Жаңалықтар

Сыртқы істер министрінің орынбасары Грузияның Уақытша сенімді өкілі Георгий Чхеидземен кездесті

Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады
Сыртқы істер министрінің орынбасары Грузияның Уақытша сенімді өкілі Георгий Чхеидземен кездесті
Фото: gov.kz 23.07.2022 15:01 1765

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Грузияның Уақытша сенімді өкілі Георгий Чхеидземен кездесті, – деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев пен Грузия Президенті С.Зурабишвилидың Қазақстан-Грузия дипломатиялық қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына байланысты құттықтау хаттарымен алмасты.

– Е.Қоныспаев Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды және сенімді әріптесі екенін, ал Қазақстан-Грузия қатынастары өзара құрмет пен сенімге негізделгенін атап өтті. «Екі ел арасында сындарлы саяси диалог, үкіметтік деңгейде тығыз байланыс, жемісті экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық орнады, – деп атап өтті ол.

Тараптар сондай-ақ қазіргі кезеңдегі Қазақстан-Грузия ынтымақтастығының қарышты дамуын қанағаттанушылықпен атап өтті. Бұл ретте, ең кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі резервтердің бар екенін атап өтті.

Бұл тұрғыда көлік және логистика саласына, ең алдымен Кавказдағы негізгі қазақстандық инвестициялық активтер – Батуми теңіз порты мен Батуми мұнай терминалын пайдалана отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша бірлескен күш-жігер жұмсау қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Инвестициялық ынтымақтастық тақырыбын жалғастыра отырып, министрдің орынбасары Қазақстан Грузия экономикасының басқа да секторларында белсенді түрде қатысып, достас грузин халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Грузиядағы ең ірі қазақстандық инвесторлардың қатарына «ҚазТрансОйл», «Rompetrol Georgia», «KMG International» және «Грузия Халық Банкі» кіреді.

Кездесу соңында Грузия Премьер-Министрі И.Гарибашвилидің  ү.ж. 27 шілдеде Нұр-Сұлтанға жасайтын ресми сапарының дайындық барысы талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға