«Сыни мақалаларды көбейту керек»: Бибігүл Жексенбай журналистиканы қалай дамыту керегін айтты
![«Сыни мақалаларды көбейту керек»: Бибігүл Жексенбай журналистиканы қалай дамыту керегін айтты «Сыни мақалаларды көбейту керек»: Бибігүл Жексенбай журналистиканы қалай дамыту керегін айтты](/storage/storage/element/2025/02/06/mainphoto/141446/1200xauto_4yUAtum6SM0x8UywLPQSMY4Cd4Uj3NeoOdcysGzk.jpg)
Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына қатысты бірнеше маңызды ұсыныс жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сенатордың айтуынша, өңірлік БАҚ алдында бірқатар күрделі мәселелер бар. Олардың ішінде контенттің бірсарынды болуы, әлеуметтік желілермен бәсекелесе алмауы және аудиториямен өзара байланысының әлсіздігі ерекше атап өтілді.
Көптеген жергілікті газеттер цифрлық форматқа көше алмағандықтан, ақпараттық кеңістікте белсенді азаматтар мен блогерлер дәлелденбеген мәліметтер таратып жатады. Бұл қоғамның билікке, оның ішінде Президентке деген сеніміне кері әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар, редакциялардың әкімдікке тәуелділігі салдарынан сыни мақалалар жазылмайды, керісінше, жергілікті атқарушы билікті мадақтауға басымдық беріледі.
Осыған байланысты Бибігүл Жексенбай жергілікті БАҚ-тың рөлін күшейту және олардың тиімділігін арттыру мақсатында Ақпарат министрлігіне келесі ұсыныстарын жеткізді:
- Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігін арттыру;
- Облыстық және аудандық газеттерді толық мемлекеттік бақылаудан шығару, олардың қаржылануын жарнама, жазылым және демеушілік есебінен жүзеге асыру үлесін ұлғайту;
- Мемлекеттік тапсырыс алатын БАҚ-тарға әлеуметтік мәселелерді кеңінен жариялау міндетін енгізу;
- Қоғаммен тікелей кері байланыс орнату, интерактивті айдарлар ашу (мысалы, "Халық үні" арнайы беті);
- Әлеуметтік желілерде ресми парақшалар жүргізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беру, Telegram және WhatsApp чатын құру арқылы халықтың мәселелерін жедел көтеру;
- Контент саясатын жаңғырту, ақпараттық материалдарды тек ресми жаңалықтармен шектемей, қарапайым азаматтардың өмірі мен олардың мәселелерін қамтитын мақалалар жариялау;
- Журналистік зерттеулер, сараптамалық материалдар мен сыни мақалаларды көбейту;
- Жергілікті атқарушы органдарға сұрақ қойып, олардың шешімдерін қоғам алдында ашық талқылау тәжірибесін енгізу;
- Аудан әкімдіктерінің қолдауымен дарынды жастарды журналистика мамандығы бойынша оқытуға жағдай жасау және оқуын аяқтаған соң туған өңірінде БАҚ саласында жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- Мемлекеттік тапсырыс алған компанияларға журналистердің жалақысын көтеруді міндеттеу;
- БАҚ-тың әлеуметтік желілермен ықпалдастығын арттыру, басылымдарды тек қағаз форматта емес, Instagram, Facebook, Telegram секілді платформаларда белсенді ету;
- Оқырмандарды қызықтыру мақсатында қысқа видеолар, инфографика мен репортаждар әзірлеу;
- Жергілікті журналистердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге арналған тренингтер өткізу;
- Сапалы әрі батыл журналистиканы дамыту үшін арнайы гранттар бөлу.
Бұған дейін Бибігүл Жексенбай отандық медианың қазіргі жағдайына тоқталып, саладағы жүйелі мәселелерді шешу қажеттігін атап өткен болатын.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)