Жаңалықтар

Сыр өңірінде күріш ору науқаны басталды

Сыр өңірінде күріш ору науқаны басталды
Фото: gov.kz 05.09.2023 19:04 791

Шиелі ауданында күрішке орақ түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыр өңірінде егін жинау науқаны басталып, күрішке орақ түсті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданы Тұран ауылдық округіндегі «Төңкеріс және К» шаруа қожалығына барып, жиын-терім жұмыстарының басталу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы диқандарға қамба қызылға толып, ырыс-несібе молынан болуына тілектестік білдірді.

Биыл облыс бойынша 193,4 мың гектарға егiс егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 4,5 мың гектар, мал азықтық дақылдар 69,2 мың гектар, қант қызылшасы 5 гектар, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 19,8 мың гектар. Негізгі дақыл – күрiш 89 мың гектарға себілген. Жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға артық. Ендігі міндет – өнімді ысырапсыз жинап, қамбаға құю, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, «Төңкеріс және К» шаруа қожалығы биыл 1050 гектар күріш еккен. Қожалықта 120 жұмысшы еңбек етеді. Қазір 50-55 центнерден өнім алынуда.
Бүгінгі таңда ерте егілген дәнді дақылдар толығымен жиналды. Оның ішінде, 4,3 мың гектар күздік бидайдан 7 мың тонна өнім алынды. Ал 4,4 мың гектар жаздық бидайдан 3,2 мың тонна, 365 гектар жаздық арпадан 209 тонна, сұлыдан 7 тонна өнім жиналды.

Биыл ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қолындағы 4239 техника (1816 трактор, 842 комбайн, 453 жатка, 333 автомашина және 795 трактор тіркемесі) күзгі дала жұмыстарына қатысады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 1,4 млрд. теңгеге 49 техника сатып алды. Егін жинауға 9,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға