«Сырты бүтін» атты жаңа отандық сериал жарық көрмек
Көктемнің алғашқы күндерінде «Астана» арнасында жаңа жобаның тұсауы кесіледі. Көрермен назарына «Сырты бүтін» деректі драмасы ұсынылмақ.
«Сырты бүтін» – қойылымдық көрініске толы драмалық деректі сериал.
Жоба 20 сериядан және оның әрқайсысы 25 минутқа созылады.
Отандық тележобаларды тұрақты көріп жүрген көрерменнің ойында «Мұның өзгелерден ерекшелегі неде?» деген сұрақ еріксіз туады. Сол сұраққа жауап беруден бастайық.
«Сырты бүтін» драмасының әрбір сериясында жаңа оқиға баяндалады. Туыстар, көршілер немесе әріптестер арасындағы шиеленістер немесе әке мен баланың келіспеушіліктер және т.б.
Драма авторлары өмірде орын алуы мүмкін әртүрлі жағдайды иллюстрациялау арқылы сол жағдайлардан қалай шығу қажеттігі жайлы, қиын жағдайда ненің маңызды екендігі туралы ой қозғайды. Сценарий өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған, ешқандай жасандылық жоқ. Әрбір қазақстандық көрермен хикаяны тамашалай отырып, сол хикаядан өзін көре алады.
Жоба авторларының айтуынша, осыған дейінгі отандық драмаларда сценарий жазуда батысқа еліктеушілік қатты байқалған. Мысалы, мектеп жасындағы қыз сүйген жігітін үйіне ертіп келіп, ата-ана таныстырады да, өз бөлмесіне қондыра салады. Батыс қоғамы үшін бұл қалып жағдай болғанымен, дәстүрлі қазақ отбасындағы мұндайды ешқашан көрмейсіз. Нәтижесінде әлгі драма шынайы болмай қалады.
«Сырты бүтіннің…» тағы бір ерекшелігі – мұнда көбіне-көп жаңа актерлар тартылған. Рейтингісі жоғары болсын деген оймен әдетте фильм не сериал авторлары танымал тұлғаларды, әншілерді, актерларды шақырып жатады. Әрине, мұндай тактика ұстанудың өзіндік артықшылығы бар шығар, дегенмен бір нәрсе анық: экраннан көріп жүрген адамның драмадағы рөліне сену қиын. Мәселен, танымал эстрада әншісі такси жүргізушісі болып ойнаса, бәрібір көрермен оны әнші ретінде қабылдайды, әлгі образды ойдағыдай қабылдай алмайды. Осы себепті, драманың әрбір сериясына әртүрлі жас, әлі танылмаған актерлар шақырылды.
Сценарий авторы Сержан Закерұлының айтуынша, «Сырты бүтіннің…» негізгі мақсаты – қазақ отбасының «сыртын» ғана емес, «ішін» де бүтін қылу.
Сыртымыз да, ішіміз де бүтін болсын!
Дәурен Омаров