Жаңалықтар

Сыр өңірі тарихына саяхат

Қызылорда қаласында қазан айының 15-18 аралығында өткізілген Халықаралық дала семинарына Қарағанды облысы Ұлытау ауданы «Ұлытау» қорық-мұражайы атынан қатысып қайттым.
14.11.2014 04:40 13916

Қызылорда қаласында қазан айының 15-18 аралығында өткізілген Халықаралық  дала семинарына Қарағанды облысы Ұлытау ауданы «Ұлытау» қорық-мұражайы атынан қатысып қайттым. Семинарды Алматы қаласындағы Ә.Х.Марғұлан атындағы археология университетінің бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к., сыр өңіріндегі сақ және Орталық Қазақстанда қола, ерте темір дәуірлерінің археологиялық ескерткіштерін зерттеуші, археолог Ж.Қ.Құрманқұлов және шәкірттері Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата мемлекеттік университетінің жас ғалым археолог мамандары бірлесіп ұйымдастырды. Шақырылған қонақтардың ішінде Мәскеудегі Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы университеттің профессоры Э.Д.Зиливинская, Нүкіс қаласының археологы А.Искандерова, Көкшетау мемлекеттік университетінің ұстазы, профессор, Ботай мәдениетін ашқан археолог В.Ф.Зайберт, Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің ұстаздары, археолог ғалымдар М.Қожа, С,Жолдасбай, Түркиядан келген археолог ғалымдар А.Дениз, А.Пала, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, жырау А.Алматов, Қызылорда қаласының белгілі фотографы, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Ш.М.Әбдіхалықов және «Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам» телеарналарының тілші-операторлары және т.б. археологгтар болды. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Іс-шараның бастамасы дала мәдениеті өркениетіне, оның ішінде Сырдария өзені бойындағы Қармақшы ауданына қарасты ерте дәуірдегі құнды археологиялық, архитектуралық ескерткіштерге экскурсиядан басталды. Сыр бойындағы құмды, шөлейтті, бойы сексеуіл, жыңғыл, шырмауықтар жайлаған дала – шикі кірпіштен, сонау б.з.д.  ІҮ-ІІ ғасырлардағы тарихи ескерткіштерімен қазақтың көне тарихынан сыр шертіп тұрғандай көрінеді. Жолда жаңа қалпына келтірілген Қалжан ахун медресе-мешітін аралап шыққан қонақтар Сырдария жағалауындағы оғыз дәуірінің Сортөбе қаласына келіп тоқтады. Бұл жер - өзен жағасына қамыспен байланысқан ескі қаланың қабырғалары және жан-жағындағы толған керамикалық бұйымдармен ерекшеленіп тұр. Қазіргі уақытта көне қаланы су шайып кету қаупі байқалады. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Одан соң, қаңлылар кезеңіндегі Жеті Асар мәдениетін аралап, Жалпақ Асар, Томпақ Асар, Тік Асар, Қурайлы Асар, Алтын Асар қалаларын тамашаладық. Асарлардың жалпы саны  Ж.Құрманқұловтың айтуынша,     30-дан асады. Бұл қалаларды көргенде, ескі қазақ тарихы көзге бірден елестейді. Қалалардың ара-қашықтықтары 2-3 шақырымнан жолдың екі жағында жалғасып отырады. Сондай-ақ, олар ескі бекініс-қамалдармен қоршалған. Мемлекеттен қолдауды аса қажет етіп тұрған бұл ескерткіштер, әлі ашылмай, сырын ішіне бүгіп тұрғандай. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Келесі күні экспедиция мүшелері Бәбіш молда(қос қала) қалалары, Мың арал, Сеңгір там және б.з.д. ІҮ-ІІғғ Бұланды мавзолейлерін аралады. Бұланды мавзолейіне қазіргі таңда Қызылордареставрациясының бастауымен қалпына келтірілу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көрдік. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Одан соң археологтар сапарларын Жаңа дария арнасы бойындағы жалпы көлемі 800х600 болатын, сақ дәуірінің қаласы Шірік рабатты аралауға арнады. Ұзыннан ұзақ созылып, биік қамал-бекіністермен қоршалып жатқан қаланың орталығында 2004 жылдан бері, осы экспедицияның жетекшісі, археолог Ж.Құрманқұлов қазба жұмысын жүргізіп келеді. Және қазір де сол кісінің шәкірттері ескерткіштің қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанына біз куә болдық. Қала етегіндегі Жаңа дария арнасы бойына киіз үйлерін тіккен бригада келген қонақтарды қарсы алып, арнайы дайындалған дастарханға шақырды. Қала орнынан алтын әшекей бұйымдар, темір садақ ұштары, қыш құмыралар, көптеген адам сүйектері табылып келеді екен. Бірақ ескерткіштің әлі де ашылмаған сыры өте көп. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Барлық сыр бойындағы ескерткіштерді аралап көрген қонақтар осындай тарихи-мәдени құнды мұраларды көзбен көріп, қолдарымен ұстағандарына  шексіз қуанып, таң қалғандарын жасыра алмады. Әрине, өкініштісі – ұлтымыздың көне тарихын сақтап қалуға, осылайша мән берілмей қала берсе, келер ұрпаққа еш мұра қалмасы хақ емеспе...

Екі-үш  күннің ішінде көптеген тарихи құндылықтарды көріп, тамашалаған археологтар 18 қазан күні семинардың жалғасын Қорқыт ата мемлекеттік университетінде дөңгелек столмен жалғастырды. Дөңгелек столда келген қонақтардың экскурсиядан алған әсерлері бойынша жинақталған ой-пікірлері, өзекті мәселелер және тілек-ниеттері ортаға салынды. 

Сыр өңірі тарихына саяхат

Жиын соңында, экспедиция жетекшісі Жолдасбек Құрманқұлұлы келген қонақтарға, тарихи орындарды аралап, ой-пікірлерін қосқаны үшін, ризашылығын білдіріп, ойын қорытты және университет жанынан құрылған археологиялық орталықтың, университеттің 75-жылдық мерейтойы қарсаңына ашылғалы тұрған жаңа мұражайға экскурсияға шақырды. Аталған мұражайға жаңа дизаинмен экспозиция жасалынып, сыр өңірі ескерткіштерінен жинақталған құнды жәдігерлермен толықтырылған екен. Семинарды ұйымдастырушылар жаңа мұражайдан үлкен әсер алған қонақтарды түскі дәмнен кейін, ауылдарына шығарып салды.

Сыр өңірі тарихына саяхат

Семинардан соң, қазанның 19-25 аралығында Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылына жолға аттандым. Ол жерде қазақтың көне астанасы болған, ортағасырлық Сығанақ қаласының медресе-мешітіне реставрацияға қатысып, іс-тәжірибе жинақтадым. Мешіт ХІІІ-ХҮІІғасырлардағы 2-күмбезді және 3-порталдан тұратын 4-бөлмелі  сәулетті ғимарат. Жалпы биіктігі-16м  болатын мешіт, күйдірілген кірпіштен, қалыңдығы 1,5м қабырғалардан тұрғызылуда. Мешіт реставрациясы Қызылордареставрациясының бастауымен 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Сыр өңірі тарихына саяхат

Бұл жұмысқа тәжірибе жинақтауда осы мекеменің келісімімен екінші рет қатысып отырмын. Мешіттің іргетасын қалау жұмыстарына 2010жылы, сондай-ақ, 2009 жылы Қарқаралы қаласындағы Құнанбай қажы мешітінің қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан едім. Себебі, туған жерім Ұлытаудың архитектуралық, археологиялық ескерткіштерін қорғап-сақтау үшін, келешекте  ескерткіштерге реставрация жасау арман-мақсатым. Өйткені, қазақстанның тарихи және географиялық орталығы Ұлытауда тарихи ескерткіштер өте көп. Сонымен қатар, уақыт өткен сайын, олар қорғалуды, қалпына келтірілуді аса қажет етеді. Тіпті қауіпті жағдайда тұрғандары жетіп артылады. Сондықтан, қанша реставратор жөндеу жүргізсе де, қанша археолог қазба жұмыстарын жүргізсе де, оларды қорғап-сақтауға ғасыр да жетпейді. Осы мақсатта реставрацияға қосымша, Сығанақ қаласының археологиялық қазба жұмыстарына қабырға контурын анықтауды үйренуде археолог мамандардан тәжірибе алдым. 

Бұл қалаға он жылдан бері профессор, археолог Сәйден Жолдасбаевтың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп келеді екен. Бұл жерден де адам сүйектері, керамикалық бұйымдар және т.б. құнды жәдігерлер көптеп табылуда. Дәл қазір археологтардың жұмыстары қызу үстінде. Мамандардың айтуынша, қаланың кіре-беріс қақпасы табылып, қабырғалары шикі және керамикалық кірпіштерден қаланған.

Жалпы, сыр бойында қалалардың көптеп салынуына, жерінің табиғи топырағы, сазы бірден-бір себеп. Өйткені, ол жердің топырағы, сазы – құрылыс үшін таптырмайтын шикізат.

Мен, бұл іс-сапарым арқылы, қазақстанның басқа да өңірлеріндегі тарихи ескерткіштерімен танысып, олардың қорғалып-сақталуына жүргізіліп жатқан қажетті жұмыстармен іс-тәжірибе алмасып, туған жерімнің тарихи ескерткіштерін қорғап-сақтауға және келер ұрпаққа мұра етіп қаз қалпында қалдыруға өз үлесімді қосамын деген сенімдемін. 

 

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы,

«Ұлытау» қорық-мұражайының

Архитектура бөлімінің меңгерушісі Б.Ш.Шайгозова 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға