Жаңалықтар

Сымбаттылықты сақтаймын десеңіз...

Сымбаттылықты сақтаймын десеңіз...
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 16.06.2023 22:38 1112

Бүгінгі қоғамда денсаулығыңа мән беру, сенімділік, өз-өзіңе көңіл бөлу, біліміңді жетілдіру, даму туралы жиі айтылады. Ол үшін уақытыңызды тиімді пайдаланып, жоспар құрып алған дұрыс. Ал сенімділік үшін сымбатты болудың да маңызы орасан. Осы орайда бүгін біз назарларыңызға сымбатты болуға арналған бірнеше кеңесті ұсынамыз, өзіңізге керегін түртіп алыңыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бойыңызды тік ұстаңыз

Күнделікті күйбең тірлікпен дененің сымбаттылығын сақтауды ұмытып кетіп жатамыз. Мұның соңы неге апаратынын өздеріңіз де білесіздер. Ендеше жағдай ушықпай тұрғанда, бүгінгі кеңестерімізге көз жүгіртіп, денеңізді тік ұстауды қадағалаңыз.

1. Ең алдымен тік тұрып суретке түсіңіз де, өзіңізді сырттан байқап көріңіз. Сіз расымен де тік тұрсыз ба? Құлағыңыздан бастап, аяғыңызға дейін түзу сызық жүргізіңіз. Сіз тік тұрған болсаңыз, сызық құлақтың ортасынан басталып, беліңіз бен тізеңізден өтіп, артынша тобыққа келіп тірелуі тиіс. Тексеріп көрдіңіз бе? Келмей тұр ғой? Сондықтан төмендегі тізімді оқып шығыңыз.

2. Келесіде қателіктеріңізді мойындап, тік тұруға тырысып, тағы да бір суретке түсіңіз. Тік жүру еш уақытта беліңізге ауырлық түсіріп, қиындық тудырмайды. Ауырлық арқаға түспей, керісінше, салмағыңыздың аяғыңызға дұрыс түсуін қамтамасыз етеді. Әдетте біреулердің иығы алға шығып кетсе, біреудің басы алға иіліп тұрады. Бұл сырт көзге жағымсыз болып көрінеді.

3. Өзіңізге көңіліңіз толмайынша суретке түсе беріңіз. Артынша тік жүруді әдетке айналдырыңыз. Жүрісіңізді түзеу сіздің ғана қолыңызда. Бұл үшін тек аз күш жұмсап, өзіңізді дұрыс бағыттай білсеңіз болғаны.

Түзу отыру

Аяғыңыздың бірінің үстіне бірі қойылмағандығына және табаныңыздың толықтай жерге тиіп тұрғандығына көз жеткізіңіз. Иығыңызды жоғары көтеріңіз. Мұндайда арқаңыздың жоғары бөлігі тегістеліп, төменгі бөлігі аз бүгілуі тиіс. Ал басыңызды иықтарыңызбен бір осьте орналасатындай етіп ұстаңыз.

Бойыңызды тік ұстап отыруды үйренген соң, аяқ айқастыру, бір шетке қарай бүгу секілді аздаған нәзіктікті де үйренуді ұмытпаңыз. Аяқты бірінің үстіне бірін қойып отыру дегенді ұмытыңыз. Дәрігерлер мұндай отырыстың күре тамырларға әсері бар екендігін айтады. Мұнымен қатар, қан айналымына да кері әсерін тигізіп, түрлі аяқ ауруларының пайда болуына себепші. Тамырларды созып, варикоздар пайда болады. Ал варикоз әдемі аяқтарыңызды зақымдап қана қоймай, денсаулығыңызға да айтарлықтай зиянын тигізеді. Медициналық зерттеулер бойынша, бұл отырыс дененің дірілдеуі мен шаншуға алып келеді.

Қай кезде де тік жүру керектігін жадыңыздан шығармаңыз. Бұл адам бойындағы сенімділікті де арттыратынын ұмытпағайсыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға