Сыртқы сауда тауар айналымы 10 млрд доллардан асты

Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ті құрап, қаңтардағы 3,9%-ке қарағанда жеделдеген.
Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Өңірлер арасында ең жоғары өсу Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Бұл ретте Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады. Алдын ала қорытынды бойынша, ағымдағы жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 10 миллиард доллардан асты, - деді министр Нұрлан Байбазаров.
Сонымен қатар ол қаңтар-ақпанда 2 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4%-ке төмен. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді, - деді Байбазаров.
