Сыр өнері Еуропада сахналанды

Халық арасында «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің орайы тектен-тек айтылмаған. Өйткені Сырдың бойындағы жыраулық өнер, мақамдар үлгісі, жыршылық поэзияның тамыры тереңде жатыр. Арғысын қайдам, ІХ-Х ғасырларда Оғыз Қыпшақ кезеңінен бастау алатын өркениет пен мәдениеттің ізі әлі сайрап жатыр.
Бұл Қорқыт бабамыздан жалғасқан өнер жолы десек жаңылмаймыз. Осындай бай мұрамызды Еуропа жерінде таныстыруға жақында мүмкіндік туды. Біз делегация жетекшісі, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейіловпен сұхбаттасып, сапар барысындағы ізгі істерді саралап көрдік.
El.kz: Жанмұрат Жақсымұратұлы, кең көлемдегі сапар біраздан бергі өнер керуені деп білемін. Еуропа сахналарының әсері қалай болды?
Жанмұрат Сейілов: Алдымен мұндай мүмкіндік жасаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауына өнер ұжымдары атынан зор ризашылығымды білдіремін. Сонан соң Қазақстанның Финляндия, Эстония, Испания мемлекеттеріндегі елшіліктерінің ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Негізінен түркі әлемінің төл мерекесі – Наурыз мейрамында (24-28 наурыз аралығы) қызылордалық өнерпаздар Еуропа мемлекеттерінде Сыр елінің мәдениет және өнер күндерін өткізді. Өзіңіз айтқандай, эстрада кең қанат жайған жанр болса, біз мейлінше, фольклор және классикалық өнерді жаңғыртуға тырыстық. Сондықтан болар, тыңдарман қауым жылы қабылдады.
El.kz: Хельсинки, Таллин, Мадрид қалалардағы сапар барысында Қызылорда облысының өнері қаншалықты бағаланды? Көрерменнің талғамынан шыға алдыңыздар ма?
Жанмұрат Сейілов: Әрине, өнерге құрмет ерекше бағаланды. Халықтың қошеметі айрықша көрінді.
Хельсинки, Таллин, Мадрид қалаларында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, классикалық музыка шеберлері Самал Байсейітова, Сымбат Тасбергенова, Ақылбек Табынбаев, Мағжан Аманжолов, Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыраулық дәстүрдің жарқын өкілдері Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, Бағдәулет Қарғабаев, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қазақ өнерінің туын Еуропа төрінде желбіретті.
El.kz:Қазақ әндеріне, оның ішінде ұлттық фольклорға, көмеймен жырлау үлгісіне шетелдік өнер қайраткерлері мен әнсүйер қауымның ықыласын ояту шеберлігімізге тоқтала кетсеңіз...
Жанмұрат Сейілов: Сыр бойында сақталған жыраулық, жыршылық дәстүр, көмеймен жырлау мақамдар кімді де болса қызықтырады. Өнер адамдарының шеберліктеріне тәнті болды. Әсіресе, мерекелік концерт «Жарапазан», «Шашу» сынды ұлттық дәстүрлерімізден бастау алып, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» әні орындалды. Шарада үш мемлекеттегі - Қазақстанның Финляндиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Азамат Әбдраймов, Қазақстанның Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі Алтай Көлгінов, Қазақстанның Испания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Данат Мұсаев және Испанияның Леганэс қаласы әкімінің бірінші орынбасары Дэльгадо Карлос сөз сөйлеп, Сыр өнерпаздарын алғыс білдірді. Шараға Финляндияда 500 адам, Эстонияда 200-ден астам, Испанияда 200-ге жуық көрермен, оның ішінде қазақ диаспораларының өкілдері, мәдениеттанушылар, сол елдерде білім алып жатқан студенттер қатысты.
Талғамы биік тыңдаушыларға қазақ мәдениетінің жауһарына айналған Қ.Мырзалының «Күлтегін» жырынан үзінді, Ақ Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп», Нұртуғанның «Жырауларға өсиет», «Нартайдың бастауы», Тұрмағамбеттің «Тәлім», Ықыластың «Кертолғау» жырлары, Қорқыттың «Сарын», Ә.Қазақбаевтың «Жаппас қобыз-домбыра», Н.Тілендиевтің «Аққу», М.Бердіқұловтың «Ақсауыт», Е.Тоқсабанның «Оспан батыр» шығармалары ұсынылды.
Сондай-ақ, халық әндері мен композиторларының туындылары, ақын «Арнауы» орындалды. Көктем мерекесіндегі айрықша кеш Т.Сарыбаевтың «Наурыз-думан» әнімен түйінделді.
El.kz: Ел мен жер көру өнер адамы үшін жаңа тыныс алуға жетелейді. Тәжірибе алмасулар, үлкен сахна мәдениеті қандай леп қосты деп айта аласыз?
Жанмұрат Сейілов: Мұндай сапар шеберлікті шыңдайды. Сондықтан пайдасы мен тиімділігі зор. Еуропа сахналарының ерекшелігі сонысымен үстем. Ел мен жер көру кімге болса да жақсы дүние, ал онда өнер көрсету адамды екінші қырынан ашады. Тыныс кеңейіп, жансарайы толығады.Міне, сахна мәдениетіне қосылған жаңаша леп деп осыны айтамын.
El.kz: Сіз делегация басшысы ретінде пікіріңізді білсек. Жалпы, Сыр өнерінің артықшылығы мен жетістігі қалай?
Жанмұрат Сейілов: Сырдың бойы ежелден шежірелі өңір. Қойнауына қатпар-қатпар тарихтың тұнбасы біткен, халқының жүрегіне ән-жыр ұялаған мекен. Сан ғасырлар бедерінде әлем мәдениетінде зор маңызға ие болған Ұлы Жібек жолының алтын бесігіне айналған Қызылорданың келбеті жаңғырып, мәдениеті мен руханияты жаңа белеске көтеріле берсе деген тілегім бар. Жалпы, бабалардың көш керуені Шығыс пен Батысты қалай жалғаса, бүгінгі өнер иелері сол рухани дәстүрді жалғастырды.
El.kz: Сұхбат бергеніңіз үшін үлкен рахмет!
