«Сырлы аяқтың сыны кетпес»
18 наурыз күні Алматыдағы ҚР мемлекеттік Орталық музейінде «Сырлы аяқтың сыны кетпес» атты көрме өтеді. Әз Наурыз мейрамына орай ашылатын шара ата-бабаларымыз қолданған ыдыс-аяқтар дәстүрлі дүниетанымда ерекше ғұрыптық қызмет атқаратынын көрерменге таныстыруды мақсат етеді.
Әдетте, Наурызды қарсы алатын күні жыл бойы тоқшылық болсын деп ырымдап, ыдыстарды толтырып қояды. Яғни, ол – тоқшылықтың нышаны (қазаны тоқ, уайымы жоқ), адамдардың бір-біріне деген сый-құрметін көрсетіп, жақсы қарым-қатынас қалыптастыруының (дәмдес, табақтас болу), береке-бірлікте болуының сондай-ақ, татулығының, (аяқ-табағы бөлінбеген, бір қазаннан ас ішкен), тіпті, үй тазалығының да белгісі («аяғын көріп, асын іш») және т.б.
Ыдыс-аяқ – азық-түлік өнімдерінен ас әзірлеуге және оны сақтауға, ішіп-жеуге арналған құралдардың жиынтығын білдіретін үй-тұрмыстық бұйымдар. Дәстүрлі ортада көшпелі тұрмыс талаптарына сай ыдыс-аяқ түрлері, негізінен, ағаш, тері тәрізді сынып, көп бүлінбейтін материалдардан жасалған. Сонымен бірге металдан, саз балшықтан күйдіріп жасалған ыдыс-аяқтар да ертеден қолданылып келе жатыр.
Көрмеге Орталық музей қорында қамтылған жүзге жуық ыдыс-аяқ қолданылуына қарай топтастырылып қойылады. Шарада ас-тағам әзірлеуге қолданатын қазанның, оның қосымша құралдары – кепсер, сүзгі, су қайнататын мыс құман, шәйнек, самаурын түрлерімен, тағамды сақтауға пайдаланылатын саба, мес, күбі, құмыра, шелек, торсықтармен, піскен асты құюға арналған ожау, саптыаяқ, астау, табақ, тостаған, керсен секілді ыдыстармен, сондай-ақ, дайын асты ішіп-жеуге арналған сапал ( кесе түрі), кәрлен, қасық, зерен, шыныаяқтармен танысуға болады.
Жаһандану құбылысы қазақтың дәстүрлі өмір салтына түбегейлі өзгеріс әкелгенімен, ұлт мәдениетінің негізгі сипаттары уақыт тезінен өтіп, қазақтардың бүгінгі тұрмысынан да ерекше орын алып отырғанын бүгінгі қазақ шеберлері жасаған ыдыс-аяқтардан көруге болады.
әзірлеген – Айбота Өтеулі