Жаңалықтар

Сыртқы істер министрі Португалияға іссапармен барды

Сыртқы істер министрі Португалияға іссапармен барды
Фото: gov.kz 15.02.2023 10:01 3081

Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Лиссабонға сапарының екінші күні Португалия Республикасы Ассамблеясының Президенті Аугушту Сантуш Силвамен кездесу өткізді, сондай-ақ «Португалия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшелерімен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Заң шығару жиналысының басшысымен парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары егжей-тегжейлі талқыланды. М. Тілеуберді сұхбаттасушыны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен, сондай-ақ алдағы ҚР парламенттік сайлауымен таныстырды.

Өз кезегінде Португалия Парламентінің Спикері елді жаңғырту жөніндегі жоспарларды құптап, қазақстандық әріптестерімен өзара іс-қимылға үлкен қызығушылық білдірді. «Біздің елдеріміздің арасында үлкен әлеует бар, біз саяси диалогты белсенді түрде кеңейтіп, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуымыз керек. Екі елдің парламентшілері көптеген бағыттар бойынша біздің ынтымақтастығымызды тереңдетуге ықпал ете алар еді», - деп атап өтті португалдық саясаткер.

Парламентаралық достық тобының мүшелерімен достық әңгіме барысында тараптар қазақстандық парламентшілермен өзара іс-қимыл мәселелерін қозғады. Бұл топ 2022 жылдың қараша айында құрылды және Қазақстан-Португалия қатынастарын нығайту перспективалары мен жолдарын белсенді зерттеуде.

Түрлі парламенттік фракциялардың өкілдері болып табылатын Ассамблея депутаттары Қазақстанда төменгі палата мен жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудың қазіргі моделі сайлаушылардың мүдделерін жан-жақты қорғауға мүмкіндік беретінін және саяси көзқарастардың кең палитрасын қамтамасыз ететінін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша делегациялармен алмасу арқылы парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сол күні Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Португалияның ең ірі ақпараттық агенттігі Diario de Noticias-қа Қазақстан мен Португалия арасындағы екіжақты ынтымақтастық, ҚР-дағы алдағы парламенттік сайлау және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша еліміздің ұстанымы туралы сұхбат берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға