Жаңалықтар

Сыр елі батыр ұлы Илья Ильинді үлкен құрметпен қарсы алды (ФОТО)

Бүгін қызылордалықтар екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильинді үлкен қошеметпен күтіп алып, жеңісімен құттықтады. Мұнан соң толағай спортшыны облыс әкімі Қ.Көшербаев қабылдады.
18.11.2014 13:14 3797

Бүгін қызылордалықтар екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильинді үлкен қошеметпен күтіп алып, жеңісімен құттықтады. Мұнан соң толағай спортшыны облыс әкімі Қ.Көшербаев қабылдады.

Сыр елі батыр ұлы Илья Ильинді үлкен құрметпен қарсы алды (ФОТО)

– Бұл биіктен көрінуің үшін көп еңбектендің. Саған елің және Елбасы үлкен сенім артты. Оны абыроймен ақтадың. Көк байрағымыз көкте желбіреп, әнұран шырқалғанда қуанбаған жан болмады. Енді төрт жылдықтың басты бәсекесі Бразилияда өтетін Олимпиадада үшінші мәрте топ жаруыңа тілектеспін. Жалпы, Сыр өңірінде ауыр атлетикаға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, келер жылы Илья Ильин атындағы спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл кешен барлық халықаралық талаптарға сай болады, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Төрт дүркін әлем чемпионын жеңісімен құттықтаған аймақ басшысы толағайға жол талғамайтын «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыс етті, бапкері Тойшан Бектемірге 10 мың АҚШ долларының сертификатын табыс етті.

– Әрине, жеңіске жету оңай болған жоқ. Бәсекелестік жоғары болды. Қарсыластар тыңғылықты дайындықпен келген. Өз Отанымда топ жару басты мақсатым болды. Халқымның қолдауының арқасында бұл биіктікті бағындырдым. Менің міндетім додаларға қатысып, елге алтын әкелу болса, сіз де аймақты көркейту жолында аянбай еңбек етіп жатырсыз. Біз бірігіп қана үлкен жетістіктерге жетеміз. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз, - деді Илья Ильин.

Сондай-ақ, «Қазгермұнай» БК» АҚ басшылығы алдағы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада дайындығына демеушілік жасауға ниет білдірді.

Мұнан соң, қызылордалықтар чемпионға құрмет ретінде автошеру ұйымдастырды. Илья Ильин серпе жаттығуында 242 келіні көтеріп, рекорд жаңартқан болатын. Шеруге соған орай осыншама машина қатысты. Жібек жолы көшесінен бастау алған автошеру Абай даңғылы, Желтоқсан көшелері арқылы Орталық алаңға дейін жүріп өтті. Толағайға тарту жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен жалғасты.

Фотоларды мына сілтемеден көре аласыз.


Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға