Сыр бойында күріштің 12 сорты егіледі
![Сыр бойында күріштің 12 сорты егіледі Сыр бойында күріштің 12 сорты егіледі](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/141971/1200xauto_norGILMDtXm48x7aNNh26syWSA65ZFExBhJfQ4OH.jpg)
Дарияны жағалай отырған Қызылорда облысының елдімекендері үшін күріш алтынмен пара-пар. Өйткені күріш егілмесе топырақ тұзданып, сор басады. Бір-екі жыл егусіз қалған жер тіпті айналымнан шығып, жабайы қалыпқа түседі. Оның үстіне жергілікті халық диқаншылықты атакәсіп ретінде қабылдаған. Онсыз өмірі бекер. Сондықтан аграрлы Сыр өңірінде күріш негізгі дақыл деп есептеледі.
Сол күріштің келісі бүгінгі базар бағасымен 350-400 теңге аралығында болса, бұл тұтынушыға тиімсіз болғанмен, диқан үшін өте құптарлық жағдай. Себебі, бағаның өскенін олар еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі ретінде қабылдайды. Әрине, бұған ешбір дауымыз жоқ, алайда бұл баға төңірегінде де біршама ой тарқатуға тура келеді. Ендеше, сіз тыңдаңыз, біз айтуға кірістік.
Алдымен сарапшы мамандардан бір келі күріштің өзіндік құнын сұрағанда, олар ақталмаған қара күріш салысы 123 теңге, нарықтық сату бағасы 392 теңге деп жеткізді.
Жалпы айтқанда, өткен жылы қызылордалық диқандар 85 600 гектар күріштіктің әр гектарынан 58 центнерден өнім алып, одан жарты миллион тоннаға жуық астық жинаған. Бұл ретте «осынша өнім қайда кетуде, қалай реттелуде?» деген сауалдың жауабын басқарманың жауапты өкілі Нарқыз Орданбайдан алдық.
Нарқыз Орданбай: Қазір Қызылорданың күріші ішкі нарықты қамтып қана қоймай, аймақтан экспортталатын өнімнің 92,3 пайызын күріш құрап отыр. Өнімді Ресей, Беларусь, Азербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттері сатып алады.
Есепті кезеңге 60 324,3 тонна күріш өнімі экспортталып, жалпы бағасы 26,0 млн. АҚШ доллары шамасында болды.
El.kz: Енді биылғы күріш көлемі қалай болады, өткен жылдан өзгеріс бар ма?
Нарқыз Орданбай: Ауыспалы егіс тәртібіне сәйкес биыл 85,9 мың гектар жерге күріш дақылын егу жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 354 гектарға артық.
Дегенмен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы тарапынан егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта қаралатын болады.
Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшелігіне сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы тек суармалы егіншілікке негізделген. Облыста барлығы 268,7 мың гектар суармалы жер болса, оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктер.
El.kz: Жылдағы дәстүр бойынша күріш сорттары сол күйі сақтала ма?
Нарқыз Орданбай: Біздің өңірдің күріш өсіру бағытында жоғары репродукциялы тұқымдарды 100 пайызға пайдалануға қол жеткіздік. Биылғы жылдың егісіне 22230 тонна күріш тұқымы дайындалды. Тұқымның 3 пайызы отандық, 87 пайызы ресейлік, ал, қалған 10 пайызы украиналық сорттар. Негізінен күріш тұқымының 12 сорты егіледі. Оның ішінде, отандық сорттардан «Маржан», «Сыр сұлуы», «Айкерім», «Айсара» сорттары, ресейлік «Лидер», «Янтарь», «Каурис», «Яхонт», «Патриот» сорттары және украиналық «Премиум», «Виконт», «Маршал» сорттары бар.
El.kz: Өткен жылғы жетістікті биыл қайталай аламыз ба?
Нарқыз Орданбай: Биыл күріш атыздарында лазерлік тегістеу жүргізуді 60 мың гектарға дейін, су үнемдеу технологияларын 9,2 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Лазерлік тегістеу жүргізу арқылы суды үнемдей отырып, өнімділікті 30 пайызға дейін көтеруге болады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаулардың арқасында облыстың машина-трактор паркі тұрақты жаңарып келеді. Соның арқасында 250 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-трактор паркі 5%-ға жаңартылды. Биыл бұл көрсеткішті 6,5%-ға жеткізу жолы қарастырылуда.
Ең үлкен көмек, көктемгі дала және егіс жұмыстарын жүргізуге 10,0 мың тонна арзандатылған дизель отынымен, 64,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етілетін болады.
Ел ырысы саналатын сары алтынды барынша нарық заңдылығына бейімдеу үшін оның тұқымы сапалы болуы керек. Дәл осындай тәуіп тұқым дайындауға республикадағы жалғыз институт – Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының үлесі зор. Біз аталған институттың тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Айдос Жалбыровқа жолығып, күріш шаруашылығын дамытуға байланысты ойымызбен бөлістік.
El.kz: Күріш институты ғалымдары тарапынан биыл және өткен жылдарда қандай күріш сорттары дайындалуда және дайындалды?
Нарқыз Орданбай: Күріш институтының селекционерлері күріштің жаңа сорттарының домалақ пішіндегі жапоника түрінен шығарып келеді. Ең соңғысы – «Айсара» сорты. Ол ерте пісетін сорт болып есептеледі.. Институт ғалымдары жаңа сорт шығару үшін ізденіс үстінде. Соңғы жылдары күріштен жаңа сорт шығару мәселесі күрделеніп келеді. Оған негізгі себеп, біріншіден, жаңа сортты шығару үшін ұзақ жыл уақытты талап етеді. Екіншіден, елімізде ғылымды қолдау қаржысы өте аз. Соған сай институттың материалдық-базалық жағдайы жаңарған жоқ. Сондай-ақ селекционер ғалымдар мен мамандардың азаюы немесе тұрақтамауы себеп болып отыр.
El.kz: Сыр өңірі топырағына қай күріш сорттары тез жерсінеді?
Нарқыз Орданбай: Арал өңірі әлемдегі күріш өсетін аймақтың ең солтүстігінде орналасқан. Отандық сорттардан басқа, бізде көрші орналасқан Өзбекстанның сорттары бізде піспей қалады, себебі олардың вегетациялық кезеңі ұзақ болып келеді. Бізге жерсінетін шетелдік сорттардан ресейлік және украиналық сорттар, Италияның 1-2 сорты біздің климатқа бейім. Ол сорттардың пісетін күндері біздің сорттармен салыстырғанда ұзақтау болып келеді. Ал, қытайдың және түріктердің сорттары қазір сынақтан өткізіліп жатыр.
El.kz: Қазір тозығы жеткен тұқымға қай сортты атай аласыз?
Нарқыз Орданбай: Ұзақ жылдар бойы егіліп келе жатқан «Лидер» сортын айтуға болады. Ол соңғы кездері ауруға бейім болып кетті. Бірақ, өнімділігі жоғары болғандықтан егістікте әлі де егіледі. Айта кету керек, біздің өңірге күріштің прикуляроз ауруын ала келген осы сорттар болды. Егіліп келе жатқан отандық «Маржан» сорты прикуляроз ауруына шалдығып, бәсекеге қабілеттілігін азайтып алды.
El.kz: Күріштің ең қысқа (неше күнде) уақытта пісетін сорты қайсы?
Нарқыз Орданбай: Күріш ғылыми-зерттеу институтында ерте пісетін сорттар шығарылды. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда қолданыста бар «Айсара» сорты. Ол егіліп жатқан басқа сорттарға қарағанда 10-15 күн ерте піседі. Яғни, оның пісу уақыты 102-105 тәулік. «Айсара» сортының ерекшелігі – ұзын дәнді indica түріне жататындығында және бұл Қазақстанда алғаш рет шығарылды. Бұл сорттан да өте ерте пісетін «Ару» күріш сорты бар. Оның вегетациялық кезеңі 90 күн ғана. Бұл сорттың шыққанына 10 жылдың көлемі болды. Ерте пісетін күріш сорттары орташа және кеш пісетін сорттарға қарағанда өнімділік төмен болады. Сондықтан, қазіргі таңда «Ару» сорты қолданыста жоқ.
Р.S. Біздің білуімізше, Қызылорда облысында көктем кеш шығып, күз ерте түсетіндіктен климатында өзгеріс көп. Сол себепті 125 күнде пісетін ресейлік «Лидер» сортының өсіп-өну мерзімі ұзақ. Ал, «Маржан» сорты 110-118 күнде піседі. «Сыр сұлуы» 105-110 күнде дайын болады. Бұл сорттың «Лидермен» салыстырғанда, түсі аппақ және көлемі ірі болып келеді. Мәселен, «Лидердің» мың дәнінің салмағы 31-32 грамм болса, «Сыр сұлуы» 36-40 гр дейін барады. Яғни, мұның өнімділігі өте жоғары.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)