олар өте ілтипатты халық және бір-бірімен тығыз араласады. Бір-бірін жақсы таниды. Сондай-ақ олар бір-біріне өте жомарт, қамқор. Көмектесуге, қол ұшын созуға қашан да дайын тұратын халық.  

Мәдениеті

Түрікмен халқының музыкалық мәдениеті ежелгі Парфия, Маргиан, Хорезм өнерінен бастау алады. Дәстүрлі музыкасына тән ұлттық аспаптары ретінде ішекті сондай-ақ үрлемелі дауылпаз аспаптарды атауға болады. Археологиялық қазба жұмыстарында табылған аспаптарға қарап олар культтік әрі жөн-жоралғы әрекеттерін діни мерекелер мен салт-дәстүрлерінде сабақтастыра қолданғанын байқаймыз.  Бір қызығы тарихи деректерде көне заманда да оларда музыкалық-би ұжымдары болғаны туралы мәліметтер кездеседі. Олар сарай және ғибадат үйлерінде өтетін мерекелік шараларда өнер көрсеткен. Бұдан өзге ұжымның құрамында кәсіби әншілер мен бишілер болғаны туралы деректер бар. Түрікмен ұлтының әралуан, өнерге бай мәдениеті кәсіби музыканттардың өнері арқасында жақсы дамып, көркейген. Тарихта есімі қалған өнерпаз тұлғалардың бірі ретінде Барбад Мервезидің есімін атауға болады.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Түрікмен мәдениеті түрікмен-оғыздардың эпикалық шығармашылығынан бастау алады. Олардың қатарына проза және поэзия кіреді. VI—VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбаларында кездесетін эпикалық туынды сөзімізге дәлел болатындай. «Оғыз нама» аталған еңбекте түрікмен-оғыз халқының мәдениеті суреттелетіні айтылады. Сондай-ақ түрікмендердің көне музыкалық өнерін тануға көмектесетін баға жетпес еңбектердің бірі – Қорқыт  атаның эпосы. Тағы бір тарихи естеліктерге назар салсақ, қобыз, сырнай, нагар сынды ұлттық аспаптары болғандығы жазылады.  

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Түрікмен кілемі

Түрікменстанда мамыр айының соңғы жексенбісінде ұлттық мереке – Түрікменстан кілем күні тойланады. Тарихшылардың пайымынша, өзге көршілес елдермен  салыстырғанда түрікмендердің кілем тоқу өнерінің тарихы тереңде. Ресейлік шығыстанушы, этнограф Самуил Дудиннің еңбектерінде түрікмен ұлтының кілем тоқу өнері парсы халқынан да ерте қалыптасқаны және кілем тоқу техникасында да айырмашылық бар екені айтылады. Біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдың ортасына тән кілем тоқыған көне жабдықтар түрікмен даласынан табылған. 

  Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы  

Отбасы – ошақ қасы

Түрікмендер үшін отбасын құру – жеке тұлға тәрбиелеудің басты факторы. Олар әркез өзгеге үлгі болу үшін үлгілі отбасыларын, әсіресе аузы дуалы қараиялардың ақылына жүігініп, өмірден білген-түйгенін, ақылын айтып отыратын үлкендерді қатты құрметтейді. Балаларын да солай тәрбиелейді, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету -  түрікмен отбасының басты құндылығы. Қария отырған жерде жастар әдептілік сақтап, оларға құрмет көрсетіп, ақыл-кеңестеріне құлақ түреді. «Менің арым, менің отбасымның беделі, ол дегеніміз бүкіл ұлттың беделі» деген ұстанымды әрбір түрікмен отбасы берік ұстанады.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Білім жүйесі

1998-2000 жылдары елде орта білім беру жүйесі қысқартылып, жаңа жүйеге сәйкес мектептегі білім 9 жыл, ал жоғары білім екі жыл деп бекітілген болатын. Жоғары білім алушылар қосымша екі жыл тәжірибеден өтуі тиіс болған. Кейіннен Гурбангулы Бердымухамедов 10 жылдық білім жүйесін кері қайтарып, жоғары оқу орындарында 4 немесе 5 жыл білім алатындай етіп қайта өзгерткен. Тәуелсіздігін алғаннан кейін тіл кеңістігін кеңейтсе де, орыс тіл ұлтаралық тіл мәртебесінен айырылып, қолданыс аясы шектелді.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Асыл діні – ислам

Ислам дінін ұстанатындар 89%, христиан 9%, өзге дін ұстанушылар 2% құрайды. Ислам дінін ұстанатын имам, молла, дінбасыларының жұмысын мемлекет басшысы тікелей қадағалауда ұстайды.

Түрікмен мәдени орталығы

Қазақстандағы Түрікмен мәдени орталығы үш бағытты жұмыс істейді. Этномәдени бағыт, этностардың ішкі мәселесін шешу сондай-ақ аймақтардағы түрікмен орталықтарымен тығыз жұмыс атқаратын.  Аймақтарды атап айтсақ, Астана, Маңғыстау, Қарағанды және Қостанай қалаларында мәдени орталықтар бар. 

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы  

Қазақстанда жыл сайын Түрікменстанның мәдени күндері тойланады. Екі елдің мәдени және интеллегентті өкілдері қатысатын Форумы бар. Аталмыш мерекенің ашылу салтанаты Алматы қаласында өтіп, Түрікменстанның өнерпаздары өнерлерін ортаға салған гала-концертпен тәмамдалған болатын. Әбілхан Қастеев атындағы музейде Түрікменстан Ұлттық музейінің көрмесі өтіп, Кино үйінде олардың бірнеше төл фильмдері көрсетілді. Ғабит Мүсірепов музейінде «Парфианская любовь» спектаклі болды.

Түбі бір түркітілдес түрікмен этносы

Ал, 2012 жылы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасына 20 жыл толуына орай салтанатты шара өтіп, қос мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердымухамедов қатысқаны белгілі.

Қазақстанда түрікмен қорлары мен «Ватан» атты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Бұл мекемелердің мақсаты – достық пен бірлікті ту етіп, ұлтаралық татулық пен ынтымақты насихаттау сондай-ақ өздерінің ұлттық мәдениетін дәріптеу.

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды.)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға